Руханият • 18 Қазан, 2019

Алтын Орда тарихы таразыланды

612 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанын­дағы Әлемдік экономика және саясат институты ұжы­мының ұйымдастыруымен «Алтын Орда: тарих пен тағылым» атты дөңгелек үстел өтті.

Алтын Орда тарихы таразыланды

Шараның мақсаты – үсті­міздегі жылдың 24-тамызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт кіндігі Ұлытауда өт­кен халықаралық туристік фо­­рум­­да сөз сөйлеп, қазақ даласын­да хандық құрған көшпелі империя Алтын Орданың 750 жыл­дығын атап өту жайлы айт­қан тұжырымын жаңғырту.

 Жиынды ашқан модератор Радик Темирға­лиев­тың пайымынша, отандық тарих­тың олқы тұстары көп, соның бірі – Ұлы даланың тарихы мен мәде­ниеті. Яғни әлемге әйгілі Жошы ұлысының заңды мұрагері – Алтын Орда им­пе­риясы­ның тарихын жаңғырту арқылы бүгінгі ұрпақтың сана­сы оянады.

Жоғарыдағы басқосуға елі­міз тарихшыларымен қатар атал­ған тақырып бойынша көлемді еңбектер жазған ғалымдар да шақырылыпты. Соның бірі – татар оқымыстысы, тарихшы-этнограф Дамир Исхаков. Бұл кісі өз баяндамасында «Алтын Орда – түркілер империясы. Оның мәдениеті мен тарихы – бәрімізге ортақ. Өйткені Алтын Орда дәуірі – түркілердің жұл­дызды сәті. Мұндай алып империяны басқалар құра алған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл Ұлыс – көшпелі шаруашылық пен отырықшылықты қатар үй­лестірген классикалық қоғам» деп дерек-дәйектермен айтып берді. Сонымен қатар Дамир Маулияұлы Алтын Орда күллі Еуропаны астықпен қамтып, сол дәуірдегі үлкен мемлекеттер Юань империясы және Парсы елімен қарым-қатынаста болғаны жайлы да тың деректер келтірді.

Келесі баяндамашы Мемле­кет тарихы институтының директоры, белгілі ғалым Бүркітбай Ая­ған өз сөзінде: «Кеңес кезінде Түркі қағанаты, Алтын Орда сияқ­ты аузын айға білеген әйгілі мемлекеттік құрылымдар тарихы партия тарапынан қысымға түсті. Өйткені Ұлы дала билеуші­лері Еуропа мен Азияның жер­лерін уы­сында ұстады, сондай-ақ Еура­зияның көптеген халықтары кейіннен олардың мемлекет басқару тәжірибесін, салық салу жүйесін, әскери өнерін, тіпті пош­та қызметіне дейін пайдаланды» десе, Түркі академиясы­­ның сарапшысы, филология ғы­лым­дары­ның кандидаты Тимур Козырев: «Алтын Орда ұлысы ком­­му­никациясы мен логистикасы жол­ға қойылған, әрі сол тұста толық­қанды атрибуттары бар мем­лекет болды. Қазіргі елорда иен далаға бой көтере салған жоқ. Бұл қала Ұлы даладағы қала­лық өр­ке­ниеттің жалғасы. Алтын Орда тұсында жазба әдебиет те бар еді. Дамыған мемлекеттік ап­парат та жұмыс істеп тұрды» деді.

Сонымен жиынға қаты­су­шылар Назарбаев Уни­­вер­­ситетінің профессоры, Ал­тын Орда тарихының білгірі Юлай Шамильоглу, отандық тарихшылар Айболат Күшкімбаев мен Гүлмира Илеуованың мәнді баяндамаларын тыңдады.

Шара барысында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы қоры жанын­дағы Әлемдік экономика және саясат институты еліміздің 14 облысы және республикалық маңы­зы бар 3 қаладан таңдап алын­ған 2500 адамның қаты­суы­мен жүргізілген әлеумет­тік зерттеудің қорытындысын жариялады. Мұндағы тұжы­рым­ға сенсек, тарихи тақырып қазақстандықтардың үштен бір бөлігін қызықтырады екен. Әсіресе қазақ тарихына деген қызығушылық қатысу­шылардың 40 пайызын құраса, олардың 68 пайызы тарихи білімді мектеп және ЖОО бағдарламасынан, 37 пайызы көркем шығармалар­дан, 31 пайызы деректі фильм, теле­бағдарламалардан алатыны анықталыпты.

Сауалдамаға қатысу­шы­лар­дың 29,6 пайызы Қазақ хандығы кезеңін, 25 пайызы Алтын Орда дәуірін, 21,8 пайызы Ұлы Отан соғысы жылдарын тарих жылнамасындағы ең қызықты кезең деп есептепті. Қатысушылардың төрттен бірі қазақ мемлекеттігінің бастауы тәуелсіздік алған 1991 жылдан басталады десе, аз бөлігі Қазақ хан­дығының құрылуымен байла­ныстырған. Ал бүгінгі талқы­лауға түсіп отырған Алтын Орда тақырыбына қатысушылардың 44,8 пайызы оң көзімен қараса, 28,9 пайыз адам бейтарап күйде қалған.

Жиын соңында дөңгелек үс­телге қатысушылар Алтын Ор­да­ның 750 жылдығын мерекелеу қажет деген тоқтамға келіп, сонымен қатар алдағы уақытта отандық тарихқа мемлекеттік деңгейде көңіл аударып, одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім артты.