Биыл 9 ай ішінде автодиллерлер сатқан автокөліктердің жалпы құны 499,8 миллиард теңгені құрапты. Бұл былтырғы көрсеткіштен 19 пайызға жоғары. Қауымдастықтың хабарлауынша, жыл басынан бері ең көп сатылған көліктердің көшін Lada бастап тұр. Lada диллерлері 9 айда 11 092 көлік сатып, былтырғы межені 15 пайызға асыра орындапты. Қыркүйек айының өзінде ел азаматтары түрлі маркадағы 957 Lada көлігін тақымға басқан.
Екінші орында Toyota тұр. 9 айда 10 525 Toyota сатылған. Қыркүйек айында дилерлер 1 204 көлік өткізіпті.
Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында құрастырылатын Hyundai ең өтімді көліктердің үштігін түйіндейді. Жыл басынан бері республика бойынша 100 мыңнан артық Hyundai сатылып, былтырғы меже 76 пайызға асыра орындалған. Өткен айда қостанайлық зауыттан шыққан 1 345 Hyundai иесін тауыпты.
Отандық автоөндірістің көшбасшысы саналатын «СарыарқаАвтоПром» сыртқы нарыққа көлік экспорттайтын жалғыз компания екенін де айта кетейік. Биыл осы зауытта құрастырылатын JAC, Hyundai сынды 1 243 көлік Ресей, Қырғызстан, Беларусь елдеріне экспортталыпты.
– Қазақстанда құрастырылған автокөліктерге деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келе жатқаны байқалады. Әр ай сайын автонарыққа жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша отандық өнімнің үлесі 50 пайыздан түскен жоқ, – дейді автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметінің өкілдері. Биыл 9 айда елімізде түрлі типтегі 33 500 көлік құрастырылыпты. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 40 мыңнан асып түсуге тиіс.
Отандық көліктер саудасының қызуына 4 пайыздық сыйақымен 20 жылға дейін берілетін автонесиелеу бағдарламасы ықпал етіп отыр. Осы бағдарлама үшін Ұлттық банк 14,5 млрд теңге бөлген болатын. Екінші деңгейлі банктерге жыл соңына дейін тағы 5,5 млрд теңге берілмек.