Қоғам • 09 Қазан, 2019

«Парасат» журналының жағдайы қиын

1083 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға

«Парасат» журналының жағдайы қиын

Құрметті

Ақтоты Рахметоллақызы!

Таяуда Сіздің атыңызға жазушы Қ.Жұмаділовтің жазған хатына ден қойып, іле-шала жауап бергеніңізге риза болған оқырман ретінде мен де бірер ұсыныс-пікір білдіргім келеді. Ол «Парасат» журналының қиын жағдайы. Сіздің аты­ңызға хат жолдау себебіміз, «Па­ра­сат» болып өзгерген бұ­рын­ғы «Мә­дениет және тұр­мыс» журналы Мәдениет министрлігінің органы болатын. Әне бір кезде тиражы 520 мың болған «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналының қазір жабылуға шақ тұрғаны аянышты. Сәл таратып айтсақ, бірінші саны өткен ғасырдың 1958 жылғы шілде айында жарық көрген «Мәдениет және тұр­мыс» журналы халыққа ке­ңінен тарап, әр үйден табы­латын дәрежеге жеткен болатын. Бастауында Мұса Дінішев, Сапар Байжанов, Абай Бейсенбаевтай белгілі тұлғалар болған басылым 1990-жылдардан бастап қожырап, тиражы күрт азайды. Оған журнал атауының «Парасат» болып өзгеруінің де әсері болды.

Әйтсе де, бертінге дейін он шақты мың дана айналасында шығып келді. Осы күнде бір мыңнан аспайды. 1995-2008 жылдар аралығында Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, марқұм Баққожа Мұқаев басқарған тұста журнал беделін сақтап, билік өкілдері назарда ұстады. Оған журналға және бас редактор Б.Мұқаевқа берілген жоғары марапаттар, Елбасының құттықтаулары, жан-жақты қолдау-қуаттау, ықылас-пейіл, жанашырлық куә. Сол кездерде журнал жанынан көркем әдеби кітаптар шығаратын баспа жұмыс істеп, біраз автордың туындылары жарық көрді. Бірі – қазіргі Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың әкесі, белгілі жазушы Кемел Тоқаев туралы тұңғыш естеліктер жинағы. Жинақ шыққан соң, Жазушылар одағында тұсаукесер өтіп, оған бастан-аяқ қатысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы аталмыш кітап­тың редакторы ретінде ма­ған ризалық білдіріп, бір данасын қолтаңба жазып табыстады (ол сақтаулы).

Енді негізгі айтарымызға келсек, Баққожа өмірден өткен соң «Парасат» журналының жағ­дайы құлдыраған үстіне құл­дырап, бүгінде қауіпті халге жетті, жабылуға шақ тұр. Ешкімнен, еш жерден көмек-жәрдем жоқ. Баққожадан кейін болған бас редакторлар Ерғали Сағат, Серік Сары­баев журналды сақтауға бар күш­терін салды. Әсіресе, алты жыл бойы өз қаржысына шығарған Серік Сарыбаевқа алғыстан бөлек сөз жоқ. Одан кейінгі Қа­нат Төребай да сол кепті киді.

«Парасаттың» жабылуы – мен елу бес жылдан бері қызмет етіп келе жатқан – сол баяғы «Мәдениет және тұрмыс» журналы құрдымға кетіп, жойылады деген сөз. Оны да айта кетейік, тиражы бір мың данадан аспайтын бүгінгі «Парасат» журналы мазмұны, көркемдік жағынан жоғары деңгейде. Қазіргі таңда барша қазақ басы­лымының жағдайы мәз емес. Қазір республикаға таралатын кез келген басылымның тира­жы аудандық газеттерден төмен.

«Парасатты» сақтауға бола ма? Біздіңше, болатындай. Ал­дымен, шама келгенше қар­жылай көмек қажет. Одан соң, ЖШС-лердің бірінің құзырына берсе де теріс болмас еді. Басқа да мүмкіндіктерді де қарас­тыруға болар еді.

Құрметті Ақтоты Рах­ме­тол­ла­­қызы! Осынау мұң-на­­ланы Сіздің атыңызға жолдау себебіміз, бір кездегі аты дүрілдеген, әр қазақ отбасы жаздырып алып, төбелеріне көтерген «Мәдениет және тұр­мыс» журналы о баста ресми түрде Мәдениет министрлігінің органы болғанын айттық. Сол үшін дұрыс қабылдарсыз деп сенеміз. Бар үміт сізде.

 

Зәкір АСАБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері