Ұлттық таныммен байланысы
Жапондар суға тек тұрмысқа қажетті сұйық деп қарамайды, ежелгі заманнан оны өнермен де байланыстырады. Атақты суретші Кацушика Хокусайдың «Әр аймақтың сарқырамаларына саяхат» деп аталатын гравюралар сериясында таудан ағып жатқан сарқырама бейнеленген. Қазіргі замандағы жапон суретшілері мен фотографтары сіркіреп жауған жаңбырды, мөлдір бұлақты, тұп-тұнық бастау суын суретке түсіріп, өнер туындыларына арқау етуден жалықпайды. Тіпті қарлы таудағы сорайған мұз сүңгіні де суретке түсіргендер бар.
Су тақырыбы әдебиет әлемімен де байланысты. Ежелгі Жапонияда текті ру өкілдері өзен жағасына жайғасып, сакэ құятын ыдыс ағып өткенше ойынан вака шығарып, жыр жырлау дәстүрі болған. Осы дәстүр Киотода күні бүгінге дейін сақталған. Кйокусуйноэн деп аталатын жыр мерекесі Джоунангу ғибадатханасының бағында өткізіледі.
Судың ұлттық наным-сеніммен байланысты мәнінің тереңдігі қазіргі тұрмыс-тіршілігінен байқалады. Халық арнайы ғибадатханаларға барып, хитогата деп аталатын жамандықты бейнелейтін қағаз бейнелерді суға ағызып жіберу ғұрпын орындайды. Сумен тазарту амалдары елдің барлық өңірлерінде түрлі рәсімдер арқылы жүргізіледі. Мысалы, ежелгі астана Киото Камогава және Кацурагава өзендерінің ортасында орналасқан. Осындай географиялық ерекшелігіне орай шаһар жерасты суларына бай. Камогава өзені солтүстіктен оңтүстікке қарай ағып жатыр.
Жапондар үшін су қасиетті саналады. Сондықтан оны бей-берекет шашу, орынсыз төгу бұл елге жат. Ертеде қуаңшылықтан зардап шеккен кездері де болған. Байырғы жапондар Су пірінің қаһарына ұшырамас үшін өзен жағасына ғибадатханалар салған. Сол заманнан жеткен тіршілік нәрімен байланысты рәсімдер бүгінде ұдайы өткізіледі. Құрғақшылық кезінде Камогава бойындағы ғибадатханада тасаттық рәсімдері жасалған. Сумен байланысты наным-сенімдерді қазіргі жапон халқы берік ұстанады. Киотода көше таза әрі жүргіншілерге қапырық болмауы үшін дүкендер мен үйлердің алдында учи-мидзу деп аталатын су шашу әдеті де бар.
Байырғы әдістер сақталған
Су жапон халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде, тағамдық мәдениетінде аса маңызды элемент. Юба, тоуфу, фу сияқты тағамдардың сапасын сақтау үшін оны әзірлеуге таудың ұшар басындағы ерекше таза тұнық суды пайдаланады. Бүгінге дейін жапон кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары өнім сапасын сақтау үшін шүмектен аққан суды емес, бастау суын және жергілікті құдықтың табиғи таза суын қолданады. Шүмектен аққан судан гөрі құдық пен бастау суының артықшылығы көп. Құбырлар арқылы тасымалданған суда бастау суына тән қасиет сақталмайды екен. Сондықтан шай демдеу дәстүрі болсын, сакэ әзірлеу технологиясы болсын, әр өңірдің табиғи тұнық суын пайдалану негізгі шарт саналады.
Басқасын былай қойғанда, жапондар ұлттық тәтті түрлерін жасауға үйдегі шүмектен ағатын суды емес, тек бастаудың саф суын алады. Осы орайда Жапонияда краннан ағатын судың әлем бойынша ең таза су екенін айта кету керек. Санитарлық тұрғыдан өте таза болғандықтан қалалық тұрғындарға оны ішуге рұқсат етілген. Жапонияның кез келген мекемесінде шөлдеген жан тамағын жібітіп қана қоймай, суды құмары қанғанша іше алады. Кітапхана, аурухана, дүкендерде адамдар ішу үшін шүмек орнатылған. Арнайы жүргізілген сауалдама нәтижесінде белгілі болғандай, Токио тұрғындарының басым бөлігі дүкенде сатылатын пластик шөлмектегі судан гөрі құбырмен үйге келіп тұрған судың сапасы анағұрлым жоғары екенін айтқан.
Тау суымен икэбана мен бау-бақшаны суарады, қолөнершілер де қолданады. Өйткені мейлі ол қыш құмыра болсын, мейлі өрнектеліп тоқылған кездеме болсын, шеберлер табиғи таза судың арқасында өнім өндірудің жоғары сапасына қол жеткізген. Жапон мамандары кез келген тауарға қатысты жоғарғы сапа және тұтынушының көңілінен шығу деген ұстанымды жоғары қояды. Бүгінде Күншығыс елінің қай өңіріне барсаңыз да суды пайдалану технологиясында байырғы заманғы әдістерді сақтап қалғанын көресіз. Жапондар өсіп тұрған әр ағашты, әрбір бастау көзін тіркеп, күтімге алған.
Суды үнемдеу технологиясы
Жапония айналасын мұхит қоршаған, өзен-көлге бай ел болса да, суды үнемдеудің бірегей технологияларын жетілдірумен келеді. Бұл мемлекетте табиғат берген ағын судың әрбір тамшысы орнымен жұмсалады. Мысалы, суды үнемдейтін ванна мен душты алайық. Toto компаниясы адам душқа түскенде су аз мөлшерде құйылса да мол аққандай әсер беретін құралын жасап шығарды. Мұндай сантехникалық құралдан аққан су аққан ауамен араласып, көлемі артады да, су 35 пайызға үнемделеді. Суды көп ағызатын душтан анағұрлым тиімді. Осындай әдіспен су үнемдейтін заманауи унитаздар да жасалды. Жапон мамандары ойлап тапқан «Торнадо» унитазында су зор екпінмен құйылумен қатар бір аққанда 3,8 литр су үнемеделеді екен. Бұл санитарлық құралдың суды үнемдеу көрсеткіші жөнінен әлем бойынша ең үздік нәтиже.
Ал «Тошиба» компаниясы кірдің көлемін, кездеменің түрін және температураны анықтайтын сенсорлар орнатылған заманауи кір жуғыш машина жасап шығарды. Мұндай кір жуғыш машина суды үнемдеп қана қоймай, жуу процесінің сапасын да қадағалайды. Осы сияқты Жапониядағы ыдыс жуғыш машиналар да суды аз сумен көп ыдыс жуады.
Әрине Жапония құрғақшылықты көрген ел. Ең соңғы ірі құрғақшылықтың бірі Фукуокада 1987 жылы болды. Қала тұрғындары 287 күн бойы суға еркін қол жеткізе алмаған соң, ақырын қала басшылығы тіршілік нәрін үнемді пайдаланудың жаңа жүйесін жасады. Су шаруашылығын басқару орталығы су сапасын тәулік бойы бақылауда ұстайды.
Гудзйо қаласы, Хачиман ауданында Нагарагава, Йошидагава, Кодарагава деп аталатын үш өзен ағып жатыр. Жапон архипелагының дәл ортасында орналасқан бұл қалада 107 саф бастау бар. Бастаудың тұнық суы ағаш астауға құйылады. Жоғарғы жақтағы суды ішуге пайдаланса, төменгі жағына жеміс, көкөніс жуады. Үнемнің қарапайым әрі тиімді әдісінің осы бірі болса керек.
Жапон ғалымдары тіршілік нәрінің сапасын жақсарту мен оның тапшылығын жою мақсатында әлемнің көптеген елдеріне көмек қолын созып, ерекше амал-тәсілдерін ұсынуда. Оның ішінде табиғи жолмен сүзгіден өткізетін қарапайып амалдар да бар. Мысалы, ферменттелген соя бұршағымен тазартуға болады екен. Соя бұршағының құрамындағы γ-полиглутамин қышқылы судағы қажетсіз бөлшектердің бірігуіне әсер етеді. Аталған химиялық зат суға түскенде ыдыстың түбіне түйдектелген масса түзіліп, артық элементттер төмен шөгіп, су мөлдір күйге енеді. Бұл жапондық жоба бүгінде Бангладеш, Бразилия, Колумбия, Индия, Танзания сияқты елдерде қолданылады.
Көп ғасырлық тарихы бар су жүйесі
Ал жерасты құбырларына келсек, су жүйесінің сапасы бойынша Жапония әлемде теңдессіз технологияларға ие. Бір Токио қаласының жерасты су жүйесінің ұзындығы 27 мың шақырымға жетеді екен. Мамандар арнайы құралдардың көмегімен жерасты құбырларының сау я зақымданғанын тексеріп біледі. Оны анықтайтын стетоскоп қолға жеңіл, қолдануға ыңғайлы. Жалпы жерасты құбырынан су кету деген Жапонияда мүлде болмайды десек артық емес. Бұл оның әлем бойынша ең мінсіз, жоғары сапалы екеніне бір дәлел. Еске салайық, суасты құбырының жарылу фактілері Жапонияда басқа дамыған елдермен салыстырғанда әлденеше есе аз болады.
Мемлекеттегі су сапасы өте жоғары деңгейде болуы үшін Токио әкімшілігі гидротехникалық құрылғылар бөлімінің мамандары орманды алқаптарды да ұдайы бақылап, жасыл желекті аймақтарды күтімге алған. Жапонияда бір қараусыз ағаш немесе көзі қоқыспен бітелген иесіз бастау жоқ. Токио муниципалитеті су өңдеуде озонды пайдаланады. Озондық өңдеу бассейндерінің жұмысы да жоғары деңгейде.
Жапония астанасында су жүйесінің көп ғасырлық тарихы бар. Токиода 1590 жылы Коишикава Дзйосуй деген су құбыры тартылды. Сол кездің өзінде ағаштан, тастан жасалған құбырмен арнайы цистернаға су өткізу технологиясын пайдаланыпты. Сол арқылы су егістік алқаптарына жеткізілген. Құбырлар өзен аңғарларына орнатылғандықтан су жүйесі қаланы түгел қамтыған. Ал цистерналарға тұрғындардың тұрмысына қажет су жиналған. 400 жыл бұрынғы су құбырлардың біразы әлі күнге дейін пайдаланылуда.
Киотода арнайы салынған канал арқылы Шига префектурасындағы Бива көлінен су келеді. Осы каналдың арқасында Жапониядағы тұңғыш ГЭС салынып, су шаруашылығы мықты дамыған.
Жапон мамандары тасқыннан қорғанудың ерекше жолын тапқан. Жауын-шашын көп болатын өңірде жаңбыр суына арналған жерасты коллекторы орнатылған. Мысалы, Кандагаваның жер асты коллекторына 540 мың тонна жауын-шашын суы сияды. Алып туннель тәрізді коллектор қырық метр тереңдікте орналасқан. Оның солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы 4,5 км. Токионың тасқыннан қорғауда пайдаланатын коллектор жүйесі әлемдегі ең үздігі саналады.
Жапонияда суды апаттық жағдайда кенеттен өшіріп тастау деген мүлде жоқ. Осы орайда Алматыға бірнеше жыл жапон тілін оқытқан мұғалімнің мына бір сөзі еске түседі: «Қазақстанда бәрі жақсы. Бірақ маған ұнамаған бір жайт бар, ол кейде ваннада жуынып жатқанда судың белгісіз себептен тоқтап қалатыны. Біздің қалаларда да, ауылда да ыстық су да, суық су да ешқашан тоқтамайды. Өйткені құбырлар әуел баста сапалы жасалған. Көп қабатты үйлерде су жүйесі кенеттен істен шығып, тұрғындардың біраз уақыт сусыз қалуы деген жағымсыз жайттар жапондардың түсіне де кірмейді».
Иә, расында республиканың ірі қалаларында судың кенеттен тоқтап қалуына байланысты тұрғындар жуына алмай, ауыз су сатып алу үшін дүкенде кезекке тұратын жайттар кездеседі. Бір ғана Алматы қаласының өзінде суды жылына бірнеше рет, кейде бірнеше күнге дейін өшіріп тастайтынына тіпті үйреніп кеткендейміз. Құзырлы мекемеге хабарлассақ, беретін жауабы белгілі: «апатты жайдай орын алды» немесе «құбырды жөндеп жатырмыз».
Бастау суын игерудің ерекшелігі
Жапонияда таудың таза суы ауыл шаруашылығының басқа да салаларында қолданылады. Мәселен, Токионың солтүстігі, Точиги префектурасының таулы Накагавамачи қалашығында тұнық қайнарға фугу балығы өсіріледі. Балықтың дәл осы жерде өсірілуінің басты себебі – Накагавамачиде жерасты ыстық қайнарлары бар. Бұл қайнар пайдалы минералдарға бай, зиянды элемент атымен жоқ. Сондықтан балықтың ерекше түрін дәл осы жерде өсіру қолға алыныпты. Негізінде фугу тұз мөлшері 3,5 пайыз болатын теңізде тірішілік етіп, судағы тұздың мөлшерін 0,9 пайызға дейін азайтатын көрінеді. Накагавамачидің суындағы тұз мөлшері де 0,9 пайыз болғандықтан балықтар оны азайтуға энергия шығындамайды. Аталмыш қайнар суы минералдарға аса бай болғандықтан мұндағы балықтар теңіздегі фугуге қарағанда ірі келеді.
Жапония тұрмыстық техника өндірісін ұлғайтқанымен өзен-көлі ластанбаған бірегей мемлекет. Табиғатқа аялап қарайтынын түбіндегі балығы көрінген тұнық өзен, таза сулы көлдерден көруге болады. Мысалы, Ниодогава өзені Эхимэ префектурасынан басталып, таулардың арасымен өтіп, Шикоку аралы арқылы ирелеңдеп ағып жатыр. 124 шақырымдық аққан өзеннің суы мөлдір күйінде қалады. Халық ерекше қасиетті санайтын Ниодогава елдегі суы өте сапалы өзендер тізімінде бірінші орында тұр.
Ниодогаваның жағасында мың жылдан астам тарихы бар Тосаваши қағазының өндіріс ошағы орын тепкен. Қолмен жасалатын жапон қағазы сапалы әрі мықты болуы үшін тау өзенінің суы аса маңызды. Міне, сондықтан да жапон шеберлері Тосаваши қағазын жасауда Ниодогава өзенінің саф таза суын пайдаланады. Бүгінде ежелгі жасау технологиясы бұзылмай сақталған Тосаваши қағазы тек Жапония ғана емес, шетелге таралуда. Тосаваши қағазынан желпуіш, құттықтау қағаздары, тағы басқа да бұйым жасалады. Бұл аймақтағы минералды ауыз су Ниодогавадан алынады. Юдзу цитрусының дәмі бар табиғи балмұздақ та Ниодогаваның тұнық суынан әзірленген.
Бастау мұзынан жасалған тәтті
Жапондық мамандар суды игерудің ғажайып технологияларын тиімді игеруде. Бастаудың мөлдір суын қатырып, одан какигори деп аталатын мұз тәттісін жасайды. Сайтама префектурасының батысындағы Чичибу тауының бастау суынан жасалған тәтті мұз арнайы дүкенде сатылады екен. Какигориді жасауда күрделі технологиялық жүйе қолданылады. Табиғи көлшіктің бетіне қатқан мұз жауын-шашын суымен ластанбауы үшін қараша туа оның бетін жауып қояды. Содан соң желтоқсан айында оған таудан аққан мөлдір бұлақ суын жібереді. Какигори тәттісіне арналған мұз санитарлық тұрғыдан таза болуы үшін су циркуляциясы үнемі бақылауда болады. Бетіне 15 сантиметр мұз қатқаннан кейін оны сындырып алып, мұз қоймада сақтайды. Осылайша қыркүйек туғанша табиғи тау суынан түзілген мұздан какигори тәттісі алынады. Какигориді кез келген судан емес, тек тұнық бастау суынан алатын себебі, таудағы қайнар суында табиғи минералдар мол сақталған.
Қасиетті тау суын тоуфу дәмін әзірлеуге де пайдаланады. Мысалы, Канагава префектурасы, биік Ояма тауында бастау суын тоуфу үшін игеріп отырған «Коидэ тоуфутэн» деген дүкен бар. Тоуфу соя езбесінің дәмі су сапасына байланысты болғандықтан жауын-шашын суы тимейтін биік тау қойнауындағы бастаудан алынады. Мұндағы тоуфу әзірлейтін дүкеннің бірнеше жүзжылдық тарихы бар. «Коидэ тоуфутэн» дүкеніндегі құрал-саймандар да көне қалпында сақталған. Мысалы, тоуфу кесетін пышаққа екі жүз жылдан асады.
Айта берсек, Жапонияның тіршілік нәрін қадірлейтіні, үнемдеп пайдаланатыны хақында көптеген қызықты мысал келтіруге болады. Біз үшін бұл елдің осы бағыттағы технологиясын үйренудің пайдасы мол болар еді.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы