Нұр-Сұлтан қаласында «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ұйымдастыруымен «Субкелісімшарт биржасы-2019» өтті. Шараның мақсаты – жергілікті қамту үлесін ұлғайту, қазақстандық бизнесті қолдау, дамыту және ішкі нарықта олардың әлеуетін ашуға ықпал ететін тауарлар, жұмыстар және қызметтер өндірісінің мәселелері бойынша кәсіпорындар арасында кооперациялық байланыс орнату.
Шараға қазақстандық ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар, жүйе құрушы кәсіпорындар және даму институттары, Инвестициялар және даму министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар қатысты.
«QazIndustry» ҚИЭО» басқарма төрағасы Әлішер Әбдіқадыров келісімшарт жасауға және мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыруға ықпал ететін мұндай шараларды орталықтың тұрақты өткізетінін айта келе, «Субкелісімшарт биржасының» іскерлік және кооперациялық байланыс орнату үшін маңызды құрал екенін мәлімдеді.
Қазақстандық өндірушілер үшін үлкен маңызы бар «QazIndustry» бастамаларының ішінде басқарма төрағасы Дүниежүзілік банкпен бірлескен жоба – Жеткізушілерді дамыту қызметінің іске қосылғанын атап өтті. Бұл жоба біріншіден отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған және экономиканың шикізат пен өңдеу секторында ірі тапсырыс берушілер үшін әлеуетті жеткізушілер болуға мүмкіндік береді.
«Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технология трансфері желісі» жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, онда ғылым мен бизнесті, жаңа өнімді жасауға берілген тапсырыстар нәтижесінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылауға арналған виртуалды алаңдар көзделген. Еуразиялық субконтрактация желісін құру және оның толық жұмыс істеуі ЕАЭО мүше мемлекеттерде өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқыны мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді», деді Ә.Әбдіқадыров.
Биржа қатысушыларының арасында «Еуразиялық топ», «Қазцинк», «Қазақмыс корпорациясы», «Қазтеміртранс», North Caspian Operating Company N.V., KAZ Minerals тобы, Karachaganak Petroleum Operating B.V., PSA Kazakhstan, «АрселорМиттал Теміртау», «АгромашХолдинг KZ», «Қостанай минералдары», «Қазақалтын ТКК» және машина жасау, тау-кен металлургиясы, химия, мұнай, жеңіл өнеркәсіп және басқа да салалардың отандық тауар өндірушілері бар.
Биржа өткізілген үш жылда «Субкелісімшарт биржасы» өзін ірі, орта және шағын бизнес субъектілерінің өзара іс-қимылының маңызды алаңы ретінде көрсетті. 2017 жылы «Астана ЭКСПО-2017» алаңында ұйымдастырылған Биржада отандық компаниялар арасында 6 кооперациялық келісім жасалды. 2018 жылы отандық өндірушілердің тауарларын ішкі нарықта жылжыту және импорт алмастырушы өндірістерді дамытуға жәрдемдесу мақсаты болып табылатын 6 үш тарапты келісім мен 2 екі тарапты меморандумға қол қойылды.
Биржа-2019 қорытындысы бойынша KAZ Minerals тобы «ВостокЦветМет» ЖШС, «ҚАЗ Минералз Ақтоғай» ЖШС және «ҚАЗ Минералз Бозшакөл» ЖШС кәсіпорындары және отандық тауар өндірушілер «Новопек» ЖШС, «ComTrade Product» ЖШС және «IC textile» ЖШС арасында жалпы сомасы 16,3 млрд теңге болатын келісімшарттарға қол қойылды.