Байқаудың басты мақсаты мемлекеттік тілді үйрену, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастарды қазақ мәдениеті мен шығармашылығына ынталандыру, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу және мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау болып табылады. Ал кешке қоғам қайраткерлері, елордалық этномәдени бірлестіктердің және ҚХА жастарының өкілдері қатысты.
«Жаңа бір тілді меңгеру – бөлмеңізге жаңа терезе орнатқанмен тең. Мемлекеттік тілді меңгеру баршамыздың міндетіміз. Бұл байқау елордалық ҚХА жастарының қаншалықты белсенді әрі қазақ тіліне деген құрметінің жоғары екендігін көрсетеді», деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Амангелді Сыздықов.
Байқауға білікті қазылар бағасын берді. Ал байқауға елордалық этномәдени бірлестіктердің жастары қатысты. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласы ұйғыр этномәдени бірлестігі, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, «Радима» белорус мәдени бірлестігі, «Оберег» украин қоғамы, «Polacy» қоғамдық бірлестігі, «Юнчи» дүнген этномәдени бірлестігі және Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени бірлестігі болды.
Барлық қатысушы 3 кезең бойынша бақтарын сынады. Бірінші кезеңде этномәдени бірлестіктердің өкілдері «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында ауызша таныстырылым жасады. Бірінен бірі асқан бейне-көріністер, безендірулер қазылар алқасының көңілінен шықты. Таланттың нағыз шыңдалатын уақыты екінші кезеңде байқалды. Байқауға қатысушылар топтық жұмыстарын, «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты театрландырылған қойылымды көрермендер назарына ұсынды. Шешендік қабілеттерін танытудан, сондай-ақ сахнада өзін-өзі ұстау шеберліктері бойынша сынға түсті.
Нұр-Сұлтан қаласы ұйғыр этномәдени бірлестігінен Аружан Арзидун, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінен Айсанем Аймбетова, «Радима» белорус мәдени бірлестігінен Светлана Тарасова, «Оберег» украин қоғамынан Юлия Лагуткина, «Polacy» қоғамдық бірлестігінен Мария Жуликова, «Юнчи» дүнген этномәдени бірлестігінен Залина Ибрагимова және Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени бірлестігінен Дильдора Абдулхаева шешуші кезеңде қазақ әдебиеті классиктерінің және қазіргі заман әдебиеті ақындары мен жазушыларының шығармаларын мәнерлеп оқыды.
Тартысты бәйгеде қазылар алқасының шешімен 1-орынды Нұр-Сұлтан қаласы ұйғыр этномәдени бірлестігі, 2-орынды «Polacy» қоғамдық бірлестігі, 3-орынды «Юнчи» дүнген этномәдени бірлестігі иеленді. Байқау жеңімпаздары мен барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.