Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Шартараптан келген шипагерлер

669 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде дәстүрлі меди­ци­на өкілдері көптен бе­рі өткізуді жос­парлап жүр­ген «Ұлы дала емі» атты І ұлттық конференциясы өтті. Халықаралық ұйым­дардың қатысуымен өткен ауқымды жиын дәстүр­лі медицина әдісте­рін жаң­ғыр­туды көздейді.Қазақ­стан халқының этностық-дәс­түрлі медицинасына арнал­ған жиынға 20 мемлекеттен ғылыми дәрежелері бар 200-ге тарта делегат қатысып, 17 бағытта ауқымды баян­дама жасады.

Шартараптан келген шипагерлер

Ең бастысы, үш күн бойы то­­­­­­­лассыз жүрген ауқымды жиын­да шартараптан келген шипагерлер пайдалы да қызықты мағлұматтарға қанығып, өз­де­ріне қажетті деп тапқан шебер­лік дәрістеріне қатысуға қол жеткізді.

Үнді медицинасындағы «Аюверда» мен «Йога» секция­сының өзі түрлі тақырыптарға таратылып, медицинадағы би­дің шипалық рөлі баяндалды. Сол сияқты староверлердің медицинасы, фитотерапия, мануалды терапия, остеопатия мен емдік уқалау, апитерапия, дәстүрлі қытай және корей, ұй­ғыр медицинасы, гирудотерапия, гомеопатия, этностық ме­дицина сынды 8 секция жұ­мыс істеді және секцияларға бө­лін­ген тақырыптардың өзі де ғылыми тұрғыда жан-жақты қа­рас­тырылды.

–Қазіргі таңда дүние жү­зінде дәстүрлі медицина мен ха­лықтық медицинаның рөлі  мен танымалдылығы артып келе жатқаны байқалады. Әлемнің көптеген елдерінде жергілікті тұрғындар үшін халықтық ме­дицина медициналық-сани­тарлық көмектің негізгі және қолжетімді түрі болып саналады. Бірқатар елде халық­тық медицина – дәстүрлі медицина деген атауға ие. Ал Дү­ниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының 2014-2023 жыл­­дарға арналған халықтық медицина саласындағы стратегиясында халықтық медицина мен дәстүрлі медицинаны жақын жылдарда дамытудың бағыттары анықталған. Яғни, стратегия халықтық және дәс­түр­лі медицинаның әлеуетін пай­далануда ДДҰ-ға мүше мем­лекеттердің қолдауы мен күш са­луын қарастыратын негізгі мақсаттарды айқын­дай­­ды. Стра­тегияда өнімдер­ді, дәстүрлі медицина мамандары­ның тәжі­рибесі мен қызметін бақылау ар­қылы халықтық және дәстүрлі медицинаны қауіп­сіз әрі тиімді пай­далануға үлкен мән берілген. Сондай-ақ ДДҰ-ға мүше мемлекеттер өз елдеріндегі халықтық және дәстүрлі медицинаға бай­­ланысты жағдайларды сараптап, електен өткізіп, одан кейін оның саяси шараларын, тәртібі мен жетекшілігін жасап, енгізіп отыруға тиісті еке­ні айтылған, – дейді ҰҒА ака­­­демигі, Денсаулық сақтау министрлігінің «Дәрілік заттар мен медициналық бұ­йым­дарды ұлттық сараптау орта­лығының» клиникалық фармакологы Раи­са Күзденбаева.

Дәстүрлі медицинаның ең маңызды міндеті – науқасқа дер кезінде білікті маманнан керекті медициналық көмек ал­ған кезде пайдасының болуы. Қазір  ДДҰ-ға мүше мемлекеттер стратегияны жүзеге асыру барысында нақты бір табыстарға жетіп отырғанымен, түйткілдер де жоқ емес. Бұл мәсе­лелер халықтың ден­сау­лы­­ғын нығайтуда дәс­түрлі және халықтық медици­на­ның рөлін барынша кең түсініп, қа­растыратын тиісті нор­матив­тік құжаттарды қабылдау ар­қылы шешілмек.

–Демек, бұл мәселелер біз­дің елімізді де айналып өтпей­ді. Себебі адам емдеудің ықы­лым замандардан келе жат­қан әдісі әлі де ресми түрде Қа­зақстанда денсаулық сақтау жүйесінің бір бөлігі ретінде бағаланып отыр­ған жоқ. Сон­дық­тан да бір жағынан бұл кон­ференция сәйкес шешімдер қабылдау үшін медицина саласы басшыларының назарын­ аударуды көздейді, – деді «Ком­плементарлық және дәстүр­лі халықтық медицинасы ма­мандарының қоғамы» РҚБ пре­зиденті Назигүл Қоңыр­таева.

Өз кезегінде «Жас-Ай» ха­лық­аралық медицина орта­лы­ғының бас директоры, ме­дицина ғылымдарының док­торы, профессор Жасан Зекей­ұлы: «Ұлы дала емі – тарихы күрделі, қат­пары терең, кие­лі ғылым. Әлем­нің атақты ға­лым­дары мойын­даған Ұлы дала емі түрлері тек Шығыс ме­­дицинасының ғана емес, бү­кіл әлем медицинасының қа­­­­зы­­насына айналып отыр. Кон­­­ференцияның мақсаты – ру­хани құндылықтарды, эт­ностық-дәстүрлі медицина әдістерін жаң­­­­ғыр­ту, Қазақстан халқының өмі­рін ұзарту, сондай-ақ этнос­тық-дәстүрлі медицинаға қа­тысы бар әр сала мамандарын бі­ріктіру», деді.

Мәселен, қазақ халық медицинасы ресми түрде Қытайда мате­­риалдық емес мәдени мұ­ра­­лардың мемлекеттік ка­те­­го­риялары тізіміне енген. Үрім­жідегі Шыңжаң медици­налық университетінде қазақ халық медицинасы толық оқы­тылады екен.  Бұл туралы хабар таратқан «Синьхуа» агенттігі қазақ халық медицинасы фа­куль­тетінде қа­зақтар ғана емес, ұйғыр, татар және қырғыз сту­денттері де дәріс алатыны ту­ра­­лы жазады. Сондай-ақ фа­куль­­тетте қазақ халық меди­ци­насының шежіресі, адамның табиғатпен, жан-жануарлар, өсімдіктер әлемімен өзара қа­рым-қатынасының философия­сы және дертті анықтау мен ем­деу жолдары кеңінен оқы­тылады. Қытайлар да қазақ ха­лықтық медицинасына үлкен қызығушылық танытады.

–Оқу үдерісінде арнау­лы оқу­лықтар мен оқу құрал­да­­ры және 5 ғасыр бұрын жа­зыл­­ған, қазақ халық меди­цина­сының көпғасырлық емдеу тә­жіри­бе­сіне негіздеген Өте­бойдақ Тілеу­­қабылұлының «Шипа­гер­лік бая­ны» кітабынан трак­тат­тар қол­данылатыны   жа­зыл­ған, – дейді академик Раиса Күзден­баева.

Соның ішінде қазақ ха­лық медицинасында көбіне­се өсім­діктер мен жан-жануарлар­дың майына байланысты ем түрлері кеңінен танымал болға­ны, көшпенді өмір салтын ұс­танған қазақтар аңшылық пен мал өсірудің сан- ғасырлық жо­­­лында аң-құстардың түрлі ағзаларын әртүрлі дерттерге өте тиімді пайдалана біл­ге­ні де нақты сипатталады. Ал өсім­­діктер мен шөптердің қан­дай ем­дік қасиеттерге ие еке­нін те­­рең меңгерген қазақтар адам­­­­­дардың әрбір ағзасы мен оның қызметін жетік біліп қа­на қоймай, кез келген кесел­ден емдеп отырған. Әрине адам емдеудің ежелгі әдістері қа­зіргі заманауи медицинадан айыр­машылығы айтарлықтай бол­ғанымен, дала шипагерлері ерекше байқампаздық пен өмірлік тәжірибеге сүйенеді.

Сондықтан да осы заманның оқымыстылары да, медицина майталмандары да адам денсау­лығын нығайтып, түрлі дертпен күресуге кешенді түр­де келу керек­тігін түсініп отыр.  Көз­деген мақсатқа жету үшін дәрі­гер­лер ендігі жерде дәс­түрлі ме­ди­цинаны жоққа шыға­ра алмайды.

Оған қоса, дәстүрлі меди­ци­на­ның өзін туризм мен та­быс­тың көзіне айналдырып отыр­ған елдер бар екенін де жоққа шығармауымыз керек. Мәселен, осы конференцияда этностық медицина туралы сөз болған кезде Үндістаннан келген мамандар 800-ге тарта өзіндік тілі бар үнді биінің ем­дік әсерлері туралы баян­даса, қазақтар «Қара жорға» мен «Бүркіт» биін алға тартты.

Қысқасы, қазір Қазақстанда да шөптің емдік қасиеттерін тамаша қолданып отырған фитотерапевтер, сүлік салатын, инемен, нүктелік уқалаумен емдейтін тәжірибелі мамандар көптеп табылады. Олардың арасында оралман ағайындардың үзілмеген тәжірибесі мен табысты әрекетін де атап өткен артық болмайды.

Ендігі жерде, өз кезегінде дәстүр­лі және халық емшіле­рінің қызметі қауіпсіз әрі ке­пілді болу үшін, олардың жо­ғарыда аталған салалары өкіл­дерінің қызметін қадағалап, үйлестіретін стратегиялық жос­пар жасалуы тиіс. Өйткені адам емдеймін деп пайда үшін түрлі қадамдарға баратындардың мысалы қай кезде де табылады. Ал керісінше, қолында алтын инесі, шипалы шөбі, епті қолдары бар дәстүрлі медицина өкілдеріне олардың өнімдері мен қызметін жетілдіру жо­лын­да нақты көмек пен қол­дау қажет болып жатады. Сон­дық­т­ан да халқымыздың ден­саулық саласындағы қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін құ­зырлы басқару органдарын құрудың қа­жет­тілігі көрі­ніп тұр. Оған қоса, халық ме­ди­цина­сы­ның қайта жандана бас­таған түр­лері денсаулық сақтау жүйе­сіндегі әріптестікте қо­сымша артық­шылықтарға ие болып, олар­дың халықаралық дең­гейде ақпарат-тәжірибе алмасуға жол ашу қажеттігі айқын көрініс таба бастаған.

Ұлттық конференция­ны ұйым­­­дастыруға «Комплемен­тар­­лық және дәстүрлі халық ме­­ди­цина­сы мамандарының қо­ғамы» республикалық қоғам­дық бірлес­тігі мұрындық бол­ған-ды. Осы арада ком­пле­ментарлық, яғни халықтық ме­дицина мен дәстүрлі меди­цинаның аражігін ажы­рата кеткен жөн, десті ма­ман­дар.

–Дәстүрлі медицина – бұл әлемдегі барлық ұлттардың та­ри­хымен бірге жасасқан, ең маң­дайалды, халық денсау­лы­ғына қорған бола білген, сан ғасырлар сыннан өткен, үздік емдеу тәсілдерін қол­дана білетін медицина. Ал комплементарлық медицина дәстүрлі медицинаға қарағанда адам санасы, жаны және тәнінің табиғи үйлесімді жарастығын басты нысан ретінде қарайды. Сондай-ақ адам денесін тұтас қалпында, 12 мүшесімен бір­ге басқарып отыратын жан ка­­нал­дарының болатынын дә­­лел­деуден жалықпау керек, – дейді Жасан Зекейұлы.

Қалай десек те, елімізде бі­­­рін­ші рет өткізілген «Ұлы да­ла емі» атты І ұлттық кон­фе­ренциясының маңызын атап өту керек. Тәуел­сіздік бе­де­рінде дәстүрлі меди­цина саласында тәжірибе жи­нақтаған  ши­па­герлеріміз шартараптан келген дәстүрлі медицина өкіл­дерімен дидарласа отырып, қандай мәселелерді жолға қою қажеттігін түсінді. Бұл күндері халықаралық конференцияның қарары нақты ұсыныс-тілектер бойынша жетілдіру үстінде.

 

АЛМАТЫ