Үкімет • 11 Қазан, 2019

«Ақылды қалаларды» дамыту − әлем елдеріне ортақ міндет

31 реткөрсетілді

Елордада қалалық туризмді дамытуға арналған VIII UNWTO жаһандық саммиті өтуде. Айтулы шара «Ақылды қалаларды» дамыту тақырыбына арналып, онда мегаполистердегі өзекті мәселелерді шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновациялар мен технологиялық жетістіктер жай­лы кеңінен сөз болды.

Туризм – тиімділігі жоғары сала

Саммитке қатысқан Премьер-Ми­нистр Асқар Мамин бүгінде туризм үле­сіне әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 10%-ы, ин­вестициялардың 7%-ы, жұмыс орын­­да­рының 10%-ы және барлық салық түсім­­дерінің 5%-ы тиесілі екенін атап өтті.

– Қазақстанның туристік секторы соңғы 10 жылда орта есеппен 7%-ға өс­ті, бұл экономиканың қалған бөлігін­дегі өсу қарқынынан шамамен 3%-ға жоғары. Туризм біздің экономика­ны әртараптандырудың маңызды фак­торларының біріне айналуда. Бұл салада өндірілген ІЖӨ үлесі 10 жылда  екі есеге өсті, – деді Үкімет басшысы. А.Маминнің айтуынша, 2019-2025 жылдарға арналған туризм жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Онда туризмнің ІЖӨ-дегі үлесін 8%-ға арттыру және экономиканың жетекші 5 саласының біріне айналдыру көзделген. Бағдарламаны іске асыруға шамамен 4 млрд доллар қарастырылған. Оның 70%-дан астамы – жеке инвес­тициялар есебінен. Туристік секторда жұмыспен қамтылған қазақстандықтар саны 50%-ға немесе 650 мың адамға дейін артады деп күтілуде. Шетелдік туристер ағымы үш есе артып, 9 млн адамнан аспақ. Сөйтіп межеленген міндеттер нәтижесінде Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 50 туристік бағыттың қатарына қосылуға тиіс.

Қалалық туризмді дамытудың негізгі орталығы болып Нұр-Сұлтан қаласы айқындалған. Бұл шаһар соңғы 20 жыл ішінде аймақтық ірі экономикалық, қаржылық, көлік және мәдени орталықтардың біріне айналды. Бас қаланың республикалық ІЖӨ-ге қосқан үлесі 10%-дан асады. Елорданың негізгі капиталына салынған инвестициялар 26 есеге артып, 9 трлн теңгені құрады.

– Нұр-Сұлтан қаласы ‒ цифрлы және зияткерлік технологияларды енгі­зу­дегі жетекші күш. Еуропаның алдың­ғы қатарлы қалаларының табыс­ты тә­жірибесіне негізделген «Ақылды Аста­на» тұжырымдамасында білім беру, ден­саулық сақтау, көлік, коммуналдық қыз­мет, инфрақұрылым салаларында ‒ жергілікті халықтың тұрмыс сапасына және келушілердің қаланы қабылдауына әсер ететін салаларға озық технология­лар мен жасанды зердені енгізу қа­растырылған. Осы жетістіктердің нәти­жесінде қала аймақтағы іскерлік және MICE-туризмінің (кездесулер, конференциялар, көрмелер және т. б.) жетекші орталығы ретінде танылуда, – деді А.Мамин.

 Нұр-Сұлтан іскерлік қалаға айналды

Алқалы жиында сөз алған қала әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік бағыттан іскерлік және туризм орталығына айналғанын тілге тиек етті.

– Әлемдік деңгейдегі мұндай ірі шара Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Біз үшін бұл − үлкен мәртебе. Жалпы, елордамыздың қалыптасуы мен дамуы Елбасының есімімен тығыз байланысты. 21 жылда елорданың аумағы үш есеге ұлғайды. Халық саны кезінде 280 мың болса, қазір 1 миллионнан асып түсті. Нұр-Сұлтан жастар қаласы болып саналады. Мұнда халықтың 700 мыңға жуығы – 35 жасқа дейінгі жастар. Сонымен бірге елордамыз әкімшілік қаладан іскерлік және туризм орталығына айналып келеді, − деді А.Көлгінов. Қала басшысының айтуынша, бұл саммит елорданың ғана емес, әлем қалаларының жаһандық дамуындағы маңызды шара болмақ.

–Адамзаттың болашағы қалалармен тығыз байланысты. Жаһандану – жаппай туризмдегі кедергілерді жоюдың басты құралы. Туристерді көптеп тарту үшін қала жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз және тұрғындардың күнделікті өмірін жайлылықпен қамтамасыз етудеміз. Еуропа қалаларының үздік тәжірибесін алдық, қауіпсіздік, логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ стандарттарына негізделген «ақылды қала» тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз, − деді әкім.

Астанасы ауысқан мемлекеттердің ішінде Қазақстанның даму жолы мен қалыптасуы әлемге үлгі. Индонезияның қазіргі астанасы Джакартадан астана мәртебесін Ява аралына ауыстыру туралы ақпарат бұған дейін шетелдік БАҚ беттерінде жарияланған еді. Саммитте Индонезияның қоғамдық жұмыстар және тұрғын үй құрылысы министрі Басуки Хадимулжоно бұл мәселеге қатысты мән-жайды кеңінен әңгімелеп берді.

–Елдің астанасын ауыстырмас бұрын барлық мәселелер жан-жақты назарға алынып, талқыланды.  Оның ішінде экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени мәселелерді басшылыққа алып отырмыз. Бүгінде Джакартаның маңызы артып, қаржы орталығы, сауда-саттықтың негізгі алаңы, саяси мәселелер шешілетін басты қала болғандықтан, барлығы күрделеніп, шаһардың арқалаған жүгі ауырлады. 2016 жылғы зерттеу бойынша әлемдегі көлік кептелісі ең көп қала атанды. Бүгінде қалада 30 млн адам тұрады. Соның салдарынан қала әр жыл сайын жер астына 12 см-ге шөгіп барады. Бұған халық санының артуы, қозғалыстың қиын­дауы себеп болуда. Алдағы 15-20 жыл­дан кейін жағдайымыз мүлде қиын­дап, қаланың айналасы су астында қа­луы ықтимал. Бұл мәліметтердің бар­лығы алдын ала егжей-тегжейлі тексе­ру­дің нәтижесінде анықталып отыр. Сон­дықтан тиісті мемлекеттік органдар ха­лық санын азайту үшін, сонымен қатар қа­лаға түскен салмақты жеңілдету мақ­сатында ел астанасын ауыстырмақ, − деді индо­незиялық министр. Оның айтуын­ша, ас­тана ауыстыруда Нұр-Сұлтан қаласы­ның тәжірибесі назарға алынбақ. Жаңа ас­тананың «ақылды қала» болуы үшін көп­теген ірі мегаполистердің даму жолын, ұстанған бағытын ескеретіндерін де айтты.

Технологиясы дамыған «ақылды қа­лалардың» қатарында Эстонияның  Тал­линн қаласы инновациялық жобаларды ерте меңгергенімен ерекшеленеді. Қала мэрі Михаил Кылварт осыдан 500 жыл бұрын Таллиннде қаланың барлық тұрғыны үшін жаңажылдық шырша орнатылған алғашқы шаһар екенін айтты.

– Осыдан жарты ғасыр бұрын сол кездегі ең биік көп қабатты ғимарат – шіркеу біздің астанамызда салынған еді. Еуропадағы жаңа жылдық сауда өнімдерінің негізгі алаңы да біздің қалада. Яғни бізде өткен мен болашақтың байланысы бар. Тарихи кезеңдердің өзі бір-бірімен байланысып жатыр. Десе де бүгінгі заманның талабы мүлдем басқа. Классикалық дамудан ажырап, технологияның жетістіктеріне жүгініп кеттік. Бұл тұрғыда да біздің шаһар өз тәжірибесімен бөлісе алады. Осы ретте, «ақылды қала» ұғымы тек технологиямен өлшенбейтінін айтқым келеді. Бұл – алдымен қала тұрғындарының жағдайын жасау, олардың ыңғайлы ортада өмір сүруіне басымдық беру. Технологиясы ең жоғары деңгейде болып, бірақ ол адамдарға жайсыз болса «ақылды қала» идеясының мақсатына жетпегені деп түсінуіміз керек, – деді М.Кылварт. Оның айтуынша,  Эстония астанасының ең басты ерекшелігі оның таза ауасында, экологиялық мәселелердің дұрыс шешім тапқанында. Ол үшін қаладағы көлік кептелісі мен ауаға лас қалдықтар шығаратын автокөліктерден құтылу керек.

– Еуропада алғаш рет қоғамдық көліктерді тегін қолдану режімін енгіздік. Бұл қордаланып қалған көлік мәселесін шешуге айтарлықтай оң ықпал етті, − деді Таллинн қаласының мэрі.

VIII UNWTO жаһандық саммиті төрт күнге жалғаспақ. Жиын барысында әлем астаналары өзара үздік тәжірибелерімен алмасып, жаһандық келелі мәселелерді шешу жолдарын талқылайды.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұлылар үндескен күн

Аймақтар • 18 Қазан, 2019

Футзал: Бүгін жеребе тартылады

Футбол • 18 Қазан, 2019

Күлкі керуені №4

Руханият • 18 Қазан, 2019

Қазақстанда 200 теңгелік тиын шығады

Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ерғали Бақаш

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Мақсат Мәлік

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Есболат Айдабосын

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Нәзира Жәрімбет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Алмаз Мырзахмет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар