Жастар да ІТ индустриядағы ірі компанияларда тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасу үшін жас мамандар бәсекеге қабілеттілік талаптарын белсенді игеріп келеді. Жақында Huawei компаниясының еліміздегі өкілдігінің ұйымдастыруымен басталған ақпараттық коммуникациялық технологиялар байқауы мәреге жеткен болатын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында жеңімпаздарды құттықтау салтанаты өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы Энергетика және байланыс университеті, ҚБТУ, СДУ университеттерінен қатысқан мыңнан астам студент байқаудың алғашқы кезеңінде жоғары көрсеткіштерімен көзге түсіп, олардың арасынан 70-сі оза шауып алға шықты. Ал іріктеу кезеңінде 10 жеңімпаз технология тілін жетік меңгергендер санатына қосылды.
«Huawei Technologies Kazakhstan» ЖШС директоры Чжан Цинго конкурсқа қатысқан қазақстандық студенттерге сәт-сапар тіледі. Ол: «Студенттердің белсенділігіне, қабілетіне тәнті болдық. Сіздер Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық саласының болашағын қамтисыздар деген үміттемін. Ұлттық кезеңнің жеңімпазы болған 10 студент ендігі кезекте 50 елдің үздіктері қатысатын халықаралық финалда Қазақстанның намысын лайықты қорғайды деп сенеміз. IT индустриясының жетекші өкілі ретінде біз ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білім беру, ғылыми және қолданбалы қызметтерді ілгерілетуге күш саламыз. Болашақта университтермен арадағы байланысты нығайтып, осы саладағы жастарды ынталандыруға тырысамыз», деп атап өтті.
Әлемге әйгілі колледждер мен университеттердің өкілдері қатысатын инновациялық конкурс барысында қатысушыларға IoT, Big Data және жасанды интеллект сияқты озық технологияларды нақты жағдайларда қолдануға мүмкіндік беріледі. Мұндай байқау алғаш рет 2015 жылы Қытайда өткізілген. Жеті мыңнан астам студент қатысқан байқаудың аясы жылдан-жылға кеңейіп, Ұлыбритания, Италия, Аустралия, Мысыр, Оңтүстік Африка, Ресей, Үндістан мемлекеттерінен қатысушылардың саны бүгінде 40 мыңнан асады.
Қазақстанда өткен байқауда Ұлттық кезеңнің нәтижесі бойынша бірінші орынды Еуразия ұлттық университетінің студенті Ақниет Нұржаубаев жеңіп алды. Екінші орынға Еуразия ұлттық университетінің студенті Берік Әбдірахман ие болса, Қазақ ұлттық университетінің атынан қатысқан Айдана Байзаханова мен Еуразия ұлттық университетінің тағы бір студенті Әлішер Әнуарбек үшінші орынды бөлісті. Байқау барысында Батырхан Әбдірашев, Ғалымжан Ибадулла, Ерлан Тілеуғалиев, Нұрсая Өмірсерік, Дастан Жұмабеков, Ерасыл Слямов жақсы нәтиже көрсеткендер қатарында Huawei компаниясының сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ Алмас Серікбаев, Алдияр Агишев, Айшабібі Сейілова, Нұрқат Ғабдоллаев үздік оқытушылар деп танылды. Оларға да тиісінше арнайы сертификаттар тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қатты денелер физикасы және бейсызық физика кафедрасының меңгерушісі, PhD М.Ибраимов, Л.Елмұрат, А.Смағұлова, Ж.Камашбек, байқауды ұйымдастырушы компанияның өкілі Лю Диа, тағы басқалары жеңімпаздарды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Жеңімпаз Ақниет Нұржаубаев байқаудың қатаң сынақ алаңы болғанын, өзінің оған үлкен ізденіспен, дайындықпен келгенін жеткізді. Былтыр жолы болмаса да тауы шағылмай, биыл кезекті мәрте бақ сынап, тапсырмалардың қиындығына қарамастан, жеңімпаздар қатарынан табылған Ақниет қазақстандық студенттердің әлемнің үздік компанияларымен байланыс орнатуы отандық ІТ-салада білікті мамандар қатарының көбеюіне ықпал етеді дейді.
Осыған дейін бағдарлама аясында қазақстандық 20 студент Қытайда білім алған. Ал Huawei компаниясы 2023 жылға қарай әр салада цифрлы трансформацияны дамыту үшін қолжетімді цифрлы әлем құру үшін 700 мыңнан астам маман дайындауды жоспарлап отыр.
АЛМАТЫ