Қоғам • 15 Қазан, 2019

Диляра Қайдарова: Обырмен күрестегі озық әдіс-тәсілдер ортаға салынады

329 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

15-17 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет ТМД елдерінің Бүкіләлемдік онкология көшбасшыларының саммиті өтпек. Бүгінгі таңда обырдың өршуі өркениетті елдерді де алаңдатып отыр. «Дәтке қуат» дейтініміз, қатерлі ісікке шалдыққандар саны көбейгенімен, одан көз жұматындар саны азайып келеді. Айтулы оқиға қарсаңында осы ауқымды шараға мұрындық болып отырған еліміздің бас онкологы, Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдаровамен әңгімелескен едік. 

Диляра Қайдарова: Обырмен күрестегі озық әдіс-тәсілдер ортаға салынады

– Диляра Радикқызы, дәрі­герлер «есінен адасқан жасуша» деп есептейтін қа­терлі ісікпен күресуде өзекті мә­селе көп. Тек соңғы жылдары обырдың жаңа жиырма түрі анықталған екен. Ал Қазақстандағы саммит қай тақырыпқа басымдық бе­реді?

– Бұл саммит «Обыр және денсаулық сақтау қызмет­терімен жаппай қамту» та­қы­рыбын күн тәртібіне шыға­рады. Яғни қатерлі ісікке шал­­­дыққан барлық науқасты он­кологиялық көмекпен толық қамту өзекті болып отыр. Мем­­лекеттердің денсаулық сақ­тау, экономикадағы дең­гейі мен дамуы да әртүрлі бол­ған­дықтан, он­кологияда әр елдің өз мәсе­лесі бар. 

Ал еліміз диагностика, ем­деу, онкологиялық науқас­тар­ды дәрі-дәрмектермен қам­тамасыз етуді тегін жүргізуге қол жеткізген мемлекет.

– Неге таңдау Қазақ­стан­ға түсті?

– Бұған дейін бұл саммит Малайзияда, оның алдында Парижде ұйымдастырылған екен. Посткеңестік аумақта бірін­ші рет Қазақстанда өт­кізілгелі отыр. Әрине бұл үл­кен мәртебе. Ракты қада­ға­лау жөніндегі Халықаралық одақ (UICC) Бүкіләлемдік онкология көшбасшыларының сам­митін өткізу үшін Қазақ­станды таңдады. Бұл – тарихи оқиға, бізге көрсетілген сенім мен құрмет.

Өз кезегінде Қазақстанда онкологиялық қызмет жақсы дамып келеді. Қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспары қабылданған. Обырды емдеудегі соңғы зерттеулер мен технологиялардың барлығы бізде қолжетімді.

– Онкологияға неге сон­шалықты назар аударылып отыр?

– Дүние жүзінде онкология аурулары бірінші орынға шықты. Бізде бірінші орында жүрек-қан тамырлары аурулары басым. Қазақстанда қа­терлі ісіктен болатын өлім-жітім екінші орында. Елба­сымыз да обырдан бола­тын өлім-жітімді азайтуды мін­деттегенін білесіздер. Бірақ елімізде бәрі де керемет деп ай­та алмаймыз. Жергілікті жер­­лерде әлі де шешілмеген жайттар бар. Біз аймақтарға шығып, әрбір дәрігермен жұ­мыс істеуге ұмтылып отырмыз. Елімізде онкологиялық аурулармен күресу жөнінде кешенді жоспар енгізілген. Оның әр өңірде өзіндік индикаторы бар.

– Қазір Қазақстанда он­ко­логиямен күресте қан­дай инновациялар қол­данылады?

– 2018 жылы қабылданған Кешенді жоспарда халқымыз шетелде емес, өз елімізде ем қабылдауға мүмкіндік ту­ғы­зу үшін инновациялық озық технологияларды ен­гі­зу қа­рас­тырылған. Біз бірін­ші кезекте облыстардағы онкодис­пансерлердің сәулелендіру аппараттары паркін жаңарт­тық. Дәрігерлерді жаңа меди­ци­налық жабдықтармен жұ­мыс істеуге үйреттік. Яғни сәулелендіру терапия­сы­ жа­­­­­ңар­тылды. Бұл бас жә­не­ мо­йын қатерлі ісігі мен ми­ жә­не омыртқа ісігі кезінде қолданылатын интегра­ция­ланған сәулелендіру. Жаңа аппарат рак клеткалары за­қым­даған бөліктерді ғана сәу­­лелендіреді, қасындағы ағ­­­заларға тимейді. Мұндай аппараттар әлемнің ең үздік емханаларында 2-3 жыл бұрын ғана қолданыла бастаған болса,  міне, енді бізге де жетті.

Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақ­төбе, Семей қалаларындағы онкологиялық орталықтар мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты да осы аппараттармен жабдықталған. Бұл аппараттың бас, мойын, ми, омыртқа қатерлі ісігі кезінде қолданылатын гамма-пышақ қызметі бар.

– Амстердамда өткен Он­­кологтардың еуропалық форумында таргеттік терапия туралы көп айтылды. Осы форумда «Kazakhstan» деген бейждері бар өзіміз­дің дәрі­­герлермен жиі ұшыра­сып жүрдік?

– Сұрағыңызды түсіндім. Қазір онконауқастарды емдеу­де химиотерапия, таргеттік терапия мен иммунотерапия қатар қолданылады. Біз­дегі жалғыз дистрибьютер «СК-Фармация» иммундық терапиядағы инновациялық «Пембролизумаб» («Кей-труда») пре­паратын 350 мил­лион теңгеге сатып алды. Бір ғана ампуланың құны 1,5 миллион теңге тұрады. Кейбір науқастарға 14 ампулаға дейін салуға тура келеді. Бұл препарат меланома, ас жолдары, өкпе, жатыр мойны обыры кезінде қолданылады. «Кейтрудамен» ем тағайындау үшін нақты көрсетілімдер қажет. Оны аспирин сияқты бәріне бірдей салудың қажеті жоқ. Еуропа мен АҚШ-та сақтандыру есебінен бұл препараттар тегін. Бірақ Ресей мен ТМД-ның басқа елдерінде оны науқастардың өзі сатып алады.

– Жуырда баспасөз мәсли­хатында жаңа молекуляр­лық-генетикалық зерттеу­лер туралы айтып қалды­ңыз?

– Институтта онкология­дағы зерттеулердің жаңа ба­ғы­тын енгізіп отырмыз. Он­кологиялық науқастарды ем­деген кезде белгілі бір хат­тамалар жасалады. Осы хат­тамаға сәйкес,  қазір мәселен, молекулярлық-генетикалық зерттеулерсіз химиотерапия жүргізуге болмайды.

Яғни бүгінгі таңда сүт безі, өкпе, меланома, бүйрек обырына шалдыққан науқастарға бұл зерттеудің түрі тегін. Қазір Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында үш лаборатория жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта бұл зерттеу Алматыдағы онкология ор­талығында да жүргізіледі. Бұл не үшін қажет? Дұрыс ем тағайындау үшін – ісіктің мо­лекулярлық-генетикалық ах­уа­­лын анықтау керек. Дәрі-дәрмектік терапия осыған тә­уелді. Осы зерттеулер нә­ти­­жесінде әрбір науқасқа қа­жетті препараттарды сатып аламыз. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инс­титутының базасында рак­­­қа қарсы жаңа препараттар­ бойынша 7 клиникалық зерттеу жүргізіліп отыр. Осы кли­никалық зерттеулердің шең­берінде бұл препараттар біздің науқастарға қолжетімді. Ісіктер әртүрлі болып келеді, әрбір ісіктің өзіндік толып жат­­­­қан мутациялары бар. Біз бү­гінгі таңда науқастарға же­ке­леген терапия жүргізуге қол жеткіздік. Әрбір науқаста ісік­­тің биологиялық әрекеті әртүрлі болып келеді.

– Интраоперациялық сәулелендіру терапиясы де­геніміз не?

– Интраоперациялық сәу­лелендіру терапиясы ота ке­­зінде зақымданған жерге, басқа ағзаларға тигізбей оты­­­рып, жүргізіледі. Оның тиім­­­ділігі әлдеқайда жоғары. Бұл терапия жатыр мойны, тік ішек, ұйқы безі қатерлі ісік­тері кезінде қолданылады. 2018-2022 жылдарға арналған Он­кожоспар бойынша, бұл аппараттар да онкодиспансерлерге алынады. 

Сонымен қатар біз химио­перфузия әдісі үшін HIPEC-терапиясын да енгіздік. Бұл әдіс арқылы ота мен химиоте­рапия қатар жүргізіледі. Қатер­лі ісік алынып жатқан кезде хи­миялық терапия да бір мезетте жасалынады. Өткен айда біз Израиль дәрігерлерімен көр­сетілімдік екі ота жасадық. Қазір мамандарымыз HIPEC-терапиясын меңгеріп жатыр. Құрал-жабдықтар бар.

Сол сияқты ми, өкпе обырына қарсы гипертермияны енгіздік. Бұл да онкологиялық  науқастарға жүр­гізілетін ем са­пасын ай­тар­лықтай жақ­­сарт­ты.

Қысқасы, кешенді жоспар аясында онкология саласында әлемде қандай ем, озық технологиялар бар, соның бәрін ес­керіп, енгізіп отырмыз. Дәрі­герлердің біліктілігін кө­те­ру үшін шетелдік емханалар­дан мамандар шақырамыз. Ми­нистр онкожоспардың орындалуын жіті қадағалап отыр.

Қатерлі ісікке секемденген адамдар Қазақстанда КТ мен МРТ-дан тегін өте алады. Шілде айынан бері бұл мақсатқа қаржы салынып, өңірлер бойынша бөлінді. Сол сияқты онкологиялық мекемелерде паллиативті мобильді бригадалар жұмыс істейді. Олар науқастардың үйіне ба­рып, ем-дом жүргізеді. Өз­де­ріңіз білесіздер, қатерлі ісік­ке душар болған адамға ерек­ше күтім қажет. Осы шы­ғын­ның бәрін мемлекетіміз өз мойнына алып отыр.

– Мәскеудегі П.А.Герцен атындағы онкологиялық ғы­лыми-зерттеу институты­мен телепатология жүргізі­ліп жат­қанынан хабардармыз.

– Өте күрделі жағдайларда ресейлік әріптестерімізбен кеңесіп отырамыз. Әйнектерді сканерлеп, гисто-скандар­ды оларға жібереміз. Патомор­фолог-дәрігерлер диагнозды тал­қылай келе, тиімді ем түр­лерін тағайындайды. Біз осындай базаны Қазақстанда да жасағымыз келеді. Мәселен, аймақтардағы онкодиспансерлер Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен телепатология арқылы кеңесіп отыр­са, құба-құп. Қазір біз мұн­дай базаны гематология бо­­йынша бастадық.

Қалай десек те, Қазақстанда қатерлі ісіктен болатын өлім-жі­тім азайды. Елімізде диаг­ноз қойылғаннан кейінгі бес­жылдық өмір ұзарды. Бұрын 49 пайыз болса, қазір 52 па­йыз. Әрбір пайыздың астарында адамдардың өмірі, тағ­­­­дыры жатыр. Ал сүт безі  обы­­­ры бойынша он жылда бес­жылдық өмір 78 пайызға өсті. Бұл – үлкен ілгерілеу.

Қазір обыр алғашқы сатысында 100 пайызға ем­деледі. Сондықтан дер ке­зінде қойылған диагноз аса маңызды. Өкінішке қарай, адамдар бізге 3-4 сатысында келеді. Мұндай жағдайда біз олардың өмірін бар болғаны 2 жылға ғана ұзарта аламыз.

Мысалы, жатыр мойны обы­рын алғашқы сатысын­­­да анықтаған жағдайда, біз­ ағзаны сақтап қала аламыз­ және 3 жылдан кейін ол әйел босана алады. Сүт бе­зі обыры кезінде де дер ке­­­­зін­де ем­­делсе, ісіктің қай­та өршуі бай­қалмаса бала табу­ға бола­ды. Мәселен, қазір әйел­дің аналық жасушасы мен ер­­кектің ұрығын химио­те­ра­­­­пия жүргізілмей тұрып, мұз­­да­тып қоюға болады. Нау­­­қас дер­тінен құтылғаннан кейін, денсаулығы дұрыс болса, сәбилі бола алады.

– Елордада өтетін жа­һан­дық жиынға UICC пре­зиденті, Иордания ханша­йымы Дина Майред ке­леді екен. Қатерлі ісікпен күре­суде шешуші дауысқа ие жоғары мәртебелі қонақ­тардан тағы кімдер бар?

– Елордада өтетін жаһан­­дық жиынға UICC пре­зиденті, Иордания ханшайымы Дина Майред, Обырды зерттеу жө­ніндегі халықаралық агент­тіктің бас директоры Элизабет Вай­дерпасс, Уругвай прези­денті Табаре Васкес мырза, Түркияның бірінші ханымы Эмине Эрдоган, Белиз мем­лекетінің бірінші ханымы Ким Симплис Барроу, Буркина-Фасо мемлекетінің бірінші ханымы Аджови Сика Каборе, Нигерия бірінші ханымы Аиша Бухари, Армения бірінші ханымы (премьер-министрдің жұбайы) Анна Акопян, Гейдар Алиев қо­ры­ның вице-президенті, БҰҰ Азық-түлік және ауыл ша­руашылығы ұйымының (FАО) ізгі ниет елшісі Лейла Алиева, Экономикалық ын­ты­мақтастық және даму ұйы­мының (ОЭСР) денсаулық сақ­тау бөлімінің басшысы Фран­ческа Коломбо сынды әлем­ге әйгілі тұлғалар келе­тіні нақ­тыланды.

Сонымен қатар саммитке Венгрия, Ресей, Ирак, Руанда, Шри-Ланка, Тәжікстан, Зам­бия және әлемнің басқа да елдердің денсаулық сақтау министрлері қатысады.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20