Қоғам • 15 Қазан, 2019

Семіздік түрлі сырқатқа себепші

527 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғам кейде жоқтықтан ғана емес, тоқтықтан да зардап шегеді. Аясы тарылып келе жатқан әлемді алаңдатып отырған мәселенің бірі – адам ағзасына пайдасы аз, есесіне артық салмақ қосатын азық-түлік түрлері. Семіздіктен бастап, түрлі дерттердің белең алуына бастайтын зиянды тамақтар да тым тәтті, адам тез үйір болады. Адамдар бұл тамақтардың зиянды екенін біле тұра, неге одан бас тартпайды?

Семіздік түрлі сырқатқа себепші

Осы мәселеге орай, Қазақ­станда «зиянды төмендету тұжы­рымдамасын» алға жылжытып жүрген «Аман-саулық» қоғамдық қоры алматылықтардың дұрыс тамақ­тануға қатысты ұстаным­дарын анықтау үшін әлеуметтік сынақ жүргізді.

Әлеуметтік сынақ кезінде бойжеткен қыз көшеде өтіп бара жатқан қала тұрғындарына хот-дог, бургер, шоколадты батончик өнімдерінен, яғни «зиянды тағамнан» дәм татуды ұсынды. Ал өнімнің бетінде бұл астың зияндылығы туралы ақпарат тайға таңба басқандай, арнайы биркамен анық көрсетілген.

Тәжірибеге қатысқан көпші­лік­тің әрекеті бірдей болып шық­ты. Яғни 30 адамның 28-і бур­гердің зияндылығы туралы ақ­паратқа қарамастан, жеу­ге дайын болды. Тек 2 адам ұсыныс­тан бас тартып, тамақты кері қайтарды.

Мәселен, бүгінде әлемде 2,1 миллиардтан астам адам семіздік пен артық салмақтан зардап ше­гіп отыр. Қазірдің өзінде Қа­зақ­станда халықтың 20%-ы се­міз­дікке шалдыққан. Артық дене салмағының орташа таралуы: әйелдерде – 30,6%, ерлерде – 36,8%. Осы күні семіздік қа­зақ­стандық әйелдердің 27,6%-ы және ерлердің 15,9%-ында анық­талған.

«Бұл сынақтың мақсаты – қа­тардағы алматылықтардың «зиян­ды тамақтан» қаншалықты бас тартуға дайын екенін анықтау болатын. Өкінішке қарай, осынау эксперимент адамдардың саламатты тамақтану қағидаларын ұстамайтындарын және бәрі дерлік зиянды тамақтан бас тартпайтындықтарын көрсетті. Әр адам өз денсаулығы үшін­ жауап­ты, бірақ олар өз құмарлық­тарын жеңуге дайын емес. Мұн­дай жағдайда әр адамның ден­саулығын сақтауға және артық салмақ пен семіздіктен туындайтын аурулардың даму қаупін азайтуға бағытталған зиянды төмендету тұжырымдамасы көмекке келеді», дейді «Аман-саулық» қоғамдық бірлестігінің президенті, дәрігер және қо­ғам­дық денсаулық сақтау мәсе­лелеріндегі сарапшы Бақыт Тү­менова.

Қысқасы, қазақстандықтар­дың тамақтануға қатысты мінез-құлқын қалай өзгертуге болады? Бірінші кезекте, халықты ақ­­параттандыру және «зиянды» әдеттерді тоқтатуды насихаттау ғана емес, пайдалы, табиғи азық-түліктің қолжетімділігін арт­тыру және оның түрлерін молайту маңызды. Алдағы уақытта семіздік мәселесі елдің жас ұр­пағы үшін орасан әлеуметтік қауіп төндірмеуі үшін халық ара­сында саламатты тамақтану әдеттерін қа­лыптастыру жөнін­дегі ұлттық бағдарламаны әзір­леп енгізу қа­жет, дейді мамандарымыз.

Өз кезегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіз­дік­ті миллиондаған адам­ды шеңгелінен шығармай отыр­ған жаһандық індет ретінде қарас­тырады. Дененің артық салмағы мен семіздік әлемдегі өлім-жі­тімнің негізгі себептерінің ал­ғашқы бестігіне көтерілгенін қа­перде ұстаған жөн. Сондай-ақ қоғам да тым толық, шектен шыққан семіз адамдарды эс­те­тикалық және әлеуметтік тұр­ғыда қабылдай бермейді және бұл мәселенің бір ғана қыры емес. Артық салмақ, әсіресе се­міздік, өз асқынуларымен қа­уіпті: олар атеросклероз, гиперто­ния, инфаркт, инсульт, қант диа­беті, асқазан-ішек патологиясы, артриттер, репродуктивті функ­ция­ның бұзылуы және басқа да көптеген аурулардың дамуына жол ашып береді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында семіздіктің таралу үдерісі үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.

Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 1970 жылға қарағанда 10 есе жо­ғарылап кеткені көпшілікті ойлантуы тиіс.

 

АЛМАТЫ