Руханият • 21 Қазан, 2019

Жақсының көзімен жүздесу

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екеуі де атақты Естайдың немерелері, әншінің ұлы Жанәбілден туған қыздар. Қазір Зекен әже Екібастұздың Ақкөл-Жайылма ауылында, ал Зейнеш әже Ертіс ауданы, Қосағаш ауылында тұрады.

Жақсының көзімен жүздесу

Екібастұздағы Естай атын­­­­­дағы музыка мектебінде Зекен Жанәбілқызының 90 жылдығына арналған рухани мәдени шара өтті.

Былтыр Естай Беркім­бай­­ұлының 150 жылдығы той­ланған еді. Облыс әкімі Бо­лат Бақауовтың бастама­сымен музыка мектебіне Естайдың есімі берілген-ді.

Әнсүйер, өнерсүйер ха­лық жиналып, Зекен әжеге үл­кен құрмет көрсетті.

–Әулиелі Ақкөл-Жайыл­маның әншілік ортасы ата­мызға да әншілік ғұмыр берді, бойына дарқан дарын сыйлады, – деді әжеміз сахна тө­рінен үн қатып.

Айтқандай-ақ Естай әнші Қорлан қызға қолы жетпей, Ұм­сынғанға үйленеді. Ұм­сын­ған екеуінен қос әженің әке­лері Жанәбіл бар төрт бала өмір­ге келеді. Жанәбіл 41-дің соғысында қаза табады. Ана­лары да қайтыс болады.

Сөйтіп екеуі Естай мен оның екінші әйелі Зағишаның қо­лында өседі.

Ауылдастары кезінде Ес­тай «Са­ры­­торғайым» деп еркелеткен Зей­неш әжеміз жас күнінде керемет ән айтқанын, бүгінде ол кісінің де 80 жас­тан асып бара жатқанын еске алды. Жасы 90-ға келген Зекен әженің де ыңылдап ән айтатын әдеті бар екен.

Осындай қызықты естелік-әңгімелерден-ақ әнші Естай жайлы қос әженің көріп-біл­гендері жазып аларлық дү­ние екенін ұғасыз.

Осы күнге дейін табыл­маған Қорлан қыз сыйлаған жүзіктің өзі бір хикаятқа тұ­рарлық.

–Екібастұз қалалық та­ри­хи-өлкетану музейінен Ес­тай залы ашылды. Ақын-ән­шінің тұтынған жеке заттары, ұрпақтарынан алынған ескі дүниелер, домбырасы, ша­­маданы бар. Немере інісі Кәрі­байдың да домбырасы осында тұр. Естай інісінің үйі­не қыдырып барғанда сол домбы­раны тартып, ән шыр­қайды екен, – дейді ақынның ұрпағы, журналист Фархат Әміренов.

Айтуынша, әулеттеріне құн­ды жәдігер – екі шамаданды да музейге берген. Естай ақын 1939 жылы Алматыға бар­ғанда әкелген екен. Бірін Зекен апаға, екіншісін немере інісі Қыздарбек атаға тарту етіпті.

Ал Зекен әженің 90 жыл­ды­ғына арналған кеште есте­ліктер, ғибрат аларлық әңгі­мелер айтылды. Кеште Медғат Ма­нап, Аман­гелді Қожанов, Жан­болат Бай­­сол­тан, Нұржан Сар­қам­баев­тар әуелете ән салды.

Күйші Қайрат Айтбаев күм­бірлетіп күй шертті. Му­зы­ка мектебінің жас таланттары да өз өнерлерін көрсетті.

Кеш соңында 90 жастағы Зекендей асыл әжеміз жинал­ған қауымға алғыс айтып, батасын берді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы