Экология • 01 Қараша, 2019

Алматы экологиясын жақсартудың жолы қандай?

1725 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматының экологиялық мәселесі бүгін немесе кеше туындаған проблема емес, миллиондар тоғысқан мегаполис тұрғындарын көптен алаңдатқан ахуалдың бірі. Айтыла ақжем, жазыла жауыр болған бұл тақырыптың жарасы қашан жазылады? Мұны түбегейлі реттеудің кешенді жолдары қандай? Алматы қаласына жұмыс сапары барысында қала активімен келелі кеңес өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптің көкейін кернеген осы жайдың тамырын тап басып, шаһардың экологиялық проблемасын түбегейлі реттеуді тапсырғаны белгілі.

Алматы экологиясын жақсартудың жолы қандай?

 Жылу орталығы мен көліктердің зияны орасан

Президент экологияны қорғау өңір басшыларының жұмы­сындағы негізгі көрсеткіштердің бірі екенін атап айтты. Бұл ретте күн санап аумағы артқан Алматы қаласының экологиялық ахуалына айрықша тоқталып, қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық зиянсыз түрлеріне көшіру ісін кешеуілдетпей аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қала маңы аймағын газдандыруды жүйелі жүзеге асыруды, ағаштар мен алма бақтарын заңсыз отағандарға шара қолданып, қатаң бақылау орнатуды міндеттеді.

 Иә, өндірістің өрге жылжуы мен түрлі тұрмыстық игіліктер қоршаған орта мен экологияға залалын тигізбей тұрмайды. Тұрмыстық игіліктер деп отырғанымыз – тізгініміздегі тіршілігімізге тірек еткен түрлі темір тұлпарларымыз. 550 мың көлік ресми түрде тір­кел­ген шаһарға тәулігіне өзге өңір­лер­ден келіп-кететін автокө­ліктер санының өзі 250 мыңнан асып жығылады.

Қоғам белсендісі Асхат Асыл­беков, бірімен бірі иін тірес­­кен кептелек-кедергілермен кү­ре­су жолында аталған проб­леманы еңсерген елдердің тәжіри­бесіне сүйенгеніміз дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, Алматының ауасын ластап отыр­ған негізгі екі фактор бар. Алғашқысы, біз сөз етіп отырған көліктердің көптігі болса, одан да сорақысы – қаланың басым бөлігін жылумен қамтып отырған жылу қазандығынан шығатын көмір түтіні.

– Әсіресе қыс пен күз айла­рында тау аңғарына шығып қарасаңыз, қаланың төбе­сі ыс пен түтінге толы екенін көресіз. Жы­­лы­ту маусымы басталған бұл кезеңде мега­полистегі ең үлкен ЖЭО-ның да тіршілігі қай­най түседі. Ең өкініштісі, онда әлі күнге көмір пайдаланылады. Күні-түні будақтаған улы түтін қаланы торламай қайтсін. Оны газға көшіру мәселесі талай рет қозғалды. Дегенмен, техникалық, физикалық тұр­ғыдан оның қа­уіптілігі де бар. Осыны ескерген мамандар бұл проблеманы ше­шудің басқа да оңтайлы жолдарын ұсынды. Меніңше, қаланың 8 ауданына жеке-жеке газбен жылыта­тын қазандықтар орнатпай, мәселе толық шешілмейді. Бұ­дан бөлек, қала іргесіндегі жеке секторда орналасқан үйлердің жартысына жуығы газға қо­сылмаған. Оған себеп газбен жылытуға қо­­сылудың бас­тап­­қы құнының қымбаттығы. Осыны арзандату мәселесін көтеріп, жағдайды бақылауда ұстау қажет. Көмірмен жылытатын қазандықтар филь­­­трлерінің ұдайы ауыстырылып тұруын да қатаң қадағалаған абзал. Қаланың негізгі Талғар, Қаскелең тарапындағы кіреберіс қақпаларына үлкен көлік тұрақ­тарын орнатып, шаһар ішінде бір­ыңғай қоғамдық көліктермен қатынауға үндеп, қажет болса мә­селені заң шеңберінде шешудің тетіктерін тапқан жөн. Дамыған елдердегідей үл­кен қалаларға ауыр жүк кө­ліктерін мүлдем кір­гіз­беу керек. Алып қоймалар салып, қажетті заттарды шағын жүк көліктері арқылы ғана қалаға тасы­малдаған ләзім. Мәселен, бір ғана көліктің жыл ішінде ауаға тастайтын қалдықтарының ішінде көмірқышқыл тотығы 800 килоны, азот тотығы 40 килоны құрайды. Басқа да ауаға тарайтын көмірқышқыл зат­тары бар. Осылайша көлік түтінімен қоршаған ортаға 200-ден астам зиянды зат бөлінеді. Жалпы, ел аумағында қоршаған ортаны лас­тайтын заттардың 60 пайызы көліктерден. Оған қоса жанармай құю бекеттеріндегі бензин мен дизель сапасын күн сайын тексеріп отыру қа­жет. Алматының екі миллион ғана тұрғыны бар. Алайда, эко­ло­гиялық ахуал 20 миллион халық шоғырланған Мехико, 17 миллион халық өмір сүретін Те­геран мен Шанхай, 10-15 мил­лионның аралығында халқы бар Нью-Йорк, Ыстанбұл, Мәскеу сияқ­ты қалалармен қатар тұр. Бұл – өз кезегінде кімді болсын ойлантатын өткір мәселе. Өйткені мемлекет үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ, – дейді Асхат Асылбеков.

Маман тілге тиек еткен қор­шаған ортаға ЖЭО арқылы тарайтын түтін де, көлік­терден ке­летін кесапат та Президенттің төр­­ағалығымен өткен Алматы қаласын дамы­туға бағытталған басқосуда айтылмай қалған жоқ. Бұл тұрғыда экология жайы күн тәр­тібінде тұрған проблема еке­­нін алға тартқан қала әкімі Ба­қытжан Сағынтаев өз сөзінде: «2018 жылы қоршаған ортаға шығарылған зиянды заттардың жалпы көлемі 123 мың тоннаны құрады, оның ішінде ЖЭО-2 үлесі 27% болды. Қазіргі уа­қытта «Самұрық-Энерго» АҚ қол­даныстағы стансаны газға ауыс­тыруды көздейтін техникалық-эко­номикалық негіздеме әзір­леуде. Жобаны іске асыру ар­қылы атмосферадағы зиянды шы­ғарындылардың үлесін 17 есе азайтуға мүм­кіндік бар. Осы жобаның әлеуметтік маңызын ес­кере отырып, «Самұрық-Қа­зы­­­наға» сәйкес құжаттамалар әзірленіп болған соң барлық про­це­дураларды тездетуді тапсы­руы­ңызды сұраймын», деген болатын.

Ауа алмаспайды

 Мәселені тек көліктер мен ЖЭО-ға ті­реп қоюға тағы болмайды. Бірқатар эколог маман проблеманың бір ұшын биік ғимараттардың көптеп салынуынан көреді. Өйткені зәулім құрылыс нысандары қаланы қалқалап тұр. Бұл өз кезегінде ауаның алмасуына кедергі тудырады. Шаһардың қазандық тәріздес аумақта орналасқанын ескерсек, шынында бұл пікірдің жай айтыла салмағанын аңғарамыз.

 Қалай айтқанда да кейінгі жылдары Алматыдағы көлік ин­фрақұрылымын дамыту үшін көп жұмыс атқарылғанын жоққа шығара алмаймыз. Қоғамдық көлікті дамыту мақсатында жылжымалы құрамды жаңарту ісі жүйелі қолға алынды. Соңғы кезеңдердің өзінде жеке инвес­торлар есебінен 202 автобус сатып алынса, әкімдік тарапынан газбен жүретін 230 экологиялық автобустың жаңа партиясын жеткізу басталып кетті. Олар жыл соңына дейін маршруттық желілерге шығады деп күтілуде. Осы орайда Президент қала басшылығына метро желілерінің санын арттырып, экология мен кептелек мәселесін қатар шешуді, қалаға жақын аудандарды байланыстыратын экологияға зиянсыз қоғамдық көліктерді көбейтуді, қаланы абаттандыру мәселесіне айрықша көңіл бөлуді жүктеген еді. Қала әкімі Мемлекет басшысына алдағы үш жылда қаладағы барлық аулалар толықтай абаттандырылатынын баяндаған болатын.

 Сайып келгенде Алматының экологиясын қалыпта ұстау жан-жақты кешенді жұмыстарды қол­ға алуды қажет етеді. Мәселен, тоқ­­саныншы жылдары адам саны бойынша әлемнің ең алып қа­лаларының бірі Шанхайдың қақ ортасынан ағып өтетін «Сучжоу» өзені «өлі» өзенге айналып, жер­гілікті жұрт оны «Шанхайдың соры» деп атапты. Қоршаған ор­­таға күніне 10 мың тонна қо­қыс пен 500-ден аса өндірістік кәсіпорынның қалдықтары тас­талатын болған. Алайда, жер­гілікті билік Шанхайды әлемдегі ең таза қалаға айналдыру мақ­сатында кешенді шараларды қолға алып, қаланы жаппай кө­галдандырып, жергілікті автобустар мен таксилерді тұтастай газға ауыстырып, тіпті қала кө­ше­сіне түкіруге тыйым салыпты. Нәтижесінде Шанхай Қытайдың ең таза қаласы деп танылып, экологиялық жасыл бақшаға айнала бастады.

Елдегі ішкі жалпы өнім­нің бестен бірін қамтып отыр­ған Алматының әсем көркі мен табиғаты барша қазақстан­дық­тардың игілігі. Іле Ала­тауының бөктерінде алма бақтарын сақтау мен өсіруді ерекше бақылауға алу керектігіне, қала маңындағы табиғатты қорғау аймақтарына түгендеу жүргізіп, оларды пай­даланудың қатаң рәсімдерін бел­гілеу қажеттігіне баса назар аударған Мемлекет басшысы ел экономикасының күретамырына баланатын алып мегаполистің эко­логиялық тынысына енжар қарауға болмайтынын баса айт­қаны да сондықтан.

 

АЛМАТЫ