Қазақстан • 17 Қазан, 2019

Мәдени астана атануға әзірленуде

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2020 жылы Шымкент ТМД-нің мәдени астанасы атанбақ. Осы жауапкершілікті абыроймен атқару үшін қала әкімдігі тарапынан бірқатар жобалар қолға алынды. Жуырда дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында шаһар әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен «Шымкент қалашығы» жобасы бойынша осындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес өтті.

Мәдени астана атануға әзірленуде

Сәулеттік кеңес құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшілері, суретшілер, мү­сін­шілер, тиісті басқарма бас­­шы­лары мен құзырлы меке­мелер­дің жауапты мамандары бар.

Аталған кеңесте Шымкент қа­лашығын қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы Мәскеу халықаралық сәулет академиясының профессоры, ҚР монументалды ескерт­кіш жөніндегі мемлекеттік комис­сиясының мүшесі, жоба авторы Сәдуақас Агитаев баяндады.

Белгілі сәулетшінің айтуынша, 2019 жылдың соңына дейін «Ескі қалашықтың» жоғарғы бөлігінің жұмысы аяқталып, келесі жылдың наурыз айына дейін қазба кезінде табылған экспонаттардан тұратын мұражай-экспозициясы әзірленетін болады. Ал жел­тоқсан айында бекініс қабыр­ғалары бар Оңтүстік қақпаны қалпына кел­тіру аяқталып, сол жерде 200 шар­шы метрге Визит-орта­лығын орналастыру жоспарлануда. Және де Оңтүстік қақпа алдын­дағы алаңды абаттандыру қолға алын­бақ.

Сонымен қатар Қараха­нид­­­тер кезеңі мен Қазақ хан­ды­­­ғының тұрғын кварталда­рын мұражайға айналдыру жұмы­стары жүр­гізіліп, батыс, сол­түстік және шы­ғыс бе­кініс қабырғаларын қалпына кел­тіру келер жылда жалғасады. Қуан­тарлығы, қала тұрғындары мен қонақтар үшін қалашық аума­ғынан 550 орын­дық амфитеатр құрылысы басталмақ.

Жиын қорытындысында қала басшысы Шымкент қалашы­ғы­ның тарихи, көркемдік құн­ды­лығын сақтай отырып, қазіргі за­манға сай пайдалану үшін жағ­­дай жасау қажеттілігін атап айт­ты.

Ал, Шымкенттегі заман талабына сай жаңадан тұрғызылып жатқан сәулеттік жобаларға кеңінен тоқталған ол «Shymkent City» жобасының аумағындағы тұрғын үй кешендері туралы сөз қозғады. Арғынбеков кө­ше­сіндегі көпқабатты тұр­ғын үй кешенінің, Нұрсәт ша­ғы­н ауданындағы «Nur-Sultan Plaza» көпқабатты тұр­ғын үй кешенінің, олардың қас­беттерінің сондай-ақ, көпқа­батты авто­­тұрақтардың эскиздік жобаларын талқылады.

«Бүгінде Шымкент қаласы жаңаша қарқынмен дамуда. Қаланың сәулеті, әсемдігі мен көркі архитекторларға тіке­­лей байланысты. Кез келген құ­рылыс нысанын салғанда ке­ңес мүшелері бір кісідей атсалы­су қажет. Себебі біз тарихи кезеңді бастан өткерудеміз. Мега­полис деген атқа лайықты қызмет ету баршамыздың парызымыз. Сәулеттік-көркемдік шешімдерді нақтылау барысында қателіктер жібермеуіміз керек. Қаланың қасбетін көркейтуде кәсіби көзқарастарыңызды айтып отырғандарыңыз абзал», деді Ерлан Қуанышұлы.

Кеңес отырысында әлемдік нарықта өзіндік орны бар «High Vill» және «Feb Group» құрылыс компаниялары жақын болашақта үшінші мегаполисте іргетасы қаланатын жобаларымен таныс­тырды.