Қазақстан • 07 Қараша, 2019

Алматы жұрты көрнекті кино және сахна саңлағы Раиса Мұхамедияровамен қоштасты

730 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы жұрты, тұтас қазақ өнері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, көрнекті театр және кино майталманы Раиса Мұхамедияровамен қоштасты.

Алматы жұрты көрнекті кино және сахна саңлағы Раиса Мұхамедияровамен қоштасты

Отандық кинематография мен театр сахнасында шоқтығы биік әйелдер образын қалыптастырған талантты өнер саңлағымен қоштасуға келген халықтың қарасы қалың болды. Қаралы жиынды ашқан театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды аяулы жанмен қоштасуға келген қауымға көңіл айтып, көрнекті актриса туралы аз-кем толғанысын білдірді.

«Раиса Мәжитқызы саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнады, театр мен кино көрермендері үшін сұлулықтың символы болды. Кинода жасаған әрбір образы көрерменнің көз алдында қалды. Сахнадағы, экрандағы тамаша бейнелерімен көрерменнің жүрегін жаулай алған сирек дарын иесі екенін өнерсүйер қауым толық мойындады. Осы бейнелерді көріп өскен өзінен кейінгі буындағы жас қыздар мен жігіттер оған еліктеді, бой түзеді. Өзі сүйікті жары, серігі, балаларының әкесі болған Ғабит Мүсірепов атындағы театрда табанының ізі, жүрегінің үні қалды. Өнерде асқақ болды, биік болды» деді театр директоры.

Бұдан ары қарай аза тұту рәсімін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген ресми өкіл, белгілі қоғам қайраткері Мәди Әдиұлы жүргізді. Ол алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Белгілі мәдениет қайраткері, театр және кино әртісі Раиса Мәжитқызы Мұхамедиярованың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Раиса Мәжитқызы ұзақ жылдар бойы театрда өнер көрсетіп, кейіпкерлерді асқан шеберлікпен сахнаға шығара біліп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ көркем фильмдерге түсіп, көптеген басты рольдерді сомдады. Оның есімі мен жарқын бейнесі өнерсүйер қауының жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын» делінген Президенттің жеделхатында.

Мәди Әдиұлы марқұмның туған-туыстары мен азалы жиын қатысушыларына Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту жеделхаттарын оқып берді.

«Ән шақырады», «Менің атым Қожа», «Найзатас баурайында» сияқты естен кетпес елеулі фильмдермен көрермен махаббатына бөленген актриса бұдан өзге де 30-ға тарта кинофильмге түсіп, ару қыздар мен ақ жаулықты аналар образы арқылы танымал театр тарланына айнала білді. Қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан Раиса Мәжитқызының қайтыс болуына байланысты оның өнердегі еңбегін зор бағалай отырып қайғылы көңілін білдірген жеделхаттар Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдерінен де келіп түсті. Алматы қаласы әкімінің көңіл айту жеделхатын Тіл басқармасының басшысы Мамай Ахет пен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жеделхатын Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының директоры Асхат Маемиров оқып берді.

Қоштасу рәсімінде белгілі кинорежиссерлер Сатыбалды Нарымбетов, Болат Қалымбетов, Қазақстанның халық әртісі Роза Әшірбекова өнер шеберімен бірге жүріп қызмет істеген жылдарын еске алып, оның жайсаң мінезі мен  жақсы қасиеті туралы жылы лебіздерін айтты.

Қаралы жиын соңында марқұмның денесі «Кеңсай-2» зиратына жерленетіні жөнінде хабарланды.

 

АЛМАТЫ