Аймақтар • 07 Қазан, 2019

Колледжде - жаңа атау

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау аграрлы-техникалық колледжі енді мемлекет және қоғам қайраткері Оңайбай Көшековтің есімімен аталады.

Колледжде - жаңа атау

Атырау облысының құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Оңайбай Көшекұлы – туған жерінің алдындағы перзенттік парызын абыроймен атқарған, бедел биігінен түспеген тұлға ретінде белгілі.

   -Оңайбай Көшекұлы 15 жылдан астам уақыт облыс басқарды. Басқа да жауапты қызметтерді атқарды. Табандылығы, тәжірибесі мен еңбекқорлығының арқасында көптеген жұмыстар жүзеге асты. Сондықтан да жерлестерінің ризашылығы мен ықыласына бөленді. Бүгінгі жас ұрпақ осындай тұлғалардың өнегелі өмірлерінен тағылым алып өсулері керек,-деді колледждегі салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

  Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Кəсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов та осы шараға қатысып, Оңайбай Көшекұлының Маңғыстау облысын басқарған тұста атқарған ізгі істерін айтты.

      -Ол білімді, парасатты тұлға еді,-деп еске алды Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев. –Облысқа басшылық жасаған жылдары экономиканың дамуына, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Теңіз кен орнының ашылуы, республикалық, халықаралық маңызы бар автокөлік жолдарының салынуы, жаңа ықшам аудандардың бой көтеруі де сол жылдарға тұспа-тұс келді. Елі үшін жанын аямаған, майданда да, бейбіт өмірде де адалдығынан айнымаған азаматтың атын ұлықтау – сауапты іс.

       Колледж ғимаратының алдына Оңайбай Көшековтің мүсіні қойылды. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткеріне арналған музей ашылды. Аграрлы-техникалық колледжде қазір студенттер 18 мамандық бойынша білім алады. Ал жақын болашақта білім ордасына арналған жаңа ғимарат салынады деген жоспар бар.

АТЫРАУ.