Ынтымақ мекені ретінде танылары анық
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көркейіп келе жатқан Түркістан бүкіл түркі әлемінің орталығына айналу мақсатында дамуда. Бұл орайда Елбасының: «Түркістан қаласы – түркі дүниесіне ортақ мәдени орда. Сондықтан түркітілдес елдер де Түркістанның гүлденуіне өзіндік үлестерін қосатын болады. Рухани шаһар осылайша түркі әлемі елдерін жақындастыра түсетін ынтымақ нышаны болмақ», – деген сөзі облыс орталығының ертеңіне деген сенімімізді нығайтып отыр.
Түркістан ежелден күллі Түркі жұртшылығының тәу етер қасиетті тұрағына айналған. Күн сайын ағылып келетін мыңдаған туристің толастамауы – осының айқын дәлелі. Аты әлемге әйгілі шаһардың жаңа мәртебе алуы, мұражайлардың көптігі, «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін құру да туризмнің дамуына оң әсерін тигізері анық. Тарих таспасында қалатын Жарлыққа қол қойып, көп ұзамай Түркістанға арнайы келіп, жаңа облыс орталығы ретіндегі даму тұжырымдамасын бекітіп берген Елбасы мұндағы қарқынды жұмысты бір сәт те назарынан тыс қалдырған жоқ. Бұл маңызды оқиғаның орын алғаны күні кеше ғана сияқты еді. Араға жылдан аса уақыт салып, алғашқы нысандар Елбасының қатысуымен ашылып, ел игілігіне берілді.
Даласынан тұлпарлардың дүбірі естілген, қойнауы тарих пен сырға толы Түркістан қаласы бүгінде көз алдымызда гүлденіп келеді. Ел билеген билер мен қаншама абыз, батырлардың сүйегін қойнауында сақтап жатқан киелі топырақтан түлеп шыққан тұлғалар мен қала тұрғындары ынтымақтастық пен бірлікте Түркістанның кемел келешегіне өз үлесін қосары анық. Күні кешегі сапарында облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берген Елбасы құрылыстың қарқынды жүргізілуі, жаңа нысандардың көптеп салынуы жастар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасайтынын атап өтті. «Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – Қазақстанның байлығы. Елорданы салған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақтар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қаласы барлық шығындарды өтеп, жыл сайын бюджетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр», деді Елбасы. Сол сияқты кешегі шешімге күмәнмен қараған кейбіреулердің күдігі сейіліп, Түркістанның жарқын болашағына деген сенімі артты. Осы қарқынмен рухани қала барлық бағытта дамыған, Түркі елдерінің ынтымақ мекеніне айналары анық.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
Түркістан облысы
Елбасы сөзі ақиқатқа айналып келеді
Жуырда Түркістанға жұмыс сапарымен келген Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздік алған соң Түркістанды болашақ астана ретінде қарастырғанын, бірақ жағдай бұған жол бермегенін атап өтті. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанды түлетуге ерекше ден қойып келеді. Қаланың облыс орталығына айналып, құрылыстың бұрын-соңды болмаған қарқын алуы – соның бір айғағы.
Бүгінгі Түркістан, бұрынғыдан әлдеқайда өзгере жаңарып, жасарған. Тұңғыш Президентіміздің «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деп тасқа қашап жаздырған сөзі ақиқатқа айналып келеді. Құрылыстың қарқынын қалаға кіре бергеннен-ақ байқау қиын емес. Бұл алдағы үлкен істердің бастауы ғана. Қаланың бас жоспарына сәйкес әлі талай жоба жүзеге асырылатынына сенім мол. Бүгінде әкімшілік ғимараттарды, тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды қамтитын, Түркістанда қолға алынған жалпы құны 275 миллиард теңге көлеміндегі қаржы қарастырылып, жүзеге асыру жоспарланған 150 құрылыс нысанының 102-сі биыл пайдалануға берілмек. Қазірдің өзінде қаланың ажарын аша түскен жаңа нысандар ел игілігіне қызмет ете бастады.
Ешқашан сөзі мен ісі алшақ болып көрмеген Нұрсұлтан Әбішұлының мұрындық болуымен әр жылдары Түркістан шаһарына бауырлас Түркия елінің басшылары Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезер, Абдулла Гүл, Режеп Ердоған арнайы келіп, Ясауи мазарының басында дұға оқыды. Бұл олардың түркінің қарашаңырағын ұстап қалған қазақ топырағына деген риясыз көңілінің, шексіз құрметтің белгісі болса керек. Сондай-ақ Тұңғыш Президентіміз Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ашылуында оқу орны «Түркістанды өркениет биігіне көтереді» деп сенім білдірген-ді. Бүгінде оқу орны қалашығы аумағының ұлғая бастағанының өзі бұл ойының айнымастай орындалып келе жатқанын аңғартады. Жалпы, Түркістанның өсіп-өркендеуі тек еліміздің беделін биіктетіп, әлем алдындағы абыройын асқақтатып қана қоймай, күллі түркі дүниесінің мәртебесін көтере түсері сөзсіз.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы