Экономика • 15 Қазан, 2019

Экономикада тұрақты өсім бар

616 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы республикалық бюджеттің орындалуы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

Экономикада тұрақты өсім бар

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бюджет кірісі артуда

Отырыста Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндама жасап, экономиканың, банк саласының жағдайы, республикалық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту жөнінде айтты. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Ес­қа­лиев, Қызылорда облысының әкімі Қуа­нышбек Ысқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірлердегі жағдай туралы есеп берді.

Ұлттық экономика министрі Р.Дә­ленов биылғы қаңтар-қыркүйек аралы­ғында ІЖӨ 4,3%-ға өскенін айтты. Өсім құрылыстағы (13,5%), саудадағы (7,6%) және көлік саласындағы (5,5%) өсім есе­бінен қамтамасыз етілді. Негізгі капи­талға салынған инвестиция 9,7%-ға өсті.

«Биылғы қыркүйекте жылдық ин­фляция 5,3%-ды құрады. Бұл – жос­пар­ланған дәліз шегі. Қаңтар-тамыз айлары аралығында халықтың нақты табысы 6,7%-ға өсті», деді Ұлттық экономика министрі.

Өнеркәсіп өндірісі 9 айда 3,3%-ға жоғарылады. Өңдеу өнеркәсібі мен кен өндіру өнеркәсібі өсімнің драйверіне айналды. Өңдеу саласында ең жоғары көрсеткішке жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, сусын өндірісі, фармацевтика қол жеткізді. Р.Дәленовтің айтуынша, кен өндіру өнеркәсібіндегі жетістікке түсті металл өндірудің 18,4%-ға ұлғайғаны оң әсер етті.

«Құрылыс қарқынды жүруде. Өсім 13,5%-ға дейін көтерілді. 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», деді Экономика министрі.

Биылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 1,8%-ға ұлғайып, 62,1 млрд долларды құрады. Экспорт көлемі – 37,6 млрд доллар, импорт 24,5 млрд доллар болды. Негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердің көбінде өсімнің оң серпіні байқалады.

«Бірқатар өңірде өңдеу, кен өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құры­лыс, тұрғын үйді пайдалануға беру және инвестиция салу бойынша жақсы нәтиже бар. Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жам­был және Павлодар облыстарында 4 көрсеткіш, Атырау облысында 3 көрсет­кіш жоғарылады», деді Р.Дәленов.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында 3 көрсеткіш бойынша, Солтүстік Қазақстан облы­сында 2 көрсеткіш бойынша, Алма­ты, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қызыл­орда және Қарағанды облыстарында 1 көрсеткіш бойынша төмендеу байқа­лыпты.

Жалпы, 9 айдың қорытындысы бо­йын­ша қысқа мерзімді экономикалық инди­катор бойынша 2 өңір жалпы өңірлік өнімнің жоспарланған межесіне қол жеткізе алмауы мүмкін. Бұл Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері – 15%-ға, республикалық бюджет – 19%-ға, жергілікті бюджет – 7%-ға өскенін айтты. Ұлттық қордың активтері 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда 15%-ға артып, 26 трлн 447 млрд теңге болды.

«Шығыстар бюджеттің барлық дең­гейлерінде жоғары пайызбен иге­рілді: Мемлекеттік бюджет – 99,6%, республикалық бюджет – 99,8%, жергі­лікті бюджет – 99,3% игерілді. Есепті кезеңнің көрсеткіштері ағымдағы қаржы жылын жоғары деңгейде аяқтауға барлық мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, республикалық бюджетке 4 трлн 817 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 61 млрд теңгеге көп. 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдаймен салыстырғанда өсу қарқыны 118,5%-ды немесе 751 млрд теңгені құрады. Бұл соманың 738 млрд теңгесі салыққа тиесілі.

«ҚҚС бойынша негізгі өсім – 421 млрд теңге, корпоративтік табыс салығы бойынша – 184 млрд теңге, халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салық бойынша – 125 млрд теңге. Камералдық бақылау хабарламалары бойынша 177 млрд теңге қосымша есептеліп, оның 88 млрд теңгесі бюджетке түсті. Әкімшілендіру ресімдерін цифрландыру нәтижесінде бюджетке 280 млрд теңге түсті», деді Ә.Смайылов.

Республикалық бюджеттің шы­ғыс­тары 8 трлн 541 млрд теңгені немесе 99,8%-ды құрады.

Қаржы министрінің айтуынша, нақты­ланған республикалық бюджет жоба­сында 130 млрд теңге қаражат қайта қа­ралып, бөлінді. Біраз қаржы оңтайлан­дырылды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыруға республикалық бюджетте 554 млрд теңге көзделген. Есепті кезеңде жоспарланған қаражат 100%-ға игерілді.

«Жергілікті бюджеттердің шы­ғыс­тары 4 трлн 165 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны – 29 млрд теңге. Есепті кезеңде өңірлерге сомасы 1 трлн 71 млрд теңге нысаналы трансферт аударылды. Жергілікті деңгейде олардың 99%-ы немесе 1 трлн 60 млрд теңгесі игерілді», деді Ә.Смайылов.

Есепті кезеңде 593 млрд теңге бюджет қаражатына 2 522 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, жалпы сомасы 174 млрд теңгені құрайтын қаржылық тәртіп бұзушылықтар анықталды. Оның 163 млрд теңгесі аудит барысында қалпына келтірілді. Жүргізілген камералдық бақылаудың нәтижесінде 547 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу бойынша ереже бұзушылыққа жол берілмеді.

Мәселені Үкімет басшысы қоры­тын­дылады. Асқар Мамин қаңтар-қыркүйек айларында ІЖӨ өсімі 4,3% болғанын атап өтті. Құрылыста – 13,5%, саудада – 7,6%, көлік саласында – 5,5%, өңдеу өнеркәсібінде, соның ішінде машина жасауда – 18,2%, жеңіл өнеркәсіпте – 19%, металл кендерін өндіруде – 16,1%, мұнай өңдеуде – 7,2%, байланыс қызметінде – 4% оң өсім байқалады.

Ұлттық қордың активтері 2,4%-ға өсіп, 59,4 млрд доллар болды. Рес­пуб­ликалық бюджет кірістері – 7677,6 млрд теңгені (жоспардың 100,8%-ы) құрап, өткен жылдың осы мерзіміндегіден 12,6%-ға өсті. Халықтың жан басына шақ­қандағы атаулы ақшалай табысы 2019 жылғы қаңтар-шілдеде 686 мың теңгені құрады, бұл көрсеткіш те 2018 жылмен салыстырғанда жоғары.

«9 айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімінің негізгі базалық көрсеткіштері бойынша Атырау, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Павлодар облыстары әкімдіктерінің оң жұмысын атап өткім келеді. Бұл артта қалған өңірлер үшін жақсы үлгі. Өз кезегінде, кейбір әкімдіктерде бірқатар көрсеткіш бойынша төмендеу байқалады», деген А.Мамин, өңір басшыларына аталған жағдайды қысқа мерзім ішінде түзетуді тапсырды.

Үкімет басшысы әкімдердің жер­гілікті қамту бойынша бекітілген индикаторларды орындау үшін барлық шараларды қабылдауы керектігін, сондай-ақ заңнама, индустриялық сертификат және СT-KZ сертификаты талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

Премьер-Министр Қызылорда, Павло­дар және Түркістан облыстарының әкім­діктерінің сатып алудағы қазақ­стандық қамту үлесін арттыру жұмы­сын­дағы жақсы көрсеткіштерін атап өтті. «Атамекен» ҰКП мен Қаржы министр­лігіне әкімдіктермен мемлекеттік сатып алуды дұрыс жүргізу үшін қосымша семинарлар өткізуді тапсырды.

«Осы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша өңірлер басшы­ларының жұмысы бағаланатынын тағы да ескертемін», деп түйіндеді А. Мамин.

 

Егін орағы аяқталып қалды

Сондай-ақ Үкімет отырысында астық жинау науқанының қорытындылары қаралып, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндама жасады.

Министрлік деректері бойынша, 2019 жылы елімізде егін жинау жұмыстары уақтылы басталды. Облыс әкім­дік­терінің мәліметтеріне сәйкес 15,2 млн гектар алқаптың 15,1 млн гектарынан дәнді дақыл жиналды. 19,1 млн тонна астық бастырылды. Әр гектардың орташа түсімі 12,6 центнерден айналды.

Биыл жаздың ыстық әрі құрғақ болғаны өнімнің төмендеуіне себеп болды. Егін жинау жұмыстары басталған кезеңде ұзақ мерзімді жауын-шашын көп болды, бұл да астықтың сапасымен өнімділігіне әсер етті.

Алдын ала есептер бойынша биыл дәнді дақыл мен дәнді бұршақ дақылдарының өнімділігі бункерлік салмақта шамамен 19 млн тоннаны құрауы мүмкін, бұл 2018 жылғы өніммен салыстырғанда 2 млн тоннаға кем.

11 қазандағы жағдай бойынша 1,9 млн тонна күзгі дәнді дақыл тұқымы себілді, бұл жоспардың 99%-ын құрайды. Соның ішінде Қостанай облысы бойынша тұқым себу 98% аяқталды.

Жалпы, жиналған жаңа өнімнің 2,9 млн тоннасы элеваторларға жеткізілді, оның 1,8 млн тоннасы – бидай, 700 мың тоннасы – арпа. Жедел деректерге сәйкес, элеватор­дағы бидайдың 80%-ға жуығы – азық-тү­лікке, 20%-ы мал азығына және тех­ни­калық мақсатқа арналған. Өткен жылы азық-түліктік бидайдың үлесі 93% болған еді.

Өндірістің азаюына байланысты, экс­порттық әлеует өткен жылмен салыс­тырғанда шамамен 3 млн тоннаға тө­мендеуі мүмкін.

С.Омаровтың айтуынша, экспорттық бағыттарды кеңейтуге өткен жылғы стратегиядан биылғы жылдың экспорттық стратегиясы өзгеше болады.

«Бұл маусымда негізгі міндет – Ор­та­лық Азия елдеріндегі, атап айт­қанда, Өз­бекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрік­менстан, сондай-ақ Ауғанстан мен Иран тәрізді дәстүрлі өткізу нарықтарындағы қазақстандық астықтың орнын сақтап қалу», деді министр. Аталған елдердегі жоғары өнімге байланысты дәстүрлі импорттаушы елдердің сұранысы да төмендейтінін айта кеткен жөн. Осыған байланысты аталған бағыттарда бидай мен ұнның 5 млн тоннадан кем болмайтын орташа жылдық көлемін экспортқа шығаруды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар қол жеткізілген келісімдер аясында әлеуеті зор деп бағаланатын Қытай бағытында жоғары сапалы Hi-Pro бидайымен, арпа экспорттау қарқынын сақтап қалу керек.

Тақырыпты Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылады. «Биыл ауа райының жайсыз болуына байланыс­ты біз өткен жылмен салыстырғанда бункерлік салмақпен алғанда астықты 2 млн тоннаға кем жинадық. Осы жағдайға орай Ауыл шаруашылығы министрлігіне нан бағасын тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы астықты уақтылы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырамын», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Қазақстандағы ауа райының ерекшелігін ескере отырып, жиналған астықты сақтап қалу үшін барлық шараны қолға алу керектігін, нан қабылдау кәсіпорындары астықты сақтауды, сондай-ақ ылғал астықты өңдеу мен кептіруді уақтылы қолға алу қажеттігін атап өтті.

Премьер-Министр ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдарының келесі жылға қажетті тұқым мен оның сапасын тексе­руді қамтамасыз етуін, жаңа жиын-терім астығын экспорттау бойынша дайындық жұмыстары аясында логистика мәселелерін шешу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғарғы ылғалдылығын ескере отырып биылғы қазан-қараша айларында астық пен тұқымды кептіру жұмыстарын жүргізу үшін облыстарға қосымша дизель отынын бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды.