Руханият • 10 Қараша, 2019

Халықаралық Түркі академиясы ұжымы Ататүрікті еске алу шарасына қатысты

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі өмірден өткеніне 81 жыл толған Ататүрікті еске алды. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының Фейсбуктегі ресми парақшасында жарияланды. 

Халықаралық Түркі академиясы ұжымы Ататүрікті еске алу шарасына қатысты

Түркия елінің Ұлы көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің мәңгілікке аттанғанына 81 жыл толуына орай Елшілік ұйымдастырған еске алу шарасына Түркі академиясы (International Turkic Academy) ұжымы да қатысты. Іс-шара барысында Кемал Ататүріктің өмір жолы туралы көрме ұйымдастырылды. Келген қонақтар еске алу шарасының аяғында Нұр-Cұлтан қаласында Ататүрік саябағындағы ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Түркия Республикасының негізін қалаушы Ататүрік 10 қараша күні таңертең сағат 09:05-те көз жұмған. Содан бері жыл сайын дәл осы уақытта Түркияда бір минуттық үнсіздік жарияланып келеді.
Ататүрік Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы, одан кейін өз елінің президенті ретінде Түркияда және одан тыс елдерде зор абыройға ие болған тұлға. Дәстүр бойынша Түркиядағы «Аныт қабир» басында ресми өкілдер мен қалың жұртшылықтың қатысуымен Ататүрікті еске алу шарасы өтіп тұрады. 
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Түркияның тәуелсіздігі үшін ту көтерген ұлттық-революциялық қозғалысты басқарған Ататүрік жаңа мемлекет құруға қол жеткізіп, бірқатар саяси, әлеуметтік және мәдени реформаны жүзеге асырған.
Ататүрік Түркия республикасының 15 жылдығына орай елді аралап жүрген сапары кезінде, 1938 жылы 10 қараша күні Ыстанбұлда қайтыс болған. Оның денесі Анкараға жеткізіліп, сондағы этнография мұражайына жерленеді. Ал 15 жылдан кейін, яғни 1953 жылы қазіргі кесенесіне көшірілді. Бұл кесене түрікше «Аныт қабир» («Ескерткіш қабір») деп аталады.