Спорт • 12 Қараша, 2019

Қазақстандық зияткерлер робототехникадан өткен халықаралық жарыстың қола жүлдегері атанды

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Любовь Дудченко Дүниежүзілік роботтар олимпиадасында III орынға табан тіреп, қола медаль жүлдегері атанды. Ол талдықорғандық зияткерлермен бір құрама топта өнер көрсетіп, шығармашылық категорияда бақ сынады. Халықаралық жарыс 8-10 қараша аралығында Венгрияның Дьёр қаласында өтті.

Қазақстандық зияткерлер робототехникадан өткен халықаралық жарыстың қола жүлдегері атанды

«Финалға жету үшін алдымен қалалық, сосын республикалық, одан кейін құрамаға ену кезеңдері бар. Осының барлығынан өткеннен кейін ғана әлемдік додаға аттана аласың. Бұл – үлкен еңбек. Тура осы жарысқа мен 8-ші сыныпта оқып жүргенімде де қатыстым. Бірақ соңына дейін жете алмадым. Ол кезде командамыз республикалық кезеңнен ІІІ орын иеленген болатын. Кейінгі кезеңдерге бұл көрсеткішпен өте алмадық. Алайда, биыл өттік. Екі жыл бұрын ІІІ орынға республика бойынша табан тіресек,  биыл әлем бойынша», деді Любовь Дудченко.

Л.Дудченконың айтуынша, командаластарымен құрастырған робот алғашында ойындағыдай шықпай, біраз алаңдатқан. Зияткер қыздың уайымын жарыстың масштабы, ондағы әртүрлі елдерден келген мықты бәсекелестерінің бары еселендірсе керек. Халықаралық жарыстың ақтық мәресіне әлемнің 73 елінен 424 команда қатысыпты.

«Корея, Жапония, Германиядан келген неше түрлі мықты командалар болды. Шынымды айтсам, роботты құрастыруға арналған бірінші күннің соңында қатты уайымдадық. Себебі, құрастыру барысында қиындықтар туып, қолымыздан келер ме екен, ең болмағанда үздік ондыққа енсек екен деген ойға да салындық. Бірақ, ертесінде өзімізді бірден жинап алып, қайтадан іске кірістік. Марапттау салтанатында бізді, елімізді атап шақырғандағы сәт бәрінен ерекше. Туымызды ұстап алып, сахнаға жүгіріп шықтық. Арманым – Қазақстанды әлемге әйгілі ету. Ақырындап орындалып жатқандай», деді ол.

Дүниежүзілік роботтар олимпиадасы – 2004 жылдан бастап 10-21 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер арасында өткізілетін халықаралық жарыс. Жыл сайын Олимпиадаға 2000-нан астам дарынды балалар қатысады. Биылғы жарысқа «Ақылды қалалар» тақырыбы бекітіліпті. Қатысушыларға болашақтың қаласын құрудағы жаңа тұжырымдамалар, идеялар мен технологияларды ұсыну міндеттелген.