Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Торғайдың бір асылы

862 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Торғайдың арғы-бергі тарихы талайды тамсандырған, енді әлемді таңғалдырып та отыр. Торғай даласының тектілігі тамырын тереңнен тартады. Осы құнардан Ахмет пен Міржақып тамыр алып, көктеді. Ахметтің шапағынан шабыттанған ақындар легі Торғайда бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Соның бел ортасынан биыл туғанына 90 жыл толған Назарбек Бектемісов орын алар еді.

Торғайдың  бір асылы

Назарбектің өзі де, өзге де оны Торғай топырағының кө­мейінен жыр төгілген ақында­рының жалғасы деп білді. Көкі­регі зеректер үшін өткен уақыт­тағы ақындар мен би-ше­шендердің сөздерін қариялар ұмыттырмайтын, олар айтқан сайын иіні қанатындай көрі­нетін. Назарбектің төкпе ақын­дығының да іргетасын сол бабалары мен аталары қалаған десек те, өз әкесі Бектемістің те ақындығы, айт­қыштығы бүкіл атырабқа белгілі болған екен. Ақындық қанмен, тектілік тіні­мен жалғасын тапқан.

Өткен ғасырдың қазақты нанша илеген бейнетін, қорлығы мен зорлығын парақтағың келсе, Торғайдың әңгімелеріне құлақ тос. Бектемістің қара жаяу болмағаны ел ішінде әлі күнге дейін айтылады. 30-жылдары «стахановшылардың» заманында мал баққан Бектеміс те «стахановшы» атанып, абы­ройға кенеліпті. Бір жылы Қа­бырға өзенінің бойында қыс қатты болып, мал қырылыпты. Бектеміс те сол жылы құрық ұс­тап қалса керек. Белсенділер мал­дың жұтын құдайдан көрмей, Бектемісті желкелеп, аудандық партия комитетінің бюросына ала жүгіреді. Заманның қаны тамып тұрған кезде малдың шы­ғыны үшін ата ма, итжеккенге айдап жібере ме, ол аудандық партия комитеті бюросының бір ауыз шешіміне ілініп тұрады. Сөз Бектемістің өзіне берілгенде, шалыңыз саспастан:

«... Менің атым Бектеміс,

Қойды қырдым теп-тегіс.

Бұрын едім – Стахан

Енді болдым тостаған!» депті. Ол кезде заң болғанмен де, да­ланың сөзге тоқтайтын жазыл­маған заңының да кесірткедей шамасы қалған кез ғой. Аудан бас­шысы Бектемістің уәжіне риза болып, босатып жіберген екен.

Назарбек өмірдегі қадамын мұғалімдіктен бастап, кейін партия қызметіне ауысты. Оның қызмет бабымен 60-жылдары Торғайдағы Ақшығанақ ауылына келуі отыздағы орда бұзар ақынның шабытына шабыт берген, осы ауылдың өрендері Кеңшілік Мырзабеков пен Серік Тұрғынбековтей жас таланттармен табысқан кезі болды.

– Назекеңнің сол тұста шынайы шығармашылықа шын берілгені сонша, көкейіне келген өлеңін кідіртпестен кез келген қағазға құя салатын. «Қағаз таппағандай партия құжаттарын өлең дәптеріне айналдырды» деген қаңқу сөздерге Назекең ұтым­ды жауаптарымен құтылып кетіп жүрді. «Кабинетім – кең дала, орындығым – ер үсті» деген өлең жолдарын жазғаны да сол тұста еді» деп жазады ақын Серік Тұрғынбеков.

Назарбектің өлеңдері 60-жылдардан бастап, қазақ әдебиетінің Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, ағалары Сырбай мен Ғафу секілді ірі өкілдерінің назарына ілігіп, жылы ілтипатына бөленді. «Аудан­­дық, облыстық айтыс­тарда үнемі бірінші орын алып жүрген Назарбек өлеңдері маған әдемі әсер қалдырды. Не­­лік­тен десеңіз, ол өлеңдер өмірдің өзінен, халықтың қаже­тінен туған өлеңдер, ел үшін ерекше қызмет ететін өлеңдер, қарапайым жалпақ жұрттың бәріне кедір-бұдырсыз, тұмансыз, алашұбарланбай түсінікті болып, айқын жететін өлеңдер» деп білдіріпті лебізін Сәбит Мұқанов.

– Негізі тумысында ақын­дығымен әдемі көзге түсіп, одан кейін партия қызметімен кеткен қаламгерлер біраз. Назекең де солардың қатарында. Өйткені олардың уақыты партиямен тұстас келген соң, олар қоғамнан тыс тұра алмады. Партия қызметі ақындық рухты төмендетті. Он­дай ақындардың алғашқы жазған өлеңдері шынайылыққа көлеңке түспеген, әлдеқайда жақ­сы. Дегенмен Назарбек Тор­ғайдың ақындық мектебінен шық­қан ақын, төкпе жырдан тайған жоқ, – дейді ақын Серік­бай Оспанов.

Әсіресе Назарбектің өзі өскен өңірдің ХІХ-ХХ ғасыр­лардағы ақындарының шығар­маларын соншалықты терең білетіні таң­ғалдырады. Әсіресе ол «Ахмет ұшқан алтын ұя» атты кітабында Торғайдың ақындық мектебі туралы жазады. Халық ақыны Омар Ши­пиннің өзі құлағымен естіген сөзін келтіреді. «Торғайда түн­дігі түрілмей, есігі ашылмай ақындықтың ақ ордасы тұр. Оны ашуға шамалы адамның батылы бармайды. Ол қойнауы қалың ақындықтың ақуыз мектебі. Мынау Нұрхан, Қанжығалының Құтжаны, сонау Файзолла, Есенбайдың Сәті, Әлсүгірдің Атырауы, Рысалдыұлы Ибрагим, Жүсіпбек, Ғаббас, Баспақтың Уәлісі, Жыланшық бойындағы Жүсіп, Қияқбай, Аяп, Шындыаяқ ақындардың бәрі де төкпе ақын. Мектеп ашушы киелі сөздің атбайлары Уақ Жұмабай деген ақын. Өзі 1922 жылы қайтыс болды. Мен талай рет іздеп барып, сөзін, өлеңін тыңдаған адаммын. Бір кереметі айтыс­та болсын, өле­ңін­де болсын көз алдыңа жан­ды дүниені алып келеді» дей­­ді Омар атамыз. Мұндай ақын­дықтың «ақордасынан» Ахметтей дана, Міржақыптай күрескердің шығуы, оның ізін ақындар көшінің жалғауы заңды да емес пе? Сонымен қатар Назарбекті тек ақын, әдебиетші ғана емес, өлкетанушы, этнограф деп те бағалаған дұрыс. Оның Торғайдағы жер аттары, би-шешендер туралы жинап тергені, жазғандары да бұл­тартпас деректерімен құнды. Ұрпақ алмасқан сайын Назарбек секілді іздеушісі болмаса, жердің тарихи аттары да санада көмескі тарта беретінін өмір көрсетіп келеді.

Қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Өз ұлда­рын, ерлерін ескермесе, ел дағы қайдан алсын кемеңгерді» деген сөзі Торғай топырағына арналып айтылғандай естіледі. Назарбек Бектемісов өзінің артынан ерген әр ақынның, өнер­паздың қадамына шын қуанды, мақтанды, қолдады. Бірде талантты інісі Кеңшілік Мырзабеков өзінің Ақшығанақ ауылына келіп, аунап-қунап кетіпті. Сонда киіз үйде қымыз ішіп отырса, есіктің алдына бір кер бие келіп, көлденең тұра қалыпты. Сол кезде ақын: «Кереге бойлы кер бие» депті. Осы аузына түскен әдемі тіркесті бірнеше қайталапты да қойыпты. Бұл сәт ағасы Назарбек Бектемісұлы ауыл­да жоқ екен. Ол келген соң сөз баққан ауылдас інілері әлгі отырысты айтып береді ғой. Сонда Назарбек ағамыз кідірместен: «Кереге бойлы кер бие,

Бір сабаға болды ие.

Кер биедей кең болса,

Мынау қайран дүние!

Әттең-ай, Кеңшілік осылай дегісі келді ме екен?» дей беріпті. Аузынан жүрегі көрінетін ақынға пендешілік деген тіпті жат дүние болатын.

Назарбекті ұмытпау, жас ұр­паққа жерді, елді, досты қадір­леу секілді не бір жақсы қасиетті насихаттаумен бірдей.

 

ҚОСТАНАЙ