ECO Pack – бұл қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қоғамның назарын аудартуға бағытталған экологиялық науқан. Осы арқылы жас белсенділер тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге дағдыландыруды, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға шақырып жүр.
– Биыл біз ECO Pack жобасын алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Экологиялық акцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз – жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, қоқыстардың табиғатқа зияны сынды экологиялық мәселелерге жұртшылықтың назарын бұрғымыз келеді. Экодорба планетамыздың экологиясын жақсартуға көп үлес тигізеді. Табиғи матадан жасалған дорбалар бірнеше айдың ішінде ыдырап, топырақты органикамен байытады. Осы сынды экологиялық науқан елордамен қатар Қазақстанның барлық өңірінде жүзеге асып келеді, – дейді «Жасыл ел» еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр.
Аталған шараның маңызын отандық блогерлер мен эстрада әншілері арттыра түсті. Өнер жұлдыздары халықты қоршаған ортаға бейжай қарамауға шақырып, азаматтық ұстанымдарын білдірді. Бұдан кейін акция концерттік бағдарламаға жалғасты. Ұйымдастырушылар түрлі ойын өткізіп, бағалы сыйлықтар таратты.