Ең қысқа әңгіме • 22 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Омарбек Нұрдәулет

761 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Омарбек Нұрдәулет

Қарғалар

                                                                                                                         «Ей, аспанда ұшып жүрген қара кітап...»

                                                                                                                                       Мұхаммет Салық

 

Күздің қара суығында араққа сылқиып тойып алып, ауыл шетіндегі ағаштың түбінде жатқан біреуге қарап, қарсы ағаштағы қос қарға тұмсығы жыбырлап, сілекейі шұбырып, «мына неменің етін шоқып жеп бір марқайып қалсақ» деген тәтті қиялдың жетегінде тұр. Жасамыс қарға жанындағы жолдасына қарап:

– Бұл адам деген мақұлықтың етінен дәмді етті жеп көргенім жоқ. Әттең тірісіне шама келмейді, өлгені – жер астында, тұмсық жетпейді, – деді күйіне сөйлеп.

– Оның рас. Бірақ кезінде осы далада өліктер жер-жерде тырайып-тырайып жатты емес пе? Пах, шіркін! Сонда тек нәрестелерінің жұмсақ етін таңдап жүріп, қарным жарылғанша шоқып едім. Ғұмыры келте қарғаның басына мұндай бақ бір-ақ мәрте орнар, – деді екіншісі.

– Е, ондай сауық құрған берекелі кездер бұл далада талай болған, – деп, жасамыс қарға «қарқ» етіп бір күрсініп алды.

Әттең...

 

Омарбек Нұрдәулет

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше