Экономика • 09 Қазан, 2019

«Субкелісімшарт биржасы» – бизнес үшін жаңа мүмкіндік

190 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ұйымдастырған үшінші «Субкелісімшарт биржасында» 16,3 млрд теңгеге келісімшарт жасалды.

«Субкелісімшарт биржасы» – бизнес үшін жаңа мүмкіндік

Нұр-Сұлтан қаласында «QazIndustry» қазақстандық ин­дус­трия және экспорт орта­лығы» АҚ ұйымдастыруымен «Суб­келісімшарт биржасы-2019» өтті. Шараның мақсаты – жер­гі­лікті қамту үлесін ұлғайту, қа­зақстандық бизнесті қолдау, дамыту және ішкі нарықта олардың әлеуетін ашуға ықпал ететін тауарлар, жұмыстар және қызметтер өндірісінің мәсе­лелері бойынша кәсіпорындар арасында кооперациялық байланыс орнату.

Шараға қазақстандық ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, жер қойнауын пайдаланушы ком­паниялар, жүйе құрушы кәсіп­орындар және даму институт­тары, Инвестициялар және даму министрлігі мен мүдделі мем­лекеттік органдар қатысты.

«QazIndustry» ҚИЭО» басқар­ма төрағасы Әлішер Әбдіқадыров келісімшарт жасауға және мем­лекеттік сатып алулардағы жергі­лік­ті қамту үлесін арттыруға ық­пал ететін мұндай шараларды орта­лықтың тұрақты өткізетінін ай­та келе, «Субкелісімшарт бир­жа­­сының» іскерлік және коопе­ра­циялық байланыс орнату үшін маңызды құрал екенін мәлімдеді.

Қазақстандық өндірушілер үшін үлкен маңызы бар «QazIndustry» бастамаларының ішін­де басқарма төрағасы Дү­ние­жүзілік банкпен бірлескен жоба – Жеткізушілерді дамыту қыз­метінің іске қосылғанын атап өтті. Бұл жоба біріншіден отан­дық өндірушілердің бәсе­кеге қабілеттілігін дамытуға бағыт­тал­ған және экономиканың шикізат пен өңдеу секторында ірі тапсырыс берушілер үшін әлеуетті жет­кізушілер болуға мүмкіндік береді.

«Еуразиялық өнеркәсіптік коопе­рация, субконтрактация және технология трансфері желі­сі» жобасы бойынша белсен­ді жұ­мыс жүргізілуде, онда ғы­лым мен бизнесті, жаңа өнімді жа­сауға берілген тапсырыстар­ нәти­жесінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылауға арналған виртуалды алаңдар көзделген. Еура­зиялық субконтрактация же­лісін құру және оның толық жұмыс істеуі ЕАЭО мүше мемлекеттерде өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқыны мен көлемін арт­ты­руға мүмкіндік береді», деді Ә.Әбдіқадыров.

Биржа қатысушыларының ара­­сында «Еуразиялық топ», «Қазцинк», «Қазақмыс корпорациясы», «Қазтеміртранс», North Caspian Operating Company N.V., KAZ Minerals тобы, Karachaganak Petroleum Operating B.V., PSA Kazakhstan, «АрселорМиттал Теміртау», «АгромашХолдинг KZ», «Қостанай минералдары», «Қа­зақалтын ТКК» және машина жасау, тау-кен металлургиясы, химия, мұнай, жеңіл өнеркәсіп және бас­қа да салалардың отандық та­уар өндірушілері бар.

Биржа өткізілген үш жылда «Субкелісімшарт биржасы» өзін ірі, орта және шағын биз­нес субъектілерінің өзара іс-қи­мы­лының маңызды алаңы ретінде көрсетті. 2017 жылы «Астана ЭКСПО-2017» алаңында ұйым­дастырылған Биржада отан­дық компаниялар арасында 6 коопе­ра­циялық келісім жа­сал­ды. 2018 жылы отандық өн­дірушілердің тауарларын ішкі на­рықта жылжыту және импорт алмастырушы өндірістерді дамытуға жәрдемдесу мақсаты болып табылатын 6 үш тарапты келісім мен 2 екі тарапты мемо­рандумға қол қойылды.

Биржа-2019 қорытындысы бо­йынша KAZ Minerals тобы «ВостокЦветМет» ЖШС, «ҚАЗ Минералз Ақтоғай» ЖШС және «ҚАЗ Минералз Бозшакөл» ЖШС кәсіпорындары және отандық та­уар өндірушілер «Новопек» ЖШС, «ComTrade Product» ЖШС және «IC textile» ЖШС арасында жалпы сомасы 16,3 млрд теңге болатын келі­сімшарттарға қол қойылды.