О дүниеге сапар
Тас жолға тұмсық тірей тоқтады. Қарт жорықшының ізі ғана жатыр. Тіке тартыпты.
***
Таудай көліктер жөңкіліп жүр. Өңкиген бірі өте шығып еді, тозаңға тұншықты. Қарт жорықшының сүрлеуін шаң басқанмен иісі аңқып тұр. Жортуылда соңынан қалмайтын еді, сол әдетімен жол үстіне жорғалап шықты. Орта тұсқа жетпей іркілді. Ізден адасқандай, иіс те жоқ. Сол мезет бір көлік зуылдап өте шықты. Екпініне шыдамай қалбалақтап ұшқан. Жол шетіндегі шалшыққа құлапты. Көліктер аяғын малған сайын көлкіген суы асып-төгіледі. Шашырандымен бірге кете барды. Шағын шұңқырда үйелеп жатып, ес жиған. Сүйретіліп шығып, илеуіне асықты. Жолай әппақ дөңдер кездесті, бірінен түсіп, біріне мінген.
***
Орталық мешіт тұсындағы жүргінші жолағымен екі адам өтті. Асығыс. Шаштан көрі сақалы қоюлау жігіт ағасы бозбалаға ешбір тіршілік иесіне қиянат қылмау жайлы уағыз айтып бара жатыр. Ал, өзі жүргінші жолағында болар-болмас дақ қалдырғанын байқамады.
Көз жасы
–Көмектесіңіздерші! Анамның еміне көмектесіңіздерші! Өтінемін, сіздерден, көмектесіңіздерші!
Базар алдында құйтақандай қыз бала шырқырап тұр. Шыр-шыр етеді бала жүрек.
–Машинка, машинка,–деп бақырып келе жатқан май бөксе, болбыр қарын жуәрмекті шешесі көк желкеден екі түйді.
Көңіл
Ойын алаңына арсалаңдап жетті. Балалар үрпиісіп тұрды да тым-тырақай тарап кетті. Шешесі қоларбадан түсіріп босаған әткеншекке мінгізгелі жатыр. Ал, ол балаларға қарай берді.
Есболат АЙДАБОСЫН