Кино • 11 Қараша, 2019

Жұрт жадындағы жұлдызды жұп

1330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жұрт жадындағы жұлдызды жұп

Өнерсіз – өмір қараңғы. Сол өнердің өзекті бір саласы – театр. Қазақ сахна өнері тумысы бөлек, тұғыры биік тұлғалардың табиғи таланты, жанкешті еңбегі арқасында өсіп, өркендеді. Бүгінде әлем таныған қазақ театрларын биік белеске көтергендердің бірі – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мүлік Сүртібаев болатын. Ол өзінің өмірдегі, өнердегі серігі Қазақстанның халық әртісі Әйкен Мұсабекова екеуі өнер жолын Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында бастады. Сахнаның қос жұлдызы осы өнер ордасының іргесін қалап, шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейткен біртуар таланттар болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев, ұлы суреткерлер М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсі­репов БАҚ-та жарияланған  ой-пікірлерінде ерлі-зайыпты өнерпаздардың талантын аса жоғары бағалады. Бір ғана мысал: «Мүлік Сүртібаев көзінің бір ғана қиығымен көп жайды аңғарта алатын талант» деп жазды М.Әуезов.

М.Сүртібаев комедияда, траге­дияда, драмада да біріне бірі ұқ­самайтын бедерлі бейнелер кейіп­те­ген кең тынысты, кемел ойлы талант болатын. Мәселен: «Өжет қыз» фильміндегі Аңғарбай бейнесі әлі есте. Ол сомдаған ұлы Абай театр тарихындағы бітімі бөлек бекзат бейне. Жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, күлкілі Аңғарбай мен ойлы, мұңлы ұлы Абайдың арасы жер мен көктей емес пе?! Осындай комедиялық, драмалық бейнелерді сомдау кез келген өнер иесінің маңдайына жазылмаған.

М.Сүртібаевтың кино сала­сын­дағы еңбегі де аса ауқымды.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары сахнаның қос саңлағы М.Әуезов театрына шақырылып, өмірлерінің соңына дейін қазақ өнерінің қара шаңырағында жемісті де жеңісті еңбек етті. Бірі Төлеген, бірі Жібек, енді бірде Кебек-Еңлік, тағы бірде Қозы-Баян бейнесінде сахнада жұлдыздай жарқырады. Өнерде өшпес із қалдырған.

Қазақстанның халық әртістері Мүлік  Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекованың 100 жылдық мерейтойы олар туып-өскен, жемісті еңбек еткен Қарағанды қаласында, Жаңаарқа ауданында, Ерәлиев ауылында аталып өтті. Мерейтой кештерінде сахнаның қос саңлағы жайлы, жазушы, драматург, театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов мазмұнды баяндама жасады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Қазақстан халықтары Ассамблеясы Қарағанды облыс­тық бөлімінің төрағасы Ерлан Құсайынов, Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин, т.б. қос талант жайлы тереңнен тар­тып, тебірене сөйледі. М.Сүр­ті­баевтың келіні, зейнеткер Әйтікеш Қазыбекова, сахна саңылақтарының немерелері Мадлена, Сұлтан Сүртібаевтар әсерлі естеліктер айтты.

М.Сүртібаев пен Ә.Мұсабе­кова­­ның 100 жылдық мерейтойлары өткен жылы желтоқсан айының соңғы күндері олар жемісті еңбек еткен М.Әуезов театрында өткен болатын. Сол ұлағаты мол ұлы той олардың туған жерінде әдемі де әсерлі, мәнді де сәнді жалғасты.