Театр • 30 Қазан, 2019

Музыка мүйісі «Астана Операда» түйіседі

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйгілі италиялық музыка маманы, белгілі аспапшы Марио Стефано Пьетродарки бандонеонының сиқырлы да тылсым үні жаһан тыңдармандарына кеңінен мәшһүр. Есімі әлемді мойындатқан айтулы аккордеоншы 30 қазанда танымал қазақстандық музыканттармен бірге «Астана Опера» театры сахнасында өтетін «Музыкалық қиылыс: бәрімізді тоғыстырған әуен» концертінде өнер көрсетеді.

Музыка мүйісі  «Астана Операда» түйіседі

«Астана Опера» театры­ның «Музыкалық қиылыс» циклды жобасы өзінің бірегей концерттік бағдарламасынан бөлек, оған әлемнің білікті музыка мамандарының тартылуымен де тыңдармандар арасында зор қошеметке ие. Клас­сикалық музыка ке­­шіне Италиядан ар­на­йы шақырылған бандо­неоншы Марио Сте­фано Пье­тро­дар­кидің қаты­суы айтулы өнер кешінің көрі­гін қыз­ды­рады деп күтілуде. Ота­нынан бөлек Англия, Фран­ция, Бельгия, Хорватия, Сер­бия, Германия, АҚШ, Поль­­ша, Португалия, Фин­лян­дия, Швейцария, Венгрия, Ка­нада, Армения, Ресей, Бос­ния және Герцеговина, Болгария, Түркия, Ливан, Беларусь, Қытай сынды өне­рі өрістеп тұрған елдерде абы­ройға бөленіп жүрген музыка майталманының бұл – «Астана Операдағы» алғашқы кеші.

VII театр маусымының үлкен жаңалығына айналады деп күтіліп отырған кон­­цертте Марио Стефано Пьетродаркимен бірге сахнада «Астана Опера» сим­фо­ниялық оркестрінің со­лисі әрі концертмейстері, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Бағдат Әбілханов, оркестр солисі Айсұлу Бай­кенова, виолончельші Құр­банжан Ахатов, сондай-ақ қа­зақстандық жас пианист Ерлан Серкебаев өнер көрсетеді. Кеш бағдарламасына танымал қазақстандық композитор Артық Тоқсанбаевтың фортепиано, скрипка және виолончельге арналған «Дала нақыштары» триосы мен әй­гілі аргентиналық композитор Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жылдың төрт мезгілі» және «Танго тарихы» туындылары еніп отыр. «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін классикалық музыка кешінің дирижер тұғырында белгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұ­хитдинов өнер көрсетеді.