Аймақтар • 17 Қазан, 2019

Алматыда исламдағы ағартушылық тақырыбында форум өтті

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда «Исламдағы ағартушылық және Қайта өрлеу дәуірі: білім  мәдениетіне Фарабтан, Бағдатқа және Кордобоға еуропалық шіркеулер арқылы» тақырыбында өткен  форум барысында Орталық Азия, Таяу Шығыс, Батыс Еуропа, АҚШ және Ресейден келген ғалымдар келелі зерттеулерімен бөлісті.

Алматыда исламдағы ағартушылық тақырыбында форум өтті

Форумның ашылуы барысында келген қонақтарға қошеметін білдірген ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов тақырыптың ауқымдылығын қозғап, бүгінде әлем үшін тұрақтылық пен бейбітшіліктің маңызды екендігін атап өтті.

Форумға арнайы келіп, құттықтау лебіздерін айтқан Қазақстандағы консулдықтардың өкілдері жүзден астам ұлттар мен ұлыс өкілдерін тыныштықта ұстап отырған ел билігіне алғысын білдірді. 

Әлемдік диалог пен мәдениеттің өзара әрекеттесуі адамзаттың дамуында шешуші рөлге ие. Форум алаңында кездескен әлем ғалымдары мұсылман әлемінің өркениет кеңістігіндегі үлесі, ғылымның әрбір саласының дамуындағы игі жетістіктерін сөз етті. Қазақстандық ғалымдар Ә.Дербісәлі, Ғ.Мұтанов, Франциядан А.Фишлер, АҚШ-тан Д.Петрик, Үндістаннан М.Хайдер, Ресейден Р.Валеев, Өзбекстаннан Ф.Муминова,  т.б. зерттеу бағыттары бойынша баяндама жасады.

Шығыс пен Батыстың ағартушыларының ойлары адамзат өркениетінің дамуына, мәдениеттердің жақындасуы мен ғаламдық сананың қалыптасуына тигізетін әсерін көрсетуді мақсат ететін форум Батыс пен орта ғасырдың  түркі-араб-мұсылман әлемі: білім эстафетасы; бейбітшілік пен тұрақты дамудың қайнар көзі - білім мәдениеті; мәдениеттерді жақындастырудың және ғаламдық сананың қалыптасуының негізі - дәлелді диалог үш секция бойынша өтуде. 

 

АЛМАТЫ