Қазақстан • 21 Қазан, 2019

Нан болса, ән болады

1194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ дастарқанында ас атасы – нан. Құрамында дәрумендердің 70 пайызға жуығы бар тағамның мемлекеттің стратегиялық бағдарламасында сапасы мен экологиялық қауіпсіздігіне орай нақты міндеттер қойылған.

Нан болса, ән болады

Бүгінде астықты ел саналатын Қазақстанның соңғы бес жылдағы көрсеткіштер бойынша жинаған астығы 19 млн тоннаны құрап отыр. Оның шамамен азық-түлік, жем, тұқым, өндірістік өңдеу бағытында 5-6 млн тоннасы ішкі қажеттіліктерге жұмсалады екен. Ал экспортқа шығатын астық көлемі 7 млн тоннаны құрайды. Алматыдағы «Ақсай нан» комбинатында өткен Нан мерекесі барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Марат Оразаев осындай мәліметтермен бөлісе келе ішкі нарық астыққа зәру емес деп атап өтті. Нан өндіретін кәсіпорындар ұнмен толық қамтамасыз етілуде. Бірақ өңірлерде нан бағасы тұрақты емес. Осы тұрғыдағы сұрағымызға орай министрлік өкілі нан бағасының тұрақтылығы мемлекет тарапынан қадағаланып отырғанын жеткізді. Қазіргі кезде әлеуметтік нанның бағасы 76,1 теңгені құрайды. Аймақтық әкімдіктер жанынан тұрақтандыру қорлары жұмыс істейтін болса, респуб­лика деңгейінде Азық-түлік корпорациясы жылына 320-350 мың тонна 3 сұрыпты бидай сатып алады. Сол бидайдың есебінен нан зауыттарының қажеттіліктері өтеледі. Сондықтан да экспорттық әлеуетімізді шектеудің еш қисыны жоқ, деп атап өтті М.Оразаев.

Ал Алматы қаласының тұрғындары күніне тұтынатын 135 тонна әлеуметтік нанның 60 пайызы «Ақсай нан» комбинатында өндіріледі. Жоғарыда атап өткеніміздей, оңтүстік астанада да нан бағасы өсті. Осы сауалымызға орай Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин «Тиісті мекемелермен жасалған келісімдер негізінде әлеуметтік нан бағасы қымбаттамайды» деп атап өтті. Қазіргі кезде статистика мекемелері нан кәсіпорындарымен нан бағасын тұрақтандыру жөнінде келісімдер жасаған. Сондай-ақ қалада арнайы комиссия құрылып, әлеуметтік нан бағасын қымбаттатпаудың жолдары мен ұн өндіретін ірі кәсіпорындармен келісімшарттар негізінде субсидиялар да қарастырылуда.

Бүгінде өндірісінде 1200-ден аса маман еңбек ететін отыз жылдан астам тарихы бар «Ақсай нан» комбинатының отандық нарықтағы беделі жоғары. Мұнда жылына 45 мың тоннаға дейін нан-тоқаш өнімдері өндіріледі. Экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы Салтанат Шүкірованың айтуынша, күніне 80 тонна нан өнімдері шығатын болса, оның 50 пайызын әлеуметтік нан өнімдері құрайды. «Ақсай нан» өнімдері Алматы қаласы ғана емес, еліміздің барлық аймақтарын қамтамасыз етеді. Сақтау мерзімі шектелген нан өнімдері қала маңындағы елді мекендерге жеткізіледі. Маман мәселесінде мұқтаждық жоқ деп атап өткен С.Шүкірова Алматы технологиялық институтымен қатар қаладағы колледждер, лицейлер түлектерімен қатар ішкі оқыту жүйесі арқылы мамандар оқытылатындығын атап өтті.

Республика аймақтарында тойланған Нан күніне орай комбинаттың үздіктері марапатталды. Салтанатты шара барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Марат Оразаев, Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов мамандарды Алғыс хаттармен марапаттады. Аудан әкімі С.Сайфеденов биылғы жетістіктерге тоқталып, аудандағы кәсіпорындар, мекемелер жұмысы жайында айтып өтті. Сондай-ақ «Ақсай нан» комбинатының аудан дамуындағы үлесінің де айрықша екендігіне тоқталды. Салтанатты шара соңы өнерпаздардың ән-биіне ұласты.

 

АЛМАТЫ