Суретті түсірген: Орынбай Балмұрат, (EQ)
Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелди, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетші елшісі Невзат Уянык, Әзербайжан елшісі Рашад Мамедов, Қырғызстан елшісі Жээнбек Кулубаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз және Парламент Мәжілісінің депутаттары мен елімізге танымал ғалымдар қатысты.
Қос туынды жайлы пікір айтып, көсіле сөйлеген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Ұлтымыздың рухани қазынасы тағылымды дүниелермен толығып отыр. Қазақта «озған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады» деген тәмсіл бар. Яғни, ата-бабаларымыз Орхон ескерткіштері арқылы тарихымызды тасқа таңбалап кеткен. Осы мәтіндерді қазақшалау арқылы ұстаз-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың халқымыздың әдебиет тарихын 12 ғасырға тереңдетіп берген еңбегі өз алдына бір төбе. Тереңнен тамыр тартып, бір-бірінен нәр алып жатқан түркілік мұраның рухани сабақтастығы бұл. Яғни, бұл үрдіс үлкен жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, ұлы арналардың, алып мәдениеттердің тоғысынан туған нәтиже деуге болады. Демек, бұл туындылар ғалым еңбегінің жеңісі мен жемісі. Әсіресе «Ұлы Дала әдебиеті» туындысы Мырзекеңнің бұған дейін зерттеп, зерделеген әдеби еңбектерінің жүйеленіп, сарапталған заңды жалғасы. Сонымен қатар Орхон ескерткіштері арқылы Ұлы далаға билік жүргізген Бумын, Естеми, Таспар, Құтылық қағандар тізбесі жасақталып, тарихта болған Күлтегін, Білге, Тоныкөк тұлғаларын «Алпамыс», «Қобыланды», «Оғызнама», «Қорқыт ата» секілді ежелгі жырлар кейіпкерінің сюжеттік желісімен, поэтикалық кестесін салыстыра зерттеп, салиқалы байламдарға, байыпты уәждерге қол жеткізді. Осы мұралардың кешегі өткен Кенен Әзірбаевқа дейін жалғасуы аталмыш еңбектің құндылығын айғақтап тұр» деді.
Ал келесі құнды еңбек «Қорқыт ата кітабы» жайлы Қырымбек Елеуұлы, бұл туындыда қазақ эпосына тән көркемдік кестелермен қатар, қазақ тарихы мен мәдениетін қосатын деректер мол. Біздің әдеби һәм тарихи мұрамыз саналатын туындының тұпнұсқадан қазақ тіліне транскрипциялануы – тіліміздің аса бай қазынасына қосылған зор үлес. Кітапта 8 мыңға жуық сөз бен сөз тіркестері кездеседі. Атап айтар болсақ, кітаптағы «Алатау», «Қазылық», «Қазығұрт», «Көкшетау», «Арқабел», «Қаратау», «Қарашық», «Түркістан», т.б. жер-су атаулары қазіргі қазақ жерінің географиялық нысандары екені айқын. Демек бұл кітап ұрпақ үшін баға жетпес байлық деп өз бағасын берді.
Осы жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Әрбір ұлтты, әрбір мемлекетті басқа ұлтқа танытатын – оның өнері мен мәдениеті. Осы орайда халқымыздың рухани қазынасына үлкен үлес қосып жүрген Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың бүгінгі жарық көріп отырған еңбектері болашақ үшін өте қажет. Әсіресе бұл туындылар – бүгінгідей тарих пен өткенге талас туып жатқан кезде қазақ тарихын бұрмалаушыларға тойтарыс беретін құнды құрал. Тағы бір айта кететін дүние, келесі жыл қазақ тарихы үшін үлкен оқиғаларға толы болмақ. Атап айтқанда, бабамыз әл-Фарабидің 1150, Алтын Орда ұлысының 750, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойлары өткізіледі. Бұл үрдістер ұрпаққа мемлекетшілдік сана қалыптастыруға үлес қосатын болады», деп қайраткер-ғалымға шығармашылық табыс тіледі.
Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қос туынды авторы М.Жолдасбековке арнайы жолдаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның хатын оқып берді.
«Құрметті Мырзатай Жолдасбекұлы, сіздің тағылымы мол тағдырыңыз көпке үлгі. Егемен еліміздің сындарлы саясатын дамытып, беделін арттыруға, тарихын толғап, мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлесіңіз зор. Адам өмірінің мағыналы да мазмұнды тұстары дамылсыз атқарған еңбектің қастерлі белестерімен, адамдық адалдығымен өлшенеді. Бүгінгі «Ұлы Дала әдебиеті» және «Қорқыт Ата кітабы» атты туындыларыңыздың жарыққа шығуы да сол бейнетті еңбек жолындағы жетістіктеріңіздің бағамы. Бұл кітаптарыңыз терең зерделеніп, болашақ ұрпаққа тарту ретінде зор еңбекпен келген дүнине екені сөзсіз. Қоғам мен әдебиеттің игілігіне бағышталған еңбектеріңіз тәуелсіз елімізді тағы бір рухани белеске көтерді» делінген екен құттықтау хатта.
Сонымен қатар Ақтоты Рахметоллақызы Мәдениет және спорт министрлігінің әлеуметтік әдебиеттерді басып шығару және тарату бағдарламасы бойынша келесі жылы бүгінгі тұсауы кесіліп отырған қос туынды 5 мың дана тиражбен шығарылып, ел көлеміндегі барлық кітапханаларға таратылатыны туралы сүйінші жаңалықты да жеткізді.
Айта кетейік, маңызды басқосудың модераторы, тарихшы-ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі аталған тұсаукесерге Ұлы дала мұрасына құрметпен қарайтын тұлғалар және ежелгі түркінің ұрпақтары жиналып отырғанын көпшілікке ризашылықпен жетікізіп, қос туындының бірі «Ұлы Дала әдебиеті» кітабы Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көргенін жеткізді.
Осылай жақсы жаңалық естіп, қанаттанған қауым қос туындының авторы Мырзатай Жолдасбековтің өзекжарды пікіріне құлақ түрді.
–Қорқыт ата – барша түркі жұртына ортақ VІІІ ғасырда өмір сүрген тұлға. Сол себепті оның мұрасын Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан ғалымдары терең зерттеуде. Бұл үрдістен қазақтар да қалыс қалған жоқ. Үлкен ғалымдар М.Әуезов, Ә.Марғұлан, т.б. Қорқыт жырына назар аударды. Батырлық жырлар жинағы болып табылатын абыз мұрасы ХІV-XV ғасырларда Анадолы топырағында жинақталып, кітапқа айналған. Бұл туынды әлемге «Қорқыт Ата кітабы» деген атпен танымал. Осылардың ішінде бүгінге жеткен жырдың екі нұсқасы ғылымға белгілі. Соның бірі – Ватикан кітапханасында түрік жазбалары қорында сақталған, көлемі 107 парақ. Бұл нұсқа 6 жырдан тұрады. Тілдік тұрғыдан осман-түркі тіліне жақын әрі жыр мәтіндеріне қареке (белгі) қойылған. Ал мына тұсауы кесіліп отырған алдарыңыздағы кітап оғыз-қыпшақ тілінде жазылған Дрезден нұсқасының қазақша транскрипциялануы. Туынды сөздігімен қоса қазіргі тілімізге ыңғайластырылған. Бұл істі Гүлім Шәдиева қарындасымызбен бірлесіп 4 жылдың ішінде атқарып шықтық, – деген ғалым ағамыз «Қорқыт ата кітабын» аударудағы басты ерекшеліктерге тоқталды. Соның ең біріншісі – түпнұсқа факсимилесін оқып, транскрипциясының жасалуы. Екінші ерекшелігі – алдыңғы транскрипцияларда басқаша оқылған күмәнді сөздерді қайта қарап, оған жаңаша түсініктеме берілгені, үшінші ерекшелік – жырдағы қыпшақ элементтеріне баса назар аударылды. Төртінші ерекшелік – сөздік құрастыру барысында тарихи-салыстырмалы тіл зерттеулері үшін ғана емес, этнолингвистикалық, этнографикалық зерттеулер үшін де маңызды дүниелер жасалды.
Аталмыш кітап бұған дейін де қазақ тіліне аударылған. Алғаш рет 1986 жылы әдебиетші ғалымдар Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділдаев орыс тіліндегі нұсқа бойынша қазақшаласа, кейінгі жылдары фольклортанушы Ш.Ыбыраевтың басшылығымен бір топ ғалымдар түрік тіліндегі нұсқасынан қазақшалаған екен. Ал мына кітаптың өзгешелігі – тұпнұсқадан кең мағыналы түрде түсіндірілуінде.
«Сондай-ақ туындыны қазақшалауға бұған дейін ежелгі көк түріктерден жеткен мұра Орхон ескерткіштерінің жыр мәтінін қазақшалаған тәжірибем көп көмегін тигізді. Өйткені Орхон мұралары өзіне дейінгі мың жылдықтар тарихын бойына сіңірген аса құнды қазына. Қорқыт мұрасы да осы үрдіспен сабақтасып жатқандықтан тәңір қолдап, жұмыс оң шешімін тапты», деді М.Жолдасбеков.
Сөзінің соңында ғалым ұзақ жыл айналысқан әдеби зерттеулерін толыққанды түрде шығарып берген Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қуандықұлы мен екінші туынды «Қорқыт Ата кітабына» демеушілік жасаған Болат Жәмитұлына көпшіліктің алдында зор алғысын білдірді.
Сондай-ақ тың туындылар авторының замандасы, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, халықтың тарихын білмей келешекті бағамдай алмайсыз. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған кітаптар ұлтымыздың рухани қазынасына қосылған үлкен еңбек десе, келесі кезекте сөз тізгіні бұйырған Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов өз сөзін жазушы Ә.Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тағылымымен бастап, тұсауы кесіліп жатқан қос кітаптың авторы Мырзатай Жолдасбековтің тұлғасын шығармашылық һәм қайраткерлік жағынан талдап түсіндірді. Депутат мырзаның пайымынша М.Жолдасбеков әуелі Орхон жазуларын жаңашалап канондық текст жасай алды. Екіншіден, тәуелсіздік идеологиясын Елбасымен бірге жүргізе білді, үшіншісі – бүгінгі екі кітап. Әсіресе «Қорқыт Ата кітабы». Эпостың интеграциясы оғыз-қыпшақ ажырамаған тұста Сыр бойында туған. Кейінгі редакциялары Әзербайжан топырағында жетілдірілген. Бұл үлкен тарихи миссияның орындалуы. Биыл Қорқыт атаның 1320 жылдық мерейтойы. Туындының поэтикалық лебі, көркемдігі ең бастысы ескі сарынның сөз саптауы өте жақсы сақталған.
Сонымен маңызды жиынды қорытындылай пікір білдірген еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразов, байсалды адамнан байыпты сөз шығады. Мырзекең осыған лайық тұлға. Пайғамбарымыздың хадисінде «Артына пайдалы білім қалдырған ғалымның соңынан үзілмей сауап барып тұрады» деген үкім бар. Ағамыздың еңбектері жоғарыдағы пайғамбар өсиетіне жақын дүние боларына бек сенімдіміз деп сөзін аяқтады.