Саясат • 06 Қараша, 2019

Азаматтық қоғамды дамыту жайы қаралды

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) ұлттық-мәдени орталықтарының «АӨСШК кеңістігіндегі азаматтық қоғам: жағдайы және даму перспективалары» атты азаматтық форумы өтті.

Азаматтық қоғамды дамыту жайы қаралды

Жиынға Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары Жан­­сейіт Түймебаев, Сыртқы істер ми­нистрінің бірінші орынбасары Ержан Ашық­баев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, АӨСШК Хатшылығы атқарушы дирек­торы­ның өкілі Дармендра Сингх, Пар­ла­мент депутаттары, АӨСШК-ге мү­ше елдер, дипломатиялық корпус, мем­лекет­тік органдар және этномәдени бір­лестік­тердің өкілдері, танымал қоғам қай­раткерлері, отандық және шетел­дік ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Форум аясында «Қоғамдық келісімді нығайтудағы азаматтық қоғамның рөлі. АӨСШК елдерінің тәжірибесі» пленарлық отырысы, «Азаматтық қоғамды дамытудың келешегі» және «Жастар және азаматтық қоғамдағы байланыс механизмдері» панельді секциялары, Азаматтық қоғам дамуының концепциясы жобасының таныстырылымы, АӨСШК-ге мүше елдердің «Азиядағы сенім мен ынтымақтастықтың ұлттық көрінісі» атты фотожұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды.

Бұрынғы Парламент ғимаратында өткен шараны ашқан Жансейіт Түй­мебаев бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында негізін қалауды ұсынған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің құрылғанына биыл 27 жыл толғанын хабарлады.

«Бүгінде АӨСШК құрамына 27 мем­лекет, 8 бақылаушы ел және 5 халық­аралық ұйым кіреді. Кеңес жұмыс істеген жыл­дары Азия құрлығында сенім мен ын­ты­мақтастықты ілгерілету­дің маңызды те­тіктерінің бірі екенін толық дәлелдеді.

АӨСШК алаңы – мүше мемлекеттер үшін әлемдік саясаттың өзекті мәселелерінің барлық спектрі бойынша бірыңғай тәсілдерді дер кезінде әзірлеу мүмкіндігі.  Халықаралық құқық принциптері бүкіл әлем бойынша айтарлықтай эрозияға ұшыраса да, Азия тәртіпке, заңдылық пен сенімге ұмтылудың айрықша үлгісін көрсетеді.  

АӨСШК жұмысының практикалық нәтижелері 2002 жылғы маусымда Алматы қаласында өткен Кеңеске мүше мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде көрініс тапты. Сол кезде Үндістан мен Пәкістан АӨСШК алаңдарында бейбітшілікті сақтау жөніндегі күрделі диалогқа қайта орала алды. Сирия мәселелері бойынша өткен Астана процесі, Иранның ядролық бағдарламасын талқылау, Ресей-Түркия қатынастарын қалыпқа келтіруге үлес қосу – барлығы АӨСШК-нің маңыздылығы мен бірегейлігін көрсетеді», деді Жансейіт Түймебаев.

Одан кейін аталған кеңестің халық­аралық мәселелерді шешуге, көпвек­торлы саясатты насихаттауға қосқан үлесі туралы Кореяның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик, Пәкістан Ислам Республикасының Қазақ­стандағы елшісі Имтиаз Ахмад Кази, Қырғыз Республи­ка­сының Қа­зақ­стандағы елшісі Жээн­бек Кулубаев, Тәжікстанның Қазақ­стандағы елшісі Хайрулло Ибодзода баяндама жасады. Ал пленарлық отырыстан кейін қатысушылар «Азаматтық қоғамды дамыту мүмкіндіктері», «Азаматтық қоғам жастары мен байланыс механизмдері» тақырыбында ой қозғап, пікірлерімен бөлісті.