Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Ғибратты ғұмырнама

303 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ішкі істер саласында Есімовтер әулетінің үшінші ұрпағы жемісті еңбек етіп келеді. Бахтияр атасы мен әкесінің бейбіт өмірде қалтқысыз сіңірген адал еңбегін әр кез мақтан тұтады. Тәлім-тәрбиелері мен үлгі-өнегелерін бойына сіңіріп, жақсы атақтарына кір жуытпауға тырысады.

Ғибратты ғұмырнама

Бұл отбасы туралы әңгіме қозғағанда екі мүшел жасында қапияда қаза тапқан Ғазиздің есімі тіл ұшына алдымен оралары заңды. Жастықтың алау оты бойында жалындап, қоғам тыныштығын сақтаудағы мазасыз қызметін бастаған ол өмірдің ауыр тауқыметін көп көрді. Әке-шешесінен жастайынан айырылып, үлкен ағасының бауырында өсті. Сегізінші сыныпты аяқтағаннан кейін көп ойланбастан өндіріске араласуға, сөйтіп шыңдалу мектебінен өтуге шешім қабылдады. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң комсомолдық жолдамамен Петропавл қалалық ішкі істер бөліміне милиционер болып орналасты. Ә дегеннен өз ісіне жауапты, уәдеге берік, жолдастық-достыққа адал қасиеттерімен дараланып, қылмыспен күресте, алдын алуда, болдырмауда басын талай қатерге тікті. Үнемі алғы шепте жүрді. Отан деген асыл ұғымды көзінің қарашығындай қадірлей білді. Марқұмның көп армандарының бірі оқуын жалғастыру, үлгілі отбасын құру еді. Алайда тағдыр оған жазбады. Ойда-жоқта қаскүнемдердің қолынан ажал құшты. 1951 жылдың 21 маусым күні жарық күнмен мәңгілікке қоштасарын білмеген. Патрульдік топ құрамында кешқұрым жұртшылық жиі жиналатын демалыс саябағына кезекшілікке барған. Бір-бірімен күлімдей амандасып, алаңсыз серуендеп жүрген адамдардың түнгі тыныштығын әлдебір жандардың ащы даусы бұзып, айналаны жаңғырықтырып жіберген. Оқиға орнына іле-шала жеткені сол еді, ішімдікке есіріп, ақыл-есін жоғалтқан екі әскери адам би алаңында жүргендерді қуалап, соққының астына алып жүргенін қырағы көзі бірден шалған. Дереу біреуін жерге жығып, кері қайрыла бергенде екіншісі мұның мойын тұсына өткір кездікті бойлата сұғып жіберген. Қан саулап қоя берсе де ет қызуымен байқамаған. Әдіс қолданып, оны да ырқына көндіре бергенде көмек тобы жетіп үлгірген. Бірақ бәрі кеш еді. Жедел жәрдем көрсетілгеніне қарамастан ауруханаға жетпеген күйі ақтық демі үзіліп кеткен. Содан бері арада жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де қызметтік борышын өтеу кезінде қапылыста мерт болған оғланның есімі ескерусіз қалған емес. Үнемі жас буынға үлгі етіліп, ерлік істері кеңінен насихатталып келеді.

–Кеңеске 2240 ардагер мүше. Олардың 5-уі– фашистік Германияға қарсы қаһармандықпен шайқасса, 28-і– тыл еңбеккері. Қай-қайсысының да қоғамдық тәртіптің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі зор. Әртүрлі дәрежедегі мемлекеттік марапаттармен атап өтілген. Джура Кобелев деген майдангеріміз жуырда 102 жасқа толды. Соңғы екі жылда 128 ардагеріміз санаторийлерде, жергілікті әскери госпитальда ем-дом алып, тынығып қайтты.

Ал Ғазизге арналатын іс-шаралардың орны бөлек. Департамент ғимараты қабырғасында мемориалдық тақта орнатылған,–деді облыстық полиция департаменті жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев.

Осыдан екі жыл бұрын ішкі істер органдары жас полицейлердің республикалық слеті Қызылжар өңірінде өткенде ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшысының құрметіне арнайы аллеяның таспасы қиылып, салтанатты түрде ашылыпты. Шырша көшеттері отырғызылыпты. Қазір бұл жер ұрпақтар арасындағы сабақ­тастықты жетілдірудің, озық дәс­түр­лерді жаңғыртудың, жауынгерлік рухты қастерлеудің символдық белгісі, жарқын үлгісі іспеттес. Оқушылар экскурсиясы, жұмысқа орналасқан жас қызметкерлер осында келіп, ағаш егу, гүл шоқтарын қою секілді танымдық, тағылымдық акциялар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады.

Осы әулеттің қадірменді бір мүшесі Болат Ғафизұлының да саналы ғұмыры ішкі істер органымен тығыз байланыс­ты. Еңбек жолын аудандық ішкі істер бөлімінен бастап, облыстық көші-қон қызметі бастығының орынбасарына дейін көтерілген. Өңірде осы саланың дамуына, нығаюына сүбелі үлесін қосқан. Жан жары Алма Жапарқызы да қалалық ішкі істер бөлімінің кеңсесінде қызмет атқарған. Олардың ұлдары Бахтияр ата, әке соқпағын жалғастыруды мақсат етіп, таңдаудан қателеспеген. Ішкі істер министрлігі жанындағы академия­ны тәмамдағаннан кейін туған жерге оралған. Қазір Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары. Полиция майоры.

Келіншегім Анар да қалалық ішкі істер бөлімінде біраз жыл еңбек етті. Бәрін қосып есептесек, әулетіміздің жалпы жұмыс өтілі жарты ғасырдан асып кетеді. Ұлымыз Әмір жеті жаста. Менің жолымды қуып жатса, қуанбасам, ренжімеймін. Өйткені әулетіміздің ұшар басында тұрған атамызды бәріміз ерен ерліктің өшпес ескерткіші, темірқазығы санаймыз, дейді Бахтияр Болатұлы тәртіп сақшысына тән нық, сергек үнмен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы