Қоғам • 31 Қазан, 2019

Атыңызға неше нөмір тіркелгенін тексеріңіз

2794 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы кездері азаматтардың өз аттарына белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгені туралы шағымдар жиілеп кетіпті. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко телефон нөмірді ЖСН-ге тіркеу қажеттігін, тіркелмеген жағдайда қандай қатер туындауы мүмкін екенін түсіндірді.

Атыңызға неше нөмір тіркелгенін тексеріңіз

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте комитет төрағасы «Қазақстандықтар бұдан былай өз атына қанша ұялы байланыс нөмірі тіркелгенін біле алады. Абонентке тіркелген нөмірлер санын білу үшін азаматтың ЖСН-ін енгізу жеткілікті. Бұл сервис тіркелген нөмір санын және  ұялы операторды көрсетіп береді. Тіркелген нөмірлерді тексеріп беретін сервис Мемлекеттік радиожиілік қызметінің сайтында және Egov.kz сайтында орналастырылған», деді.

Егер ұстап жүрген SIM-картаңыз өзге біреудің атында болса, сіз бөтен адамның атынан әрекет еткен саналасыз. Тиісінше шын иесі анықталып, нөмірді даулайтын болса, SIM-картаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Нөмірдің шын иесі кез келген уақытта операторлық кеңсеге келіп, өтініш жазып, SIM-картаны бұғаттай алады. Нөмірді бұғаттамаса да, СМС пен интернет-трафиктерді тексеріп, нөмірден кімге, қашан қоңырау шалынғанын да біле алады. Тіпті ондағы ақшаны басқа нөмірге аудара алады. Себебі нақты нөмірдің иесі де сол.

«Сол сияқты сіздің атыңызға тіркелген SIM-картаны өзге біреу пайдаланып, өзге тұлға заңға қайшы әрекет етуі мүмкін. Онда құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұялы операторға өтініш жіберіп, алдымен сізге келеді. Өйткені нөмір сіздің атыңызда. Өзіңіздің заңға қайшы әрекет етпегеніңізді дәлелдеген күннің өзінде бұл келеңсіздік сіздің мазаңызды алады. Нөміріңіз арқылы өзге біреу несие алып, қайтармай қойса, коллекторлық ұйымдар алдымен сізді іздейді», деді В.Ярошенко.

В.Ярошенконың айтуынша, 18 млн халқы бар Қазақстанда 42 млн SIM-карта сатылған. «Бүгінде бір адамның атына бірнеше нөмір тіркелген фактілер өте көп. Кейбіреуінің атында бір-екі нөмір, ал енді біреуінде 20-30 нөмірге дейін тіркелген. Заңды иесі одан тіпті бейхабар болуы әбден мүмкін. Сондықтан барша қазақстандықтарды сервис арқылы SIM-карталарын тексеруге шақырамын», деді комитет төрағасы В.Ярошенко.