Отыз жыл бұрын Асқарбек Рахимовпен алғаш кездесіп, әңгімелескен едім. Қазір қарасам, сол қалпы. Уақыт тоқтап қалғандай. Өң-түсі өзгермепті. Сабырлы, салиқалы. Тек тәжірибесі молайған. Алайда, осы уақыт аралығында қаншама адамның алғысын алды. Қатерлі ісікпен ауырғандардың өмірін арашалап қалды. Сексен бес жыл бұрын Алматы облысының Шелек ауданында дүниеге келген Асқарбек ағамыз жас кезінде спортпен айналысып, мықты балуан болыпты. Мектепте жүргенде жарыстарға қатысып, әскер қатарында күрестен спорт шебері атанады. Республиканың бірнеше дүркін жүлдегері болып, ел намысын қорғайды. Денешынықтыру және спорт институтын бітірген соң ұзақ жылдар бойы жастарды спортқа баулыды.
Ал адам емдеп, сынықшы атануы, түрлі емдік, шипалы дәрілер жасауы Тәбия әжесінен берілген қасиет екен. Әжесінің шөптің емдік қасиетін дөп басып білетін, тіпті көріпкелдігі болса керек. Бала Асқарбек 14 жасында астық жинап жүргенде, жүк көлігінің астына түсіп, ауыр жарақат алып, ауруханадан бір-ақ шығады. Ұзақ жатқан бозбала дәрілік шөптердің сырын ұғып, өзін өзі емдей бастайды. Әртүрлі сырқаттарды емдеуге қатысты халықтық фитотерапияның ерекшелігін зерттеп, тылсымына терең бойлайды. Қолы қалт етіп босай қалса Іле Алатауының, Тянь-Шань жоталарының, Қарқара, Асы, Шәлкөде жайлауларының, Шұбартау, тіпті Алтай тауларының, Зайсан, Тарбағатай қырқаларының қойнауын шарлап, сирек ұшырасатын шипалы өсімдіктерді жинап, қасиетін зерттеп, емдік шараларға пайдалануды қолға алады. Бұл істе оған өзінің жақын туыстары көмекші болды. Өйткені бұл оңай шаруа емес, тау мен тасты кезіп, биікке шығып, әсіресе ерте көктем, аңызақ жаз, жаңбырлы күз, тіпті қыраулы қыста да шипалы өсімдік түрлерін жинап, маусымына қарай сақтау керек. Ал соңғы жылдары жер иелері жекеменшік алқаптарына бөтен адамдарды жолатпайтын болған. Сол өңірлерде небір шипалы өсімдіктер қол жетпей қалып жатыр...
Шипалы шөптерден жасалған емдік дәрілерді Асекең алғашқыда өзіне пайдаланады. Бұл дәрілер қарапайым сынықтардан бастап, түрлі ісіктерге, жұқпалы ауруларға, басқа да толып жатқан сырқаттарға ем болды. Алғашқысы «Бальзам №1» деп аталады. Бұл тұмау мен түрлі инфекциялық ауруларға қарсы шөп тамырынан жасалған. Алматы фармация орталығында зерттеуден өтіп, ғалымдардың лабораториялық тексеруінің шешімі бойынша оң бағасын алады. Бұл шешім қанат бітіріп, тағы бірнеше шипалы өсімдіктердің қоспасынан жасалған, айталық, «Бальзам №2» (Гүлжапырақ) секілді емдік дәрілерді шығарады. Осы шипалы қоспалар белгілі ғылыми қайраткерлер – фармецефт Кеңесбай Үшбайұлы мен Георгий Никонов секілді медицина ғылымының докторлары тарапынан қолдау тауып, жоғары бағасын алды. Аталған дәрілер бұл күнде тиімділігі өте жоғары, шипасы мол бальзам ретінде Қазақстанға, ТМД елдеріне кеңінен тараған. Бір ғана мысал, Мәскеуде тұратын Светлана Летова есімді жасы ұлғайған кісі диагнозы белгісіз аурудан қиналып, жанын қоярға жер таппай, Қазақстанда шөппен емдейтін халық емшісі Асқарбек Рахимовке жүгінеді. Екі ай бойы тұрақты ем алған соң сырқатынан толық айығады.
Табиғат – адамзатпен тығыз байланыстағы күрделі әрі тылсым дүниеге бай кешенді құбылыс. Бір жылда 12 ай болса, бұл бір-бірімен кезек алмасып отыратын төрт маусымға бөлінетіні баршаға белгілі. Қайта түлеп, жасарып келетін көктем маусымы өзгеше. Ерте көктемде табиғатта бәрі оянады. Әсіресе өсімдік атаулы жаңарып, жасарып, өзгеше құлпырады. Осы сәйкестік пен әсемдік адам өміріне ұқсас – жастық, кемелдік, кәрілік. Тіршілік атаулы салыстырмалы түрде табиғатта да бір-біріне сәйкес! Ал жасыл өсімдік табиғаттың «өкпесі» іспетті. Сол арқылы планетамызда оттегі, атмосфера, ауа бар. Айналамызды қоршаған жасыл әлем, өсімдік сынды баға жетпес байлығымыз бар. Демек, табиғатпен үйлесімді өмір сүргенде ғана көп нәтижеге қолымыз жетеді. Қырық жылдан астам уақыт бойы Асқарбек ақсақал адамдарды емдеумен келеді. Осының бәрі өзі ауырғаннан басталған. Кейін таныс жігіттің ауырған аяғы жазылмай, соны емдеп көреді. Суық тиген көршілер мен таныстарды оп-оңай жазып шығарады. Мұны естігендер жан-жақтан ағылады. Бозбала жігіт жалғыз өзі жүздеген шақырым жүріп, қырқа, жоталарды кезіп, дәрігерлік дипломы болмаса да шипалы шөптерді жинаудан танбайды. Асыл шөпке қызығушылығы артып, аңсары ауа береді. Ол кездегі уақыт басқаша еді. Оған емдеуге рұқсат бермейді, тіпті дәрілік шөптерді жинап, сақтауға тыйым салынады. Бір кездері адамдарды емдеуден бас тартқан тұстары да болған, келген науқастарды босқа қайтарған. Алайда, ауыр науқасты көргенде шыдап тұра алмайды, қалай емделу керектігін айтып түсіндіреді. Жылдар өтіп, емші аты жайылып, кеңінен тарай бастайды. Жағдай түзеліп, дәрігерлердің бақылауымен, ғылыми лабораториялардың қадағалауымен диагнозды дәл қойып, емдеуі дұрыс екені мойындалады. Олар диагноздардың дұрыстығына тәнті болады. Осыдан кейін Асекең өзінің емшілік құпиясы кімді қызықтырса, соларға үйретуге бел байлайды. Жасыл дүние өзінше керемет, сан түрлі құлпырған әлем. Оның сырына терең үңілген сайын, құпиясын барынша аша береді. Егер әр адам өзін қоршаған жасыл әлемді аялап, қадірін білсе, күтіп ұстаса, оның да берері мол екенін ұғынады. Табиғат-ана ғажайып кереметтерін сыйлайды. Сиқырлы жасыл әлемнен жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі, қан айналымын реттейтін, тыныс алу, асқазан ауруларын, тіпті обыр ауруларын емдеуге қол жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда, дәрілік шөптердің көмегімен жазылмайтын ауру жоқ екенін сезеді. Алайда, шөптерді шетінен жинап, кептіріп іше беру қисынсыз, әрине. Өсімдіктерді тек дәрігердің құптауымен пайдаланып, емдеуге болады.
– Ежелден адам мен табиғат етене жақын. Өсімдіксіз өмір сүруіміз мүмкін емес. Адам баласы өсімдікпен емдеуді ежелден меңгере бастаған. Көбі осы күнге жетті. Мысалы, мен бірден емші болмадым, – дейді ол. – Кішкене кезімде әжеме ауырған адамдар көп келетін. Ол кісі білімді болмаса да өз тәжірибесімен, бойына дарыған талантымен талай адамды емдеп шыққан, сынған сүйекті қолымен сипап біліп, орнына қойып, жазып шығаратын. Түрлі өсімдіктерді жинап, кептіріп, науқастарды емдейтін. Сол қасиет, біліктілік, табиғатты түйсіну қан арқылы маған да дарыған болуы керек.
Біраз жыл бұрын өмірлік жары Алтынбүбі аяқ астынан о дүниелік болғанда, қатты қайғырды. Алайда, есін жиып, еңсесін түзеп, өзінің сүйікті ісіне бел шеше кірісті. Қасына жанашырларын ертіп, тау кезіп, аймақ аралап, шипагерлік кәсібін жалғастыра берді. Содан жаны жай тапты. Байқап қарасақ, соңғы кездері шипалы өсімдіктердің еміне жүгіну кең өріс алған. Өйткені химиялық, синтетикалық дәрілердің адам ағзасына зияны туралы жиі айтылады. Сондықтан табиғи өсімдіктермен емдеушілерге сұраныс арта түсті. Қан тоқтататын, жараның асқынуын тежеп, күйікті жазатын, түрлі зиянкестердің уын қайтаратын, созылмалы ауруларды тежейтін, тіпті адам өмірін сақтап қалатын шипалық шөптерді пайдалану тиімді.
Асқарбектің емдік өсімдіктерді қалай пайдалану керектігі жөнінде жұртшылыққа ұсынатын пайдалы кеңесі мол. Онда суық тиюден бастап, кейбір емделуі қиын әртүрлі науқастарға, әр деңгейдегі ісік ауруларына, жүйке сырқаттарына, ішкі ағзалардың асқынуына байланысты емдейтін өзіндік тәсілдері бар. Асекең
ХV ғасырда өмірге келіп, тоқсан бес жас өмір сүрген, бүгінде аты аңызға айналған Өтейбойдақ бабасының баянды ғұмырын жалғасырушы. Кезінде Іленің бойында, Жетісудың төрінде ғұмыр кешіп, бар мақсаты елді емдеп, өмірі шипагерлікпен өткен бабасының ізашары. Бес ғасыр бұрын мың түрлі өсімдіктің сырын ұғып, екі мың түрлі шипалы дәрі жасап, артына өшпес мұра қалдырып кеткен Өтейбойдақ бабасы киіз кітап жазып, сол дәрілерін қалай пайдалану туралы мол деректер тастап кеткені мәлім. Алайда, соның үштен бірі ғана бүгінге жеткен. Енді міне, сол бабасының ізін жалғастырушы ақсақал да Өтейбойдақтың 85 жасында кітап жазған жасына келіп отыр. Ол шипагерліктің сырын өзгелерге үйретуге тырысады. Әр адамның табиғатпен етене араласып, өсімдіктердің қандай қасиеті барын біліп, зиянын тигізбей, маусымына қарай жинап, пайдасын көруге үйретеді.
– Ұстанымым – адам өміріне жеңілдік жасау. Жүз адамның он шақтысы ұсыныстарымды пайдаланып, дәрілік шөптердің сырын сезе білсе, өзі үшін өсімдіктерді жинап, науқастанған жағдайда дұрыс пайдалана алса, соның өзі қандай жақсы, – дейді ағынан жарылып.
Табиғат тамыршысының он жыл бұрын орыс тілінде шыққан еңбегінде де пайдалы кеңес жетерлік. Әр өсімдіктің атауы, шипалық қасиеті, аурудың емі қысқа да нұсқа, ұғынықты етіп жазылған. Ол науқастардан ақша сұрамайды. Шипагерлікті кәсіп етіп, нәсіп табуды мақсат тұтқан емес. Келгендерге емделудің жолын, қай өсімдікті қалай жинауды, кейбірін кімнен, қайдан алатынын тәптіштеп түсіндіріп береді. Ал қатты сырқаттанып, ауруы асқынып, жағдайы қиындаған адамды дереу емдеп, жазуға тырысады. Жарнаманы, өзін жөнсіз насихаттағанды ұнатпайды. Өйткені сырқаттанған адамдар ағылып, басып қалатындықтан «Жасым ұлғайды, бәрін қарап, емдеуге мүмкіндігім жоқ» дейді. Бұрынғыдай тау кезіп, даланы аралап, жалғыз жүре беру де қарияға оңай емес. Әрі дәрілік емдік шөптерді, шипалы өсімдіктерді маусымына қарай жинау, одан шипалы дәрі жасау күрделі іс. Бұл үшін лаборатория, арнайы орын, ісін жалғастыратын білікті мамандар, жұмыс күші керек. Америка, Еуропа елдерінде болып, өзгелерге құнды тәжірибесімен бөлісіп қайтқан ол бүгінде қолынан шипа тауып, сырқатынан құлан-таза айығып кеткендердің алғысына бөленумен келеді.
Саясат БЕЙІСБАЙ,
журналист