Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ерғали Бақаш

804 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Ерғали Бақаш

Қос үрей

Көзді арбар көркем елес пен жүрекке беріш боп қатқан сұмдық оқиғаның санасына қатар таңбаланғаны әлемтапырақ күйге түсіріп, еңсесін басып келеді. Жылт етіп, көңіл сергітер сәттің өзі жер-көктен табылмай, орынсыз қапаланатынды шығарды. Ондайда, сана түкпірінде жатқан жұмбақ жанның көзайым бейнесі ғайыптан пайда болғандай нұр шашып, шуақтана қалады. Әне-міне сөзге тартып, сырласар мезетте сағымдай жалт беріп, жанарына шық тұндырады. Еркінен тыс, өң мен түстің арасында шайқалып, пұшайман халге түседі. Іле, тағы бір балауса бейне шыр айналып жанынан шықпай, сабырынан алыстатады. Ол – өмірдің кермек дәмін анасының жатырынан татқан бүлдіршін қыздың мұңлы бейнесі еді. Ондайда, жүрегі лобылып, басы айналып, өзін қоярға жер таппай, тандыры кеуіп, ындыны қашқан шөл даланың кеберсіген қолаты мен ұсқынсыз өзегіне сіңіп кеткісі келетін. Бірақ, санасы азат болмай, бәрібір құтыла алмайтынын кеш білді...

 

Жарық

Түнектен саңылау іздеген жарық ақыры тысқа шықты. Бірақ ешкімді көре алмады.

 

Ерғали БАҚАШ