Әдебиет • 11 Қараша, 2019

«Шабыт» неге шалқымай тұр?

702 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарашаның алақанат алғашқы қары ақын жанының аппақ әлеміндей жа­па­лақ­­тай жауды. Бір сәтке ұшқындай барып қара жерді қапсыра құшқан мамық ұлпа мақпал сезімдерді селт еткіз­гендей сәнді көрінеді. Алайда, алабұртқан көңіл терезесінен самарқау көше­лерге ұзақ қарап тұрып әлдебіреуді қатты са­ғынғандай боласың. Ішкі аңса­рың­ды оятқан бейуақ сезімге бірдеңе дегің келеді. Бірақ оны кім түсінгендей...

«Шабыт» неге шалқымай тұр?

Енді бірде, ақ қарға түсіп жатқан сан алуан іздерден әлдекімнің жолын танығандай елегізесің. Алайда, таң қараңғысынан түскен сан тарау соқпақтың ешқайсысын сен күткен адамның салмағанын білесің...

Иә, поэзия патшайымы, ақын Фариза Оңғарсынова апаның бұл фәниде жоғын қарашаның қара суығы осылай тағы бір еске салды... Әйтпесе, қарлы қарашаның алғашқы сапарында-ақ жас ақын-жазушыларды асқақ шайыр өлең бәйгесіне өзі қосып, қалт-құлт еткен қадамдарына сәттілік тілеп «Шабыт» фестиваліне шаттана шақырар еді-ау!.. Биыл бәрі басқаша.

Қарашаның дәл осы күндері жыл сайын елорда төрінде халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі дүркіреп өтіп жататын. Сөзімізге қарап, жиырма екі жыл бойы үздіксіз жүріп келе жатқан айтулы аламан биыл тоқтап қалыпты деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Қорықпаңыз, аталған фес­тиваль биыл да шымылдығын айқара ашып, әлдеқашан басталып кеткен...

Тек, қалам мен қағазды жанына серік еткен ақын-жазушылар мен журналистер қауымы ғана бұл бәйгеден құр мақұрым. Дүркіреп өтіп жататын дегеніміз де сол, күркіреп ақындар өлең оқып жатпаған фестивальдің тым-тырыс күйін айтқымыз келген шығар...

«Шабыт» шығармашыл жастар фес­ти­ва­лі­нің сахнасынан жас ақын-жазушыларды былтыр да байқай алмаған болатынбыз. Жә, өткен жылы журналистика саласының жүйріктеріне кезек ұсынылды делік. Алайда, биыл Елбасы жариялағандай, Жастар жылында шығармашыл жастардың жалғыз фестивалі – «Шабыттан» поэзия, проза, журналистика жанрларының алынып тасталуын ешқандай ақылға сыйғыза алмас едік. Жоқ, әлде жас қаламгерлердің жастар жылына ешқандай қатысы жоқ дегіміз келді ме? Абай атамыз айтқандай, ұйымдастырушылар ақын-жазушыларды «жасқа жас ойға кәрі» деп Жастар жылынан жылыстатқаны ма? Біз түсінбедік.

Осындайда, аға буынның жаңа буынға жол ашатын үлкен дәстүрі үзіліп қалғандай сезіледі. Әдейі үзіп тастағандай әсер етеді. Әйтпесе, Фариза Оңғарсынованың көзі тірісінде бұндай белден басушылыққа жол берілмес еді.

Жалпы, талағында биті бар талант­ты жастарға үлкен сахнаға, үлкен шығар­ма­шы­лық өрлеуге жол ашатын бірегей алаң ретінде бұл «Шабыттың» бізге берері көп. Бұрынғы «Жігер» фестивалінің жалғасы ретінде алдыңғы толқын аға буын ақын-жазушылар «Шабыт» жайлы әрқашан оң пікірде болып келді. Алайда, былтырдан бері сол игі дәстүрдің жолы жабылып қалғанына кім-кім де болсын өкпелі.

Жоғарыда Фариза апа есімін неліктен зор құрметпен еске алдық. Қай кезеңде болмасын қоғамның бұлжымас барометрі бола білетін, ұлттың болмысы мен халықтың тіліне, сана-сезім мен дәстүр-ғұрыпқа бірден-бір тірек, тегеурін ақын-жазушы мүд­де­сін Фаризаның даңқы ешкімнің алдында таптатпас еді. Ақынды қоғамнан аластау – ақыл мен жүректі қораға қамаумен бірдей ыңғайсыздық туғызады. Әлі күнге дейін Германияны Гитлердің елі емес, Гетенің елі дейді, Ресейді Путиннің елі емес, Пушкиннің елі дейді. Ақын сонысымен де ұлттың төлқұжаты саналады.

Бұл ретте «Шабытты» шектемей, қайта, «Шабытты» әрі қарай қалай шарықтатуды ойласқанымыз дұрыс дер едік. Ащы әзілге сүйеп айтсақ, биыл жас ақындар мен жазушылар «Шабытсыз». Шабытсыз ақын – шабысы бәсең бәйгемен бірдей.

Айта берсек сөз көп. «Журналистика» аталымы «Шабыт» фестивалінің бағдар­ла­ма­сында былтыр араға біраз жыл салып зорға қосылған болатын. «Арқалағандары алтын, жегендері жантақ» журналистер қауымы «Шабыттың» шапағатынан енді тағы біраз жыл күдер үзе тұратындай.

Әрине, «Шабыттың» шарбағына тас лақтырғымыз келмейді, қайта ақынның аруағына сый-құрмет ретінде биыл аталған фестивальдің поэзия аталымын сексен жылдығы өтіп жатқан Фариза Оңғарсынова есімімен байланыстырып өткізгенде қандай жарасымды болар еді-ау... Амал нешік?!

Иә, біз «Шабыттың» шабысы бәсеңдеп бара жатқанын жасыра алмаймыз.