Технология • 04 Қараша, 2019

Электронды қаржы айналымы ұлғайып келеді

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Электронды қаржы айналымы ұлғайып келеді

Жыл басынан бері елімізде 400 млрд теңгеден астам қаражат электронды ақша аудару жүйелері арқылы өтті. Ұлттық банк осылай деп хабарлады.

 2019 жылғы 9 айда электронды ақша жүйелерінің эмитенттері 436,4 млрд теңге сомаға электронды ақша шығарды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13,5 %-ға жоғары.

– Қазақстанның электронды ақша жүйелері арқылы 443,5 млрд теңге сомаға 117 млн транзакция жасалды. 2018 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда жүр­гізіл­ген операция көлемі 25%-ға өсті. Бұл көр­сеткішке жеке тұлғалар арасындағы аударым операциялары, сондай-ақ заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің тауар мен қызметіне ақы төлеу кіреді, – дейді Ұлттық банктің Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Бүгінгі таңда ел нарығында 22 электронды ақша жүйесі жұмыс істейді. Олардың эмитенттері – 10 банк пен «Қазпошта» АҚ. Биыл 5 жаңа электронды ақша жүйесі іске қосылғанын айта кетейік. Олар «Senim», «AlmaPay», «Onay Pay», «Onе Click» және «Қазевромобайл». Елімізде электронды ақша негізінен интернет-коммерцияда, коммуналдық қызметтерді төлеуге, ұялы байланысқа, несие өтеуге және тағы басқа қызметтерге қолданылады.