Біраз жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл ұлттық әдеби байқауға дүние жүзінің қаламгерлері өз шығармаларымен қатыса алады. Биыл да өте көп шығармалар түсіп, талқыға салынған.
Міне, солардың арасынан қазақ қаламгерінің «Вечная элегия» атты орыс тілінде жарық көрген әңгімелер жинағы «Руханият» номинациясы бойынша ерекше аталып, күміс жүлдеге лайық деп табылды.
Мұны тек қарымды қаламгердің шығармашылық жетістігі ғана емес, бүкіл ұлт әдебиетінің мәртебесі деп атаған орынды болар.
Айта кететін бір жайт, байқауға 70 елден 30 мыңға жуық адам қатысқан. Олар – түрлі номинациялар бойынша еңбектерін жолдаған ақын-жазушылар, журналистер, сықақшылар, тарихшылар, экологтар, аудармашылар, ғалымдар. Сонымен қатар қазылар алқасы құрамына да жүзге жуық белгілі тұлғалар тартылған. Биылғы Ұлттық әдеби байқауға 1 қаңтар мен 15 қыркүйек аралығында келіп түскен туындылар ішінен қазақстандық қаламгерлердің де оза шауып, бәйге алуы жұртшылық тарапынан әдебиет саласындағы айтулы оқиға ретінде бағалануда.
Біз қазақ қаламгерін халықаралық марапатқа ие болуымен шын жүректен құттықтап, алдағы шығармашылық жұмыстарына сәттілік тілейміз!
Қаршыға КҮЛЕН