Үкімет • 09 Қазан, 2019

Семейдің кешенді жоспары іске асырылады

259 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Семей қаласына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Асқар Мамин қала активімен Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру мәселелері, сондай-ақ Абайдың 175 жылдығын атап өтуге дайындық жөнінде кеңес өткізді.

Семейдің кешенді жоспары іске асырылады

Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2025 жылға дейінгі жоспарлар туралы қала әкімі Е.Сәлімов, Қаржы бірінші вице-министрі Б.Шолпанқұлов, Ұлттық эко­но­мика вице-министрі Е.Алпы­сов, Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму вице-министрі Б.Қамалиев баяндады.

Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарында 56 іс-шараны іске асыру қамтылған, оған 260,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюд­жеттен – 98,5 млрд теңге, жергі­лікті бюджеттен – 85,5 млрд теңге, 76,1 млрд теңге көлемін­дегі жеке инвестициялар қарасты­рылған. Инвестициялар кәсіп­кер­лікті дамытуға, АӨК, тұр­ғын үй құрылысына және инже­нерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылымға, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лы­ғына, әлеуметтік және көлік ин­фра­құрылымына бағытталатын болады.

Кешенді жоспар шараларын іске асыру 2025 жылға қарай ІЖӨ 1,6 есеге арттыруға (нақ­ты мәнінде) немесе номиналды мәнінде 300 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік бере­ді. 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылады, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің көлемі 19%-ға ұлғайып, 43 млрд тең­ге­ні құрайтын болады. 133 көп­қабатты немесе 702,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру және орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізу жоспарланған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жолдардың үлесі 73,6%-дан 95%-ға дейін жеткізіледі.

«Семей еліміздің мәдени және рухани мұрасында және Қазақстанның тәуелсіз тарихында ерекше орын алады. Елбасы Н.Назарбаев бұл өңірге, Семей қаласына ерекше қамқорлықпен қарайды. Бұған дейін Елбасының тапсырмасы бойынша Семей қаласының әлеуметтік-эко­номикалық дамуының 2013-2017 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданған болатын. Осы жоспарды және басқа да бағдарламаларды іске асыру есебінен соңғы бес жылда өнер­кәсіптік өндіріс көлемі 38%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдері – 63%-ға, бөлшек саудадағы тауар айналымы – 1,6 есе, негізгі капиталға инвестициялар – 1,4 есе, бюджет көлемі – 1,8 есе ұл­ғайды. Соңғы жылдары сонымен қатар тұрғындар санының өсуін­де оң динамика байқалып отыр», деді А.Мамин.

Премьер-Министр Үкімет­тің қаланың әлеуметтік-эко­но­­ми­калық дамуына және тұр­ғын­­дардың өмір сүру сапасын арт­тыруға ерекше көңіл бө­ліп отыр­ған Президент Қ.То­­қаев­­тың тапсырмасы бойын­ша Семей қаласының әлеу­мет-
тік-экономикалық да­муы­ның 2020-2025 жылдарға ар­нал­ған жаңа Кешенді жоспарын ма­құлдағанын атап өтті.

Үкімет басшысы Кешенді жоспарда қарастырылған іс-шараларды уақтылы әрі сапалы орындау бойынша тиісті шараларды қабылдауды, сондай-ақ қаражаттардың уақтылы әрі тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы айта отырып, А.Мамин Үкіметтің халықаралық, рес­пуб­ли­калық және өңірлік деңгей­лерде 500-ден астам іс-шараны қамтитын жоспардың орындалуына ерекше бақылау орнататынын атап өтті.

«Ел Президенті мерейтойды мемлекеттік деңгейде атап өтетінімізді айтты. Абайдың ота­нына әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келеді. Сондықтан біздің басты міндетіміз – барлық жоспарланған шараларды ла­йықты түрде ұйымдастырып өт­кізу», деді Премьер-Министр.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Нұрлы жер» және ИИДМБ іске асырылуын бақылау, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Семей қаласын әлеу­меттік-экономикалық дамыту бойынша тапсырмаларын орын­дау аясында А. Мамин «Сем­Аз» ЖШС және «Daewoo Bus Kazakhstan» автомобиль құрас­тыру кәсіпорындарының жұмы­сымен, «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің салыну барысымен, сондай-ақ «Қара­ғай­лы» шағын ауданында көпқа­батты тұрғын үйлердің құрылы­сымен танысты.

 

СЕМЕЙ