Біз де осы аптада, яғни 27 қазанда «Эйр Астана» компаниясының Қазақстанның астанасынан Домодедово әуежайына алғашқы рейсін орындауына арналған салтанатты тұсаукесердің ортасынан табылған едік. Нұр-Сұлтаннан келген жолаушыларды Домодедово әуежайы қазақтың әсем безендірілген киіз үйімен, оның алдында тұрған батыр тұлғалы баһадүрлерімен және ару қыздармен ұлттық күйлерімізді орындап үлкен қошеметпен қарсы алды. Осыдан-ақ екі ел арасындағы достық рәуіштегі берік байланысты, туристік бағдарлардың тиімділігін арттыра түсуге деген ықыласты байқайсыз.
«Эйр Астана» президенті Питер Фостердің айтуынша, Домодедово әуежайы – Ресей астанасындағы үздік инфрақұрылымға ие әрі көлік қатынасына өте қолайлы тамаша терминалдардың бірі. Таңдаудың Домодедовоға түсуі де бекер емес. Бұл «Эйр Астана» үшін стратегиялық қадам болып отыр. Өйткені өзіміз де байқағандай, Домодедово әуежайын жайлаған жасыл жапырақ түсті ұшақтар ресейлік S7 әуе компаниясына тиесілі. Олар осы әуежаймен кодшерингтік келісімге қол қойған. Ал ресейлік компаниямен қазақстандық тасымалдаушы өзара әріптес. Бұл да әуе компанияларының жолаушылары үшін тиімді болмақ. Өйткені «Эйр Астананың» 60-тан астам бағыттарын және S7-нің 200-ден астам ішкі және халықаралық бағыттарын қамтитын аралас бағыттағы желі бойынша саяхаттауға тың мүмкіндік туды. Негізінен, ресейлік жолаушылар қолайлы тоғысулар арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияның танымал курорттары мен қалаларына дейін жете алады. Сондай-ақ әуе көлігін пайдаланушыларға Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында «Стоповер» бағдарламасын пайдалана отырып, сапарларын Қазақстанда жалғастыруға жол ашылып отыр. Былтыр Ресей бағыттарында «Эйр Астана» 590 мыңнан астам жолаушыны тасымалдады, олардың басым бөлігі екі елдің астанасы арасында саяхаттаса, «Стоповер» бағдарламасын 17 мыңнан астам адам пайдаланған екен.
Айта кетелік, осы орайда, яғни 2019 жылдың 27 қазанынан 31 желтоқсанына дейін Мәскеуге саяхаттаушы алғашқы жолаушыларға «Эйр Астана» әуе компаниясы әуежайдан Мәскеудің орталығындағы Павелецкий вокзалына дейін аэроэкспресте тегін жол жүруді ұсынады. Аталған ұшқыр пойыз көлік кептелісінен арылмайтын Мәскеуде әуежайға түскен жолаушыларды жарты сағаттан астам уақытта қала орталығына жеткізуімен ерекшеленеді.
«Эйр Астана» Қазақстанның басты қалаларынан Мәскеуге ұшуларды 2002 жылдың қыркүйегінде бастағаны белгілі. Қазіргі уақытта «Нұр-Сұлтан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан» бағытында апта сайын 11 рейс және «Алматы – Мәскеу – Алматы» бағытында апта сайын 14 рейсті орындайды.
– Біздің рейстерді ауыстыру туралы шешіміміздің негізгі себебі, S7 компаниясымен кодшерингтік келісімге қол жеткізуіміз болды. Бұл компания әлемде көптеген кодшерингтік келісімдерге қол қойған. Біз үшін Ресей Федерациясы Қазақстан нарығынан кейінгі маңызды стратегиялық нарық болғандықтан, бұл шешімнің компаниямыздың дамуы жолындағы маңызы зор, – деді Питер Фостер.
Компания жетекшісінің айтуынша, бұл қадам туралы жоспар алғаш 2008 жылы ойластырылса, оны 11 жылдан кейін ғана жүзеге асырудың мүмкіндігі туып отыр. Қазіргі кезде қазақстандық әуе тасымалдаушы қызмет көрсету және операцияларды орындау бойынша да озық көрсеткіштерге ие. Сондықтан серіктестер де көбейіп келеді.
Домодедово әуежайының директоры Игорь Борисов Орталық Азияның барлық елдері Мәскеуге ұшу сапарларын осы әуежай арқылы орындап келе жатқанын жеткізді. Оның негізгі себебін барлық мәскеулік әуежайлардың ішіндегі ең қысқа бағдардың осында болуына байланысты деп түсіндірген ол ұшақтан түскен жолаушыларды әуежай жаңартылған инфрақұрылымға ие терминалымен қарсы алатынын, сонымен бірге көлік қолжетімділігі арта түскенін, көпқабатты көлік тұрағы ашылғанын, жабық кешеннен тұратын тұрақтың терминалға қосылғанын атап өтті.
Осы арада айта кетелік, жаңғыртылған әуежай вокзалында Кедендік одақ елдерінің азаматтарына арналған жеке құжат тексеру арнасы бақылау процесін тездете түседі. Сонымен бірге жаңа терминалдың бір шатыр астында орналасуы халықаралық және ішкі рейстерде жолаушылардың әуежайдан шықпай-ақ ауысып отыруына қолайлылығымен ерекшеленеді. Ресей астанасының оңтүстігінде орналасқан терминал былтыр 29 миллионнан астам адамға қызмет көрсеткен екен. Сондай-ақ Домодедово әлемнің 202 бағытында ұшатын 50 әуетасымалдаушы мүше болып енген OneWorld және Star Alliance сияқты жаһандық альянстардың мүшесі.