Аймақтар • 14 Қазан, 2019

Батыс Қазақстанда Ғұмар Қараштың 145 жылдығы аталып өтті

703 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың басындағы ақын-ағартушы, философ, дін қайраткері, ұлттық баспасөздің негізін салушы Ғұмар Қараштың туғанына биыл 145 жыл. Осы бір мерейлі дата ақынның туған жері – Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында кеңінен аталып өтті.

Батыс Қазақстанда Ғұмар Қараштың 145 жылдығы аталып өтті

Суретті түсірген Асылжан ТҰЯҚОВ

Айта кетейік, бұған дейін Ғұмар Қараш 1845-1921 жылдар аралығында өмір сүрді делініп келген еді. Алайда Башқұртстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақталған деректе ақын өз қолымен милади жыл санауы бойынша 1874 жылы, хижра бойынша 1291 жылы дүниеге келгенін жазғаны анықталды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Ғұмар Қараш туралы тың деректер» атты мақаласын осыдан бір жыл бұрын жариялаған болатын.

Жәнібектегі ақын тойы оның туған жері – Борсы ауылында «Есімін ұлықтаған Ғұмар елі» атты мәдени-көпшілік шарамен басталды. Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев ғұламаның өмірі мен қызметі туралы баяндама жасап, Ғұмар Қараш атындағы мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Өткен жылы жерлестері жұмылып, ақынның зиратына көпшіліктің күшімен сәулетті кесене тұрғызылған болатын. Биылғы мерейтойды да жәнібектіктер халықтық бастамаға, ұлан-асыр дала қызықтарына айналдырып жіберді. «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігі жастар спартакиадасын ұйымдастырды. Қазақша күреске қыздар да білек түре кірісіп, 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде жақсыбайлық Дәрия Жәрдемова, 70 келіден жоғары салмақта қыздардан ақобалық Жансая Ахметәлиева қарсылас шыдатпады. Ләңгі тебуден Ұзынкөл ауылы ешкімге дес бермесе, қымыз ішуден Тау ауылы алға шықты. Өгіз тартыстан таулық Нұрхат Хамиев бірінші орынды иемденді. Асық атудан Жақсыбай ауылында мерген қыздар көп екен. Ал арқан тартыста Тау ауылының командасы барлық қарсыласын жеңіп кетті. Тоғызқұмалақтан қыздар арасында ұзынкөлдік Зәуреш Сыдықова, ерлерден таулық Сәкен Құндызбаев чемпион атанды. Аударыспақтан 70 келіге дейін ақобалық Ержан Батырашев, 70 келіден жоғары жәнібектік Мирас Берікбаев білегінің күшін, тақымының мықтылығын танытты. Жамбы атудан Жәнібек ауылы ерекше көзге түсті. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте Тау, Ақоба, Жақсыбай ауылдары командалары жүлделі орындарды бөлісіп, диплом мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Ғұмар Қараш мерейтойына арналған шаралардың ең қызық тұсы 100 шақырымдық аламан болды. Жалпы Ақ Жайық өңірінде мұндай ұзақ бәйге бұрын өтпепті. Шараның алдында Жәнібек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов, аудандық ат спорты федерациясының президенті Арсен Кенжәлиев және ат спорты федерациясы Борсы ауылдық бөлімінің басшысы Марал Әбілов жүз шақырымдық бәйгенің бүге-шігесін түсіндіріп өтті. Аттарды қадағалау үшін мәреге жеткенше Тегісшіл, Қамысты, Тау және Жәнібек ауылдарында төрт бекет орналасып, фельдшер, ветеринариялық дәрігер, учаскелік инспектор және ауылдық округ әкімдігі мамандары аттар мен шабандоздардың денсаулығын, жарыстың әділ өтуін қадағалап отырды. Бәйгеге Маңғыстау облысынан және Батыс Қазақстанның Тасқала, Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек аудандарынан 22 жүйрік қатысты. Борсы-Жәнібек арасындағы жүз шақырымдық бәйгенің жалпы жүлде қоры 2 млн. теңгені құрады. Аламанға қатысқан 22 аттың ішінен алдымен жеткен он тұлпарға жүлде берілді.

Ұйымдастырушылар «алты сағатқа созылады» деп болжаған аламан бәйгені қамыстылық Иса Кагерманов баптаған, шабандоз Асланбек Шәріпов тізгіндеген «Қазбек» атты жүйрік 4 сағат 45 минутта шауып өтті. Сөйтіп I орынға тігілген 500 мың теңгені олжалады. Бөкейордалық Амантай Құспановтың «Қайсары» II орынға тігілген 250 мың теңгені жеңіп алды. Шабандозы - Бейбарыс Шайхуллин. Ал күйгенкөлдік Жасұлан Темірғалиев «Шайтанқара» атты тұлпарын өзі баптап, өзі шауып, жүлделі III орынды, 150 мың теңгені жеңіп алды. Үздік ондыққа қазталовтық Райымбек Кеңесов пен Бекзат Нұртаев, жәнібектік Жанарбек Биәлиев, тасқалалық Хансұлтан Аяпбергенов, тегісшілдік Алдияр Жұмағалиев, борсылық Дидар Хаменов, ұзынкөлдік Беделбек Хамзиндер тақымдаған жүйріктер де еніп, әрқайсысы 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

 

Батыс Қазақстан