Модератордың айтуынша, кеңестік кезеңде қаламгердің белгілі бір шығармасын қылқаламды серік еткен суретшінің көзқарасымен баяндап шығатын дәстүр болған. Қаламгер мен суретшінің рухани тандемінен туған бұл дәстүр кейін мүлдем үзіліп қалды. «Үш арыс» кітабы осы дәстүрді қайта жалғап, өткен ғасырдағы және қазіргі кезеңдегі белгілі отандық суретшілердің нәубет құрбаны болған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің шығармаларын оқи отырып салған туындыларын осы кітап-альбомға жинақтаған. Жобаның ерекшелігі – әдеби туындыны қылқалам шеберінің көзімен тану, көрнекті жазушының әдеби шығармаларын көркемсурет, кескіндеме өнері арқылы паш ету. Осы жоба негізінде оқырман қолына тиіп отырған жаңа жинақ баспа ісінің соңғы технологиясы негізінде сапалы дайындалуымен көз тартады. Сәкен мен Ілияс өлеңдерінің, Би-ағаның ескірмейтін, өміршең әңгімелерінің желісімен салынған суреттердің маңызы мен мазмұнының әралуандығы арнайы сөз етуге тұратын жеке тақырып болуға лайық. Әбілхан Қастеев, Үкі Әжиев, Салихитдин Айтбаев, Құрманғазы Ақашев, Әубәкір Исмайылов, Сергей Калмыков, Қанафия Телжанов, Әмен Қайдаров, Мағауия Аманжолов, Кәміл Шаяхметов, Жаңатай Шәрденов, Николай Хлудов, Орал Таңсықбаев, Нұрбек Таңсықбаев, Ғали Мырзашев, Жеңіс Кәкенұлы, тағы басқа белгілі суретшілердің туындылары қаламгер шығармаларының мазмұнын толықтыра түскен.
Кітап-альбом Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының тапсырысымен «Central Asia Production» компаниясы тарапынан қазақ және орыс тілдерінде Германияда басылды. Неміс елінде өткен баспа өнімдері арасындағы байқауда бірінші орынды иеленген осы компанияның директоры Берік Барысбеков кітапты жарыққа шығару жұмысы туралы баяндап берді. Мұрағаттарды іздеу, архив, музей материалдарын саралау, тарихи көркемсуреттерді жаңғырту және аударма жұмыстарын аталған компания іске асырған. Шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Ілияс Жансүгіровтің тұтас өмір жолымен таныстыратын «Халық өмірінің қаһарман жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
АЛМАТЫ