Қоғам • 22 Қазан, 2019

Сот шешімі қайтсе сапалы болады?

1474 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Сот төрелігін әділ жүргізу, сот шешімдерінің сапасын көтеру – соңғы жылдары елімізде ерекше екпінмен айтылып жүрген мәселенің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет» деген болатын.

Сот шешімі қайтсе  сапалы болады?

Өңірдегі ахуал

Батыс Қазақстан облысының соттары 2019 жылдың 9 айында 15 247 азаматтық істі қарап, оның ішінде 1357 азаматтық іс татуласу рәсімдерімен аяқталған. Оның ішінде 130 тарап бітімгершілікке келсе, 1213 іс медиация тәртібімен қаралған. 14 іс партисипативтік рәсім тәртібімен шешілген. 11 770 әкімшілік іс қаралып, оның 939-і медиация заңын қолдану арқылы қысқартылған.

– Жыл басынан бері өткен 9 айда облыстық сотқа апелляциялық шағым немесе прокурордың өтінішхатымен 278 іс түсіп, 258-і қаралды. 33 іс бойынша қаулы бұзылып, 4 іс бойынша қаулы өзгертілді. 6 іс қайтарылса, 10 шағым кері алынды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов.

Бек Әметұлының айтуынша, елімізде сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндет сараланған. Оның басты мақсаты – сот төрелігіне сенімді арттыру, сот төрелігінің әділдігін, оның жауапкершілігі мен тәуелсіздігін, сот шешімдерінің жоғары сапасын және судьялардың біліктілігін арттыру арқылы құқық үстемдігін қамтамасыз ету.

Межеге жеткізер жеті міндет

Соттардың мәртебесін биіктететін жеті міндет деген не?

Жоба бойынша бірінші міндет – «мінсіз судья» деп аталады. Халық сенімі мен құрметіне ие болу үшін судьяның жеке басына, қоғамдағы мінез-құлқына, моральдық орнықтылығына, өз ойын жеткізу қабілетіне аса мән беріледі.

Екінші басымдық – «үлгілі сот». Сот жұмысын оңтайлы ұйымдастыру, сервис­тер сапасы, сот персоналы, материалдық-техникалық қамсыздандыру, жүктеме, ресурстарды тиімді пайдалану – бәрі осы міндет аясына кіреді.

«Әділ процесс» деп аталатын үшін­ші бағыт – біздің бүгінгі тақырыбы­мызға тікелей байланысты. Яғни, сот практи­касының әділдігі мен объективтілігіне қоғам қанағаттана ма? Сот төрелігін нақты бағалау механизмін дайындау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, судьялар этикасы нормаларын сақтау, судьялар қызметін бағалау мәселелері өте маңызды.

Төртінші міндет «смарт сот» деп аталады. Бұл арқылы сотта 100% ІТ қызметін пайдалануға жағдай туғызылмақ. Жоба негізінде сот саласында электронды жүйе­лер кеңінен қолданылып, қағаз айналымы барынша азаятын болады.

Бұл межеге қазірдің өзінде қол жетті деуге болады. Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Нұрлан Қажғановтың айтуынша, жыл басынан бері өткен 9 айда соттарға түскен барлық талап арыз бен өтініш, әкімшілік материал мен шағымның 100 пайызға жуығы «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолданған. Облыс бойынша барлық 67 сот мәжіліс залы толығымен дыбыс-бейне жазу жүйесімен жабдықталған. Бейнебайланыс жүйесі арқылы қашықтан сот отырысын өткізу мүмкіндігі 1302 сот отырысында пайдаланылған. «Виртуалды сот», «электронды қылмыстық іс» секілді бастамалар да әдеттегі жағдайға айналған.

Бесінші, «Оңтайлы орта» бағдарламасы қоғам мен соттар арасында тиімді қарым-қатынасты орнатуға арналған. Бұл жерде БАҚ өкілдерімен тығыз байланыс, әлеуметтік желілер әлеуетін пайдалану – басты орында тұр.

«Сапалы нәтиже» аталған алтыншы басымдық сот актілерінің түсінікті жазылуы мен олардың орындалуына көңіл аударады. Судьялардың сот шешімін жариялаған соң, тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіруі де осы бағытқа кіреді.

Кез келген даудың мұраты – бітісу. Сот мүддесі де тараптарды татуластыру екендігі анық. Бұл жетінші міндет. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» деп аталатын жетінші жоба медиация қызметімен тікелей байланысты. «Дауласушы тараптарды татуластыру – барлық жаққа да тиімді әрі қажетті шаруа. Қазір барлық аудан мен ауылдық округтерде медиация кабинеті ашылды. Дауларды сотқа дейін медиативтік келісіммен шешу аясы кеңейіп келеді», дейді Бек Әметұлы.

Сот шешімдерінің сапасы

Дегенмен, қарапайым халық сот жұмы­сын қалай бағалайды? Сот шешім­дерінің сапасы соттың бірінші сатысында шығарылған шешімдердің өзгермей, сол күйінде қалуымен бағалана ма? Жалпы, сот жұмысын қадағалайтын, оның жұмысына баға беретін орган бар ма?

– Заң бойынша сот жұмысын қадаға­лайтын орган жоқ. Өйткені ол тәуелсіздік принципіне қайшы келеді. Нақты қандай да бір іс бойынша шешім шығарған кезде судья тәуелсіз болады. Ал жалпы соттың жұ­мысына келетін болсақ, оны өзінен жо­ғарғы тұрған орган ғана қадағалай ала­ды. Мысалы, бірінші сатыдағы сот ше­шім­дерін облыстық сот қадағалайды. Облыс­тық соттың шешімдерін Жоғарғы сот қарайды. Ал басқалай сот жұмысын сырттай қадағалайтын орган жоқ, – дейді Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы Нұргүл Қанатбаева.

Логикаға сайсақ, бірінші сатыдағы соттың шешімі апелляцияда өзгеріссіз қалдырылса, өзгертілмесе, ол шешімнің заңға сәйкес, дұрыс қабылданғаны деуге болатындай. Заң дұрыс қолданылмаса немесе қате қолданған сапасы жоқ шешім болса, ол апелляция немесе кассациямен өзгертіледі, немесе шешім күшін жояды. Сот жұмысының сапа көрсеткіші осы, басқа көрсеткіш жоқ.

Батыс Қазақстан облыстық соттарында биылғы 9 ай ішінде азаматтық істер бойынша 1939 шешім апелляцияда қаралған. Оның 50-і күшін жойып, 69-ы өзгертілген. Әкімшілік іс саласында 258 апелляция тапсырылып, 33 қаулы бұзылса, 4 қаулы өзгертіліпті. Қылмыстық істер бойынша апелляция саны – 168, осының 11-і жойылып, 17 үкім өзгертілген. Көріп отыр­ғаны­мыздай, апелляцияның 80-90%-ы қана­ғат­тандырылмайды.

Сырт көздің пікірі

Сот жұмысының сапасын апелляция санымен есептеу қаншалықты дұрыс? Сот шешімдеріне шағымды бәрібір сол сот органы ғана қараған соң, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегеннің кері болмай ма? Бұған өзге саладағы заңгерлер не дейді екен?

– Соттың жұмысын тек қана сот қадаға­лайды. Әлемдік тәжірибеде солай: сот тәуелсіз болуы керек, оның жұ­мы­сына ешкім қол сұқпауы қажет. Рас, бұл мәсе­ленің екінші жағы да бар. Бір кор­по­ра­цияның ішінде болған соң корпо­ра­тивтік мүдде болуы мүмкін. Мұндай кез­де «сот жұмысына қоғамдық бақылау бол­са» деген ой келеді. Бірақ оның аяғы сот жұ­­мысына араласып кететін «кедергі» ке­ңес­ке айналуы әбден мүмкін, – дейді Батыс Қазақ­стан облыстық адвокаттар ал­қасы­ның мүшесі, адвокат Мәди Мырзағараев.

Мәди Жомартұлының айтуынша, сот жүйесінің басына Жақып Асанов келгелі оң өзгеріс байқалған. Соның бірі – соттың барлық шешімдері ашық базаға салынып, кез келген адам қарай алатындай қолжетімді болды. Екіншіден, қазір әр судья өзі шығарған шешімді түсіндіріп беруі тиіс. Осы екі жаңалықтың өзі қоғамның сот жұмысын қадағалауына мүмкіндік тудырып отыр.

– Өз ойымша қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес мекемелер сот жұмысын сараптаса, бір категориядағы істерді алып, республика бойынша зерделесе деп ойлаймын. Сол кезде бірдей мәселе бойынша тағайындалған жазалардың әртүрлілігі анықталса, оны жоғары соттың назарына ұсынуға алатын мүмкіндік туар еді. Сол шешімді шығарған судьяның әрекеті де халықтың талқысына түсер еді. Бұл да қоғамдық бақылаудың бір түрі ғой. Шешім шығарылған, базаға енген істерді сараптау – сотқа қысым болып саналмайды. Бірақ осындай сараптама болатынын білсе, судья да өз шешіміне өте сақ, жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз, – дейді адвокат.

Бір қызығы, Мәди Мырзағараев «сот ше­ші­мінің сапасы» деген ұғымға қарсы екен.

– «Сот шешімінің сапасы» деген тіркес­ке қарсымын. Сот шешімінің әділ­дігі деген болуы керек. Сапалы, сапасыз дей­тіндей, сот өнім шығарып жатқан зауыт емес қой. Бұл жерде көз қырында ең алды­мен сот шешімінің әділдігі қаперге алынуы тиіс. Бізде өкінішке қарай, «сапасына» қарайды. «Сот әділдігінің сапасы» деген көрсеткіш қуалаудың салдарынан жабулы қазан жабулы күйінде қалатын жағдайлар болады. Мысалы, аудандық сот шешім шығарады, оны апелляция бойынша облыстық сот қарап жатады. Шындығында әлгі шешім заңға аздап томпақ келіп тұр дейік. Яғни, ол шешім бұзылу керек. Бірақ ол шешім бұзылса, «аудандық сот судьясының жұмысы сапасыз, қате шешім шығарған» деп саналады. Сосын араға кісі салу, қолқалау, «менің шешімім еді, бұзбаңдаршы, күшінде қалса екен» деген өтініштер, көзге көрінбейтін әрекеттер жүріп жатады. Айналғанда сот шешімі бұзылмайды, күшінде қалады. Бірақ ол шешімді «сапалы» деуге бола ма?! Шындығында бұл әділетсіз шешім ғой! Міне, сондықтан да сот шешімінің бұзылуы, яки бұзылмауы сапаға әсер етпеуі керек! – дейді адвокат.

Судья істі қараған кезде заң мен, әлбетте, ішкі жеке түйсігіне де сүйене отырып шешім қабылдайтыны жазылған. «Сондықтан судья ешкімге жалтақтамай, «ертең бұл шешім бұзылып кетеді-ау, сосын менің үстімнен тәртіптік іс қозғалады-ау, қызметімнен алып тастайды-ау» деп қауіп­тенбеуі керек. Судья шешімдерінің сапа­сы ол қабылдаған жекелеген шешім­нің бұзылғаны, бұзылмағанына емес, жал­пы жыл қорытындысына ол шығарған шешім­дерге жасалған шағым санының пайыздық мөлшеріне қарап есептелуі тиіс. Әрине сотта дауласқан екі тарап бол­ған­дықтан, олардың бірі шешімге риза бол­мауы ақиқат. Бірақ судья өз шешімін өте әділ шығарып және соны жетер жеріне де­йін жеткізіп түсіндіріп, неге осылай шығар­ғанын айтып берсе, шектен шыққан даукес біреу болмаса, көпшілік сөзге тоқ­тайды ғой. Меніңше, сот жұмысын осылай таразылау қажет» дейді Мәди Жомартұлы.

 

Сот есігі ашылды

Осы мақаламызды жазып жатқанда Батыс Қазақстан облысындағы түрлі сот құрылымдарының төрағалары тұңғыш рет «Ашық есік» күнін өткізді. Төрағалар биылғы 9 айда атқарған жұмыстары туралы тұрғындарға ақпарат берді. «Ашық есік» күніне Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов, қалалық соттың төрағалары мен судьялары, соттар әкімшісінің басшылығы мен бөлім басшылары түгел келді.

– Сот саласында жүргізіліп жатқан рефор­малар оң нәтижесін беруде. Судья­­лардың жүктемесін азайтуға бағыттал­ған заңнамалық актілер қабылдан­ды. Халыққа құқықтық көмек көрсету, құқық­тық мәдениетті арттыру, азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейін көтеру, сонымен қатар сот төрелігіне қолжетім­ділік­ті қамтамасыз ету мақсатында «Ашық есік» күнін өткізіп отырмыз. Орал қала­сындағы төрт сот төрағасы тұрғындардың сауалына жауап береді. Азаматтық қоғам өкілдері белсенді болса, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамдық қабылдау өткізуге дайын­быз. Судьялардың халықпен жүздесуі аза­мат­тарға дәйекті жауап алуға, әділ сот төре­лігіне деген сенімді арттыруға мүм­кін­дік береді, – деді шараны ашқан облыс­тық соттың төрағасы Б.Әметов.

Осы күні Орал қалалық соты, қалалық №2 сот төрағасы, Орал қаласының маман­дандырылған әкімшілік сотының төрағасы, мамандандырылған ауданаралық эконо­ми­калық сотының төрағасы ел алдына шығып, сот төрелігін жүзеге асыру бо­йынша қыл­мыс­тық, азаматтық және әкімші­лік істердің нәти­желері туралы айтып, тұрғындардың аза­ма­ттық-құқықтық реттеу, алимент тө­леу, еңбек заңнамасының бұзылуы хақын­дағы сұрақтарына жауап берді. Келу­ші­лердің кейбірі сот актілерімен келіс­пей­тінін ашық айтты. Оларға да заң норма­лары түсіндіріліп, әр сауалға алқа төраға­лары толық жауап берді. Мұның өзі сот органдарының халыққа мейлінше жақын болуға тырысқан әрекетін әйгілеп тұрды.

Міне, сот саласындағы реформалардың нәтижесін жеке өңірдің, бір облыстың мысалында сараптап көрдік. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, сот органдары халыққа бетін бұрып, барынша ашықтық танытуда. Енді жоғарыда адвокат Мәди Мырзағараев айтқандай, қоғам тарапынан сауатты іс-қимыл, сарабдал сараптама қажет-ақ. Сот жұмысының сапасы немесе сот әділдігі осылайша қалыптасса керек.

 

Батыс Қазақстан облысы