Мемлекет басшысы осы тұста келісіп пішкен тонның келте болмайтынын нұсқап отыр. Яғни, Nur Otan партиясы нағыз қоғамшыл, нағыз халықшыл партияға айналуы тиіс. Ол үшін барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өзге де саяси партиялар және қоғамдық қозғалыстармен біте қайнасып, бірлесе әрекет етсе, ұтымды болары анық. Халықтың сенімін ақтаудан басқа ұлы мұрат жоқ. Бүгінгі нұротандықтар осы сөздің түп-төркінін терең ұғынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге барынша атсалысады.
Ел түрлі қиындықтар мен кедергілерге ұшырағанда Nur Otan-ға үміт артып, көмек сұрап келеді. Өткен 8 айдың өзінде біздің облыстық Қоғамдық қабылдауға 5204 арыз-шағым түскен. Мұнда көтерілген мәселенің басым бөлігі шешімін тауып, тиісті көмектер көрсетілді. Дегенмен, қордаланған мәселелер жеткілікті. Оны бәріміз кеңесе отырып келіскеніміз дұрыс. Халықпен байланыс жаңаша форматта жандануы тиіс.
Рас, соңғы жылдары түйінді түйткілдер мінбелерде емес көшелерде талқыланатын болып жүр. Яғни, елімізде азаматтық қоғаммен диалог әлі дұрыс орныға алған жоқ. Билік пен халықтың арасында қоғамдық диалог дұрыс орнықпаса, еліміздегі татулық пен тұрақтылық туралы сөз қозғау бекер болады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер осы байланыстың дұрыс орнығуына өзіндік үлесін қосуы тиіс. Әрбір мемлекетшіл азамат халықтың мұң-мұқтажын тыңдаудан қашпау керек. Билікке түйінді түйткілді дер кезінде көре білетін, оның шешілу жолын таба білетін азаматтар қажет. Сонда ғана кез келген түйткілдің түйінін тарқатуға болады. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең басты қасиет» деген қанатты сөзі біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық, барлығымыз бірге болсақ еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін», деді.
Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселенің бірі – баспана. Президент 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болатынын айтты. Аталған бағдарламаның тиімділігі мол. Яғни, жеңілдік мөлшерлемесі небәрі 2 пайызды, алғашқы жарнасы 10 пайызды құрайды. Егер біз осы бағдарламаны толық іске асыра алсақ, қаншама көп балалы және мүгедек бала асырушы отбасыларды, жастарды баспанамен қамтыған болар едік.
Елдің дамуын әрбір отбасы сезінгенде ғана берекелі қоғам орнайды. Ал баспаналы болу соның басты шарты. Бұл бағытта соңғы жылдары нәтижелі жобалар жүзеге асуда. Түркістан қаласының өзінде өткен аптада әлеуметтік жағынан аз қамтылған 700-дей отбасы баспанаға қол жеткізді. Бұл жұмыстар еселенері анық.
Мемлекет басшысы жеңілдетілген салық жүйесі, бизнеске қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік-мәдени саланы қолдау, бала құқығын қорғау бағыттары бойынша еліміздегі басты проблемаларды атап көрсетті. Енді осы түйткілдерді тарқату үшін жұмылуымыз қажет.
Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ