Руханият • 04 Қазан, 2019

Хат қоржын (04.10.2019)

6537 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (04.10.2019)

...үлгі тұтады

Бақша еккен жайқалтып

«Қарбыз-қауын – жаздай сауын» қағидасын ескерген Бостандық ауылының тұрғындары топтасу тәсілімен 5 гектар жерге қауын-қарбыз, картоп, асқабақ, қияр дәнін еккен болатын. Ынтымақтаса еңбек еткен Еркін Насыров пен Батыр Файзуллиннің бейнетті еңбегінің нәтижесіне риза боласың. Ауылдың дәл жанында орна­ласқан Сарыөзен бойынан 5 гектар жерді өңдеп, оның 2,5 гектарына картоп, 1,5 гектарына қарбыз, 0,6 гектарына қауын, 0,4 гектарына асқабақ пен қияр егіпті. Қастарына ауыл тұрғыны Ақан Ғұбашевті көмекке алған.

– Мен бақша егумен 5-6 жылдан бері айналысып келемін. Биыл Батыр екеуміз бірлесе егеміз деп келістік. Мамыр айында бақшаны жыртқызып, қоршап, өз қаражатымызға дән сатып алдық. Бақша егу табандылық пен еңбекқорлықты қажет етеді. Жаз бойғы еңбегіміздің нәтижесі жаман емес – қарбыз, қауын, қияр мен асқабақтың шығымы жақсы. Тек дала қояндары бақшаның жауы болып тұр. Түйнек берген дақылды кеміріп жеп тастайды. Қазір көкөністерді сатылымға шығардық. Өніміміз химиялық қоспалардан ада, табиғи таза, – деді Еркін Насыров.

Еркін ағамыз жерлестеріне тал-терек егіп, сататын бағбан ре­тінде жақсы таныс. Оның қолынан шыққан талдар ауданымыздың әр округінде жайқалып тұр. 6 мыңдай қаратерек көшеті егілген бақшасын да көрдік. Қаратеректің дәнінен бастап тал күйіне жету үшін 3 жыл уақыт керек. Ағамыз алдағы жылы жеміс ағаштарын егуді қолға алмақшы.

 

Қайрат ЖАҚЫП

 

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы

 

...қолдау білдіреді

Ұлттық ойындар – рухани қазынамыз

№11 кітапхана бөлімшесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында кітапханада ұлттық спорт түрлерінен «Рухани қазынамыз – ұлттық ойындар» атты үйірме жұмыс істейді.

Мақсаты – бабадан қалған асыл мұраларымызды, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оқырмандарды ұлттық ойындарға бет бұрғызып, төрге озуын насихаттау арқылы рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеу. Қазақ халқының ғасырдан-ға­сырға, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келген ұлттық дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыздың тарихын сақтау. Ұлттық ойын­дарымыздың бірі – асық ойыны ежелден халқымыздың дәстүрлі ойыны болып саналады. Асық ойыны адамды зеректікке, мер­гендікке, батылдыққа тәрбиелейді. Тұң­ғыш Прези­дент ма­қала­сында «ұлттық код» жайында жақсы айтылды. Материалдық бай­лыққа деген шектен тыс құмарлық рухани өміріміздің тынысын тарылтып, ұлы бабаларымыздан қалған асыл мұрала­рымызды жатжұрттықтар түгілі, өзіміз қажет­сінбейтін жағдайға жеткен сыңайлымыз.

Ақиқатын айтар болсақ, ата-бабаларымыз қалдырған рухани дүниелеріміздің мемлекеттік деңгейде насихатталуына қол жеткізуіміз керек. Ғасырлар бойы жинақталған халық қазынасын жастарға осы ұлттық құндылықтарымызбен сусындатуымыз керек.

 

А.БАЙМҰХАНБЕТОВА,

№11 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі

 

Шымкент

 

...уәж айтады

Қоғамдық орындарда қордаланған мәселе көп...

Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақтың демалушыларға ыңғайлы емес екендігі, оның аумағын бірегей коммерциялық нүктелер жайлап алғандығы жиі айтылып жүр. Сонымен бірге мұнда бірде-бір қоғамдық дәретхана қойылмағаны да қайран қалдырады. Саябақтың аты – саябақ. Оған күн сайын жүздеген демалушы мен қала қонақтары келіп-кетіп жатады. Қоғамдық дәретхана жоқ болса, олар табиғи қажет­тілігін қалай қанағаттандырады? Тіпті мұндай ақылы орын­ның өзін таппайсыз. Оған мұқтаж болған ата-аналар балаларымен бірге саябақтың 700-800 метр жердегі «Керуен-Сити» сауда орта­лығына баруға мәжбүр. Әңгіменің ашығын айтқанда қоғамдық дәретханалардың жоқтығы бір ғана орталық саябақтың кемшілігі емес, 500 мыңға жуық халқы бар тұтастай Ақтөбе қаласының мұңы деуге әбден болады.

Бұл санитарлық-гигиеналық нормаларға және тазалық пен мәдени демалыс талаптарына мүлдем сәйкеспейтін жағдай деп есептеймін. Мұндай түйткілдер еліміздің батыс өңіріндегі үлкен қалада шешіл­местей мәселеге айналып отырғаны өте өкінішті.

 

Марат КУТЕПОВ

 

АҚТӨБЕ

 

...мақтан тұтады

Барлығы домалақ болған...

Бабаларымыз тоқты ойлап таппаса да, ұшақ шығарып, көлік жасамаса да, ғаламшарды көктен көріп оған атау тақпаса да, дала заңына сәйкес ерекше өмірлік философиямен күн кешкен. Көшпендінің философиясында барлығы домалақ болған. Киіз үй домалақ, шаңырақ – домалақ, арба дөңгелегі – әрине домалақ, үстел – домалақ, ошақ – домалақ, тіпті символдары да – домалақ. Неге? Өйткені көшпенділер домалақ – өмір циклін білдіреді және оған пәлекет жоламайды деп сенген. Ал енді Алаштың атасы осыдан алты ғасыр бұрын айтып кеткен теория­ны, Батыс ғалымдары ғылыми дәлелдеп, расымен шеті қырлы затқа қарағанда домалақ қырлы затта жаман энергия болмайды деп дәлелдеп отыр. Қарапайым мысал: аласа домалақ үстелді еңбектеген бала жағалап тез жүріп кететіні бар. Үйде бәрі өзге өркениеттік қырлы үстел. Ұлымды әр қырына жеткенде ауыс­тырып отырамын. Ех, дөңгеленген дүние-ай, оның да түбі домалақ!

 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ