Өрісі кеңейе түскен бағдарлама
Міне, елімізде Жастар жылы аяқталып келеді... Осы орайда бүгін біз Жастар жылында жас ұрпақты көтермелеу, ел ісіне тарту, заман талабына сай бейімдеу бағытында атқарылған шаруалардың бірқатарына тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.
Әрине жастарға жан-жақты қолдау көрсету шаралары бір жылмен ғана шектеліп қалмайды. Бұл үздіксіз жүргізілетін, күн тәртібінен ешқашан түспейтін өте өзекті мәселе ретінде қала береді...
Жастар жылы аясында түрлі ауқымды жобалар қолға алынды, сондай-ақ бұған дейін қабылданған осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар қайта қаралып, оларды ілгерілетуге қажетті қаржы көлемі едәуір ұлғайтылды. Мәселен, ауылдық жерлерді қажетті еңбек ресурстарымен, яғни әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешен мамандарымен қамтамасыз етуге бағытталған, дәлірегі білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, ветеринарлық медицина, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша мамандығы бар жастар қатыса алатын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көптеген игі іс атқарылды. Жоба шеңберінде бірінші кезекте мемлекет тарапынан 100 АЕК немесе 252,500 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу түрінде және тұрғын үй үшін 1500 АЕК немесе 3 787 500 теңгеден аспайтын мөлшерде бюджеттік несие беру бойынша жастарға ауылдық жерлерде тиісті әлеуметтік қолдауды ұсынғанын атап көрсеткеніміз орынды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, «Дипломмен ауылға!» жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан 2018 жылға дейін) 60 мыңнан астам маманға 15,3 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленген, ал 27,5 мыңнан астам маман көмек алған. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 70,6 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие берілген.
Ауылдық жерлерге бағытталған мамандардың жалпы санының ішінде білім беру саласына – 42745 (71,2%), денсаулық сақтау – 12 705 (21,2%), мәдениет – 1 604 (2,7%), спорт – 863 (1,4%), әлеуметтік қамсыздандыру – 483 (0,8%) және аграрлық секторға 1 665 (2,8%) адам барған. Соңғы 3 жыл ішінде (2016-2018 жж.) 17,3 мың маманға 7,4 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленсе, 10 330 маман 33,3 млрд теңге сомасында бюджеттік несие алған.
Ал 2019 жылы республикалық бюджеттен 3 908 маманға бюджеттік несие беру үшін 14,8 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 3 754 адам 13 497 764,8 теңге мөлшерінде несие алды (оның ішінде білім беру саласына – 8 620 897,8 теңге, денсаулық сақтау саласына – 3 172 159,2 теңге, әлеуметтік қамсыздандыруға – 141 257,9 теңге, мәдениет 446 578,4 теңге, спорт 360 875,4 теңге, АӨК 646 158,1 теңге).
Жастар жылы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде, көтермелеу жәрдемақысының мөлшері 70 АЕК-тен (176,7 мың теңге) 100 АЕК-ке (252,5 мың теңге) дейін ұлғайтылды.
«...Жас келсе іске!»
Қазіргі таңда елімізде 14 пен 29 жас аралығында 4 миллионға жуық жас бар. 2019 жылдың екінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7% немесе 81,1 мың адамды құрады. Олардың арасында экономикалық белсенді саналатын 2 180,4 мың жастың 96,3%-ы 2 099,2 мыңы жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылған жастардың ішінде 1613 мыңы, яғни 76,8%-ы жұмыскерлер, ал 486,2 мыңы (23,2%) өзін өзі жұмыспен қамтығандар. Экономика салаларында жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі – 388,8 мың адам (18,5%) көтерме және бөлшек саудамен, техника жөндеумен айналысса, 253,1 мың адам (12%) ауыл шаруашылығында, 239,7 мың адам (11,4%) білім саласында, өнеркәсіпте 218 мың адам (10,4%) жұмыс істейді. 2019 жылдың екінші тоқсанындағы жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарында тіркелген (176,7 мың адам) жастардың жалпы санының 35%-ы немесе 62,4 мың адам жұмыссыздар қатарында.
Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылдау мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша осы бағдарламаға қатысушылар арасында жастардың үлесі 35,7%-ды құрап отыр. Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктіліктер алудың тиімді жүйесін құруға арналған. Сондай-ақ «Тегін техникалық және кәсіптік білім» жобасы іске асырылуда, соның арқасында 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмаған мектеп түлектері алғашқы жұмысшы мамандығы бойынша ақысыз оқуға мүмкіндік алды.Сонымен қатар халықты қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары (6 айға дейін) ұйымдастырылды. 2019 жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша 11,7 мың адам колледждер мен «Атамекен» ҰКП-ның оқу орталықтарында қосымша дағдылар мен біліктіліктер алу үшін қысқа мерзімді курстарға жіберілді.
Бағдарламаның екінші арнасы «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау-Бизнес» жобасы мен микрокредит бойынша кәсіпкерлікке оқыту арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. 2018 жылдан бастап жаңа бизнес идеяларды ілгерілетуді көздейтін жаңа құрал 100 АЕК-ке дейін мемлекеттік грант түрінде ұсынылды. Биыл бұл сома аз қамтылған көп балалы отбасылардан, мүгедектер мен жастардан тұратын бағдарлама қатысушылары үшін 200 АЕК-ке дейін көбейтілді.
Бағдарламаның үшінші бағыты ішкі қозғалысты және жұмысқа орналасуды қолдауды көздейді. Ел аймақтарында кадр тапшылығын азайту мақсатында 2019 жылдың 8 айында еңбек күші артық аймақтардан 181 жас көшірілді, олардың 144-і жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар Бағдарлама еңбек күші артық өңірлерден келген жастарға жоғары және техникалық және кәсіптік білім беруге және жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасымен толықтырылды. Бұл еңбек күші жетіспейтін аудандар мен ауылдық елдімекендерді жас білікті мамандармен қамтамасыз етуге, келушілердің жаңа жерде орналасуына, соның ішінде оқыту, жұмыспен қамту, баспана және балабақшалар мен келген балалардың мектептерге орналасуына көмектеседі.
Жалпы алғанда, 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде 144 мыңнан астам жас өз деңгейінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, олардың ішінде 86,5%-ы, яғни 124,6 мыңы жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ Бағдарлама аясында, әсіресе халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы және қоғамдық қызмет ұйымдастырылды, оларға 2019 жылдың 8 айында шамамен 54,8 мың адам жіберілді.
Жастар жылы аясында «Жастар – ел тірегі» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға 3 жыл ішінде 1 млн жасты тарту көзделіп отыр. Осы жоба аясында жұмыспен қамту мәселелерін шешу, білім беру сапасын арттыру және жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында екі жоба жоспарланған: «Жас маман» және «Жас кәсіпкер».
Бүгінгі күні «Жас кәсіпкер» жобасы негізінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуға 18,9 мың адам жіберілді, 17,9 мың жас оқуын аяқтады, 14,5 мың адам бизнес-жобаларын қорғады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.
Тиімді жоба. Нақты қадам
«Жас маман» жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылғы 23 қаңтарда Жастар жылының ашылу салтанатында берген бұйрығына сәйкес әзірленді. Үкіметтің қаулысымен «Еңбек» бағдарламасы аясындағы «Жас маман» жобасының операторы болып «Кәсіпқор» Холдинг» КеАҚ бекітілді. «Жас маман» жобасының мақсаты – 180 танымал колледж бен 20 университетті 100 қажетті мамандық бойынша модернизациялау және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу.
Жобаның нәтижелері бойынша білім беру ұйымдары ұлттық және халықаралық деңгейде талап етілетін мамандарды даярлауға қажетті заманауи қондырғылармен жарақтандырылады, олар мамандықтар бойынша аймақтарда құзыретті орталықтарына айналмақ. Сонымен қатар жоба шеңберінде WorldSkills (жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамытуды діттейтін халықаралық коммерциялық емес қозғалыс) чемпионаттарына қатысушылар үшін тренингтер өткізіледі.
Бүгінгі таңда мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП және жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтарының қатысуымен Білім және ғылым министрлігі жанынан комиссия құрылған, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен сұранысқа ие 100 қызмет көрсету және өндірістік мамандықтар/кәсіптер анықталған. Бұған қоса, «Кәсіпқор» КеАҚ негізінде «Жас маман» жобасына қатысатын колледждер мен университеттерді таңдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін ақпараттық жүйе жасалды. «Атамекен» ғылыми-өндірістік кәсіпорнымен бірлесе отырып, жабдықтардың тізімі түзілді. Жоба шеңберінде еңбек ресурстарын және қысқартылған кадрларды қайта даярлау, еңбек нарығында танымал мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлау «100/200» қағидаты негізінде жүзеге асырылады. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағытында ұйымдастыру және қаржыландыру ережесі бекітілді.
Осы арада айта кетейік, Елбасы 2019 жылдың 23 қаңтарында Үкіметке 100/200 қағидаты бойынша «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған-ды. Соның аясында 200 жаңғыртылған оқу орны базасында ең қажет индустриялды-сервистік 100 мамандық бойынша мамандар даярлау көзделеді. Үш жылға жоспарланған бағдарлама аясында индустриялдық әрі қызмет көрсету саласына қажетті 200 мың жасты оқытып шығу қарастырылып отыр. Айналып келгенде бұл ел экономикасын шикізатқа тәуелді болудан арылтуға әрі жас буынды заман көшінің алдыңғы шебіне шығаруға мүмкіндік бермек.
«Жас маман» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері арасында ынтымақтастық туралы меморандум жобасы жасалды.
Қағидалардың 99-тармағына сәйкес облыстық, қалалық техникалық және кәсіби білім (ТжКБ) ұйымдары мен жабдықтарын таңдау бойынша өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Өтінімдер мен құжаттарды ТжКБ ұйымдарынан білім саласындағы жергілікті атқарушы органдар, ал жоғары оқу орындарынан оператор қабылдайды. Осы жылдың 1-17 қазан аралығында өңірлік комиссиялар ТжКБ ұйымдарының өтініштерін жинады. Колледждер қазіргі таңда іріктеуден өтуде. Ал 25 қазанға дейін университеттерден өтініштер қабылданды. Осы жылдың соңына дейін таңдалған мамандықтар бойынша мамандар даярлайтын колледждер мен университеттерді іріктеуді аяқтау және сатып алынған жабдықтардың тізімін жасау жоспарлануда. Колледждер мен университеттерге жабдықтар сатып алу 2020 жылы басталады.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басымдыққа ие
Тағы бір айта кетер жайт, жастардың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында тиісті министрлік «Жас жұмысшылар қауымдастығы» ҚБ-мен бірлесіп, жергілікті ортаны және жергілікті қауымдастықтарды (қалалар мен ауылдар деңгейінде) дамытуға бағытталған жергілікті жастар бастамаларын қолдау жобасын бастады. Жоба жастардың өмірлік, әлеуметтік дағдыларын дамытуға, оларды әлеуметтік процестерге, әлеуметтік топтарға интеграциялауға, жастар мен жастар ұйымдарының жергілікті қауымдастықтардың өміріне қатысуын арттыруға және т.б. бағытталған. Осы мақсатта әр облыста, қалада және ауылда жобаның әлеуетті қатысушылары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Jashome.org сайтында JasA! жобасы бойынша арнайы бейнеролик қазақ және орыс тілдерінде жасалып, БАҚ-та, теледидарда және әлеуметтік желілерде жарияланды. 2019 жылдың 10-20 шілдесі аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде 20-дан астам жарияланымдар орналастырылды. Жоба бойынша 10 000 данаға арналған дизайнерлік брошюралар басылып шығарылды. Жоба туралы және аймақтағы жастарды конкурстық іріктеу бойынша кездесулер және «Жоба туралы ашық есік күндері» өткізілді. Кездесулер аймақтық жастар ресурстық орталықтары, колледждер, университеттер және т.б. базасында өтті.
Jashome.org сайтындағы ақпараттық-насихаттау жұмыстарының нәтижелері бойынша жобаға қатысу үшін жастар мен жұмысшылардың өтініштерін онлайн қабылдау ұйымдастырылды. Оған қатысуға волонтерлер, жастар ұйымдары, шығармашылық топтар мен жастар, әсіресе ауылдық жерлерден қыз-жігіттер шақырылады. Нәтижесінде конкурстық комиссия барлық аймақтардан әлеуетті қатысушыларды іріктеді. Ресми емес білім саласындағы халықаралық және ұлттық сарапшылар 3 тренингтен тұратын оқу бағдарламаларын (жас жұмысшыларға арналған нұсқаулық) әзірледі және таратты. Мұндағы мақсат – жастардың дамуына ықпал ету; жастар бастамаларын ілгерілету. Оқыту бағдарламалары британдық және Беларусь жастарының жобасына негізделген. Осы білім беру іс-шараларының нәтижесінде қатысушылар шағын топтар құрды, қалалық және шығармашылық әлеуметтік жобаларды дайындады және оларды жүзеге асыруды бастады. Білім гранттары аясында жастардың бастамаларына тәлімгерлік қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде 5-7 адамнан тұратын шағын топтар құрылды, олар грант ала алады.
Қорыта айтқанда, Жастар жылында атқарылған жұмыстар өте ауқымды. Дегенмен, олар арқылы қоғамдағы жастар мәселесі түбегейлі шешімін табады деп айтпаймыз, бірақ бұл жүзеге асырылған шаралар жас буынды қолдау ісін ілгерілетіп қана қоймай, алдағы уақытта жас ұрпақты қолдау, көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға кеңінен жол ашатынына сеніміміз мол.