Аймақтар • 10 Қазан, 2019

Нақты жұмыстар бар

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында Ішкі саясат және дін істері басқармасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау аясында баспасөз брифингі өтті.

Нақты жұмыстар бар

Басқарма басшысы Жанар Бектаева Жолдау аясында салада атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндап берді. «Ел Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауы аясында қала тұрғындарымен 125 кездесу өткізіліп, оған 20 мыңға жуық адам қатысты. Басқарма қалада жұмыс істеп отырған 6 саяси партия филиалы, жалпы тіркелген 400-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың ішіндегі белсенді жұмыс атқарып отырған 90-нан астам қоғамдық ұйыммен 8 бағыт бойынша тығыз байланыс жүргізуде», деді Жанар Әлібекқызы.

Сондай-ақ ол басқарма тарапынан қоғамның барлық саласын қамтыған 5 тақырып бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оларға барлығы 3600 респондент қамтылғанын айтты. Сол зерттеулер бойынша қоғам тұрақтылығына ықпал етуші факторлар ретінде азық-түлік өнімдері мен тауарлар құнының өсуі, көп балалы аналардың мәселесі және оларға әлеуметтік көмектің тағайындалуы, сыбайлас жемқорлық мәселесі және тұрғын үйге байланысты шиеленістер айқындалған. Оның сөзінше, талдау қорытындысы салалық атқарушы мемлекеттік органдарға жіберіліпті. Ал діни тұрақтылық мәселесі бойынша 400 респонденттің қатысуымен сауалдама жүргізіліп, тұрғындардың діни наным-сенімі, дәстүрлі дінге көзқарасы, радикалды діни ұйымдарға байланысты ұстанымдары сарапталған.

Жуырда қала әкімі Ерлан Айтаханов азаматтық сектор белсенділерімен ашық форматта кездесу өткізіп, ұсыныстарын тыңдап, нақты проблемалық мәселелер бойынша олардың іс-жоспары түзілген болатын. Осыған орай үкіметтік емес ұйымдармен жұмыстарды жандандыру мақсатында басқарма тарапынан «Азаматтық орталық» ашу көзделіп отыр екен. Бүгінде «ӘРЕКЕТ» жобасы аясында аталған ұйымдармен 57 іс-шара өткізіліп, 5 бірлескен жобаны жүзеге асыру қолға алыныпты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында шаһарда 172 мың адамның қатысуымен 300-ден астам іс-шара өткізіліп, «Туған жер» жо­ба­сының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде демеушілер мен меценаттар есебінен 6 жоба іске асырылыпты. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді қолдану, талаптарға сәйкестендіру жұмыстары бойынша да жұмыстар жүйеленген. Қала әкімдігінің «Shymkent.gov.kz» ресми сайтында әкімнің «Виртуалды қабылдау» блогы іске қосылып, БАҚ-та жарияланған резонансты материалдар бойынша «кері байланыс» жүйесі қолға алынды.

Қазіргі таңда қаладағы 155 БАҚ қызметіне мониторинг жүргізіліп, тиісті заң талаптары бұзылған 7 факт бойынша шаралар қабылданып, заңның орындалуы қалпына келтіріліпті. Ал жоғарыда аталған мәселелер бойынша жұмыстарды қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасына қарасты «Ақ­параттық коммуникациялық орталық», «Дін мәселелерін зерттеу орталығы», «Шымкент ақпарат орталығы», «Рухани жаңғыру кеңсесі үйлестіріп отыр.

Қуантарлығы, бүгінде Шымкент көшелеріндегі билбордтарды қазақ ойшылдары мен өмірден өткен және көзі тірі ақын-жазушыларымыздың ұлағатты сөздерімен безендіру жұмыстары қолға алынған. Нәтижесінде қаланың негізгі көшелеріне 70-ке жуық жаңа үлгідегі билбордтар орнатылыпты.

Ж.Бектаева алдағы уақытта басқарма тарапынан атқарылатын бірқатар жұмысты таныстырды. «Қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру және азаматтық институттарды дамытуда «Шырайлы Шымкент: береке басы – бірлік», «Қазақстанның дамуындағы дәстүрлі исламның рөлі», «Шымкент – мәдениет пен өркениеттің орталығы» форумдарын өткізу, «Рухани жаңғыру» қалалық кеңсесіне арнайы ғимарат бөлу, «Мегаполистегі ақпараттың рөлі» семинар-тимбилдингін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру іс-шараларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнымен қатар, қараша айында  қала әкімдігі мен ғасырлық тарихы бар республикалық «Egemen Qazaqstan» газетімен бірлесіп, Алаштың ардақтылары, қазақтың алып тұлғаларын ұлықтау мақсатында С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың 125 жылдықтарына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырамыз»,  деді басқарма басшысы.

Жанар Әлібекқызы байланыс және ақпарат саласы қызметкерлері арасында өтетін «Үздік аталымдар-2019» байқауының ережесін таныстырып, БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан және волейболдан ұйымдастырылатын спорт жарысы, «Шымкент ақпараттық орталығымен» бірлескен жоба ретінде композиторлар арасында «Шырқа, Шымкент!» ән байқауы өтетіндігін хабарлады. Сондай-ақ еліміз үшін айтулы мейрам – 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай үшінші мегаполисте фотокөрме ұйымдастырылмақ екен. Ал келесі жылға ұлы Абайдың 175 жылдығы мен ғұлама ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай әдеби эстафета, ғылыми конференция, форумдар мен дөңгелек үстелдер, пәндік олимпиадалар өткізілетіндігін жеткізді.

 

ШЫМКЕНТ