Тарих • 14 Қараша, 2019

Талас құрылтайы – ұлттық мемлекетіміздің алтын көпірі

294 реткөрсетілді

Биыл қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын Талас құрылтайына 750 жыл толып отыр. Аса жоғары мәні бар оқиғаға орай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Халықаралық Түркі академиясы және Жамбыл облысы әкімдігімен бірге «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізуді жоспарлауда.

Конференция жұмысына Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбек­стан, Қырғызстан, Әзербай­жан және басқа да бірқатар шетелдер­ден түркі халықтарының әлем­дік өркениет дамуындағы орны мен рөлін зерттеуші белгілі ғалым­дардың қатысуы жоспарлануда. Талас құрылтайында ұзақ жылдар бойы әртүрлі себептермен жүйелі түрде зерттелмей келген мәселелер ішінде отандық, аймақтық, тіпті әлемдік тарихта орын алатын Ұлы даладағы түркі халықтары мен мемлекеттерінің қалыптасуы мен дамуы жайында жаңа пікірлер мен пайымдардың айтылатындығы анық.

Еліміз тәуелсіздік алғалы ұлт­­тық құндылықтарымыз қайта ора­лып, бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдарына арналған іргелі зерттеулер жүргізуге зор мүмкіндіктер туды. Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, одан кейінгі Ұлы түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері – Қазақ хандығы екендігі тарихтан белгілі. Талас жерінде 1269 жылы Қайду ханның шақыруымен Ұлы құрылтай өтіп, Алтын Орда мен Моғолстан бой көтерді. Ал Қазақ хандығының құрылуына тікелей мұрындық болған – Есенбұға хан билігіндегі Моғолстан мемлекеті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз­ге бабалар тұлпарларының тұя­­ғымен жазылған ата тари­хы­ның әр парағы ерекше қымбат. Қазақ­тардың бүгін­гі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ете­тін болады» деп айтқандай осы рух­пен тәрбиеленер жас ұрпақ жа­сам­паздық және мемлекетті ны­ғайту­дың көпғасырлық тәжіри­бесінен ұлт тарихына деген мақ­та­ныш сезіміне бөленіп, оған айрықша құрметпен қарайтыны сөзсіз. Ғасыр­лар қойнауынан жет­­кен хал­қы­мыздың ұлы мәде­ниеті мен дәс­түрін сақтай отырып, Қазақ­стан­ның рухани өркен­деуінің негі­зін қалауға ұмтылатын да бүгін­гі ұрпақ болмақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт То­қаев үстіміздегі жылдың тамыз айында өткізілген «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында: «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық ту­ризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Ор­даның 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек», – деді. Одан әрі қарай Президент: «Біз Алтын Орда негізін қалау­шы Жошы ханға міндетті түр­де құрмет көрсетуіміз керек. Аса маңызды миссия: бүкіл әлемнің назарын осындай тарихи тұлғаға аудару және оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру» – деп қадап айтты.

Ежелгі дәуірден бері қарай тарихи даму кеңістігіне үңілсек, сақ, ғұн, түрік қағанаты сынды алып мемлекеттерден бастау алатын Қазақ хандығы, кейі­нірек Жошы ұлысы мен Моғол­стан мемлекеттерінің дәстүр сабақтастығы аясында қалып­тасты. Осы орайда белгілі та­рих­­шы-ғалым Мұхаммед Хай­дар Дулатидің «Тарих-и-Раши­ди» атты еңбегінде Қазақ хан­ды­ғының қалыптасуы мен Моғол­стан билеушісі Есенбұға жайында былай дейді: «Жошы ұрпа­ғы­ның сұлтандары жорық жасап, Жәнібек пен Керей хан Мо­ғ­ол­станға кетіп қалған еді. Есен­бұға хан оларды құрметпен қар­сы алып, қоныстануға Моғол­стан­ның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді».

Керей мен Жәнібек хандар Шу өңірінде хандық құрғанда Моғолстан Қазақ хандығына жер беріп қана қоймай, байрағын бір­ге көтерісетін бауырлас ел ретін-де табиғи қолдау білдірген деу­ге толық негіз бар. Моғолстан атауы­­на негіз болған «моғол» сөзі Орталық Азияда XV ғасырдан бас­тап түрік, моңғол көшпелілердің этнополитонимі ретінде атала бас­тады. Өзінен бұрынғы Қара­хан мемлекетінің аумағына орна­ласқан Моғолстан шығыста Қашғардан басталып, Жетісумен жалғасып, Шу, Талас, Қаратау өңірімен тұтасып, Сырға дейінгі аймақты түгел қамтыды. Осы аймақта туып, Ауғанстан асып, Үндістанға табан тіреген Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың елі де кейін «Моғол мемлекеті» деп аталды.

1269 жылы Талас құрылтайын өткізген Қайду хан тарихта 1236-1301 жылдары Шағатай ұлысы­ның аумағында, қазіргі Қазақстан­ның оңтүстігі, Шығыс Түркістан, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Түрік­мен­стан, Тәжікстан және Ауған­стан өңірінде 65 жыл бойы би­лік жүргізген. Ол Құбылай хан­­ға қарсы Қарақорымдағы Орда­ны басып алу жорықтарын ұйым­дастырып, көшпелілердің дәс­түрлі билік түзімін жалғастыру мақсатында Жошы, Шағатай, тіпті Құлағу әулеттерінің күшін біріктіруге орасан зор еңбек сіңірген тұлға ретінде қалды. Құрылтай өтетін жер ретінде тарихи Талас өңірінің алынуы бірқатар себептерге байланысты еді: 1) Түрк қағанатының негізі қаланған өлке; 2) 751 жылы Талас соғысы арқылы Таң империясына күйрете соққы берген түркілер алғаш рет ислам дінін қабылдаған аймақ; 3) Баласағұн, Суяб, Тараз сияқты қалалары бар Қарахан мемлекеті құрылған өңір.

В.В.Бартольд Талас құрылта­йының маңыздылығына тоқта­лып, оны Қайдудың ұйымдас­тырғанын атап көрсетеді. Құрыл­тай Орталық Азия тарихында Шыңғыс қаған орнатқан алып империядан кейін алғаш рет жеке дербес мемлекеттік билік жүргізудің тарихи бастауы болып қалды. Құрылтайда Шыңғыс қағанның «Йаса» заңы, әулеттің саяси ұстанымдары мен байырғы түркілік дәстүрлер­дің сақталуы бағытында, көшпелі­лер мүддесін қорғаған маңызды шешімдер қабылданды.

1269 жылғы Талас құрылта­йы­на Шағатай ұрпақтарынан – Барақ, Үгедей ұрпақтарынан – Хайду, Жошы ұрпақтарынан – Менгу Темір хан мен Беркежар қатыса­ды. Бұл жайында Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбегінде былай жазады: «Хиж­раның 667 (1269 жылы) жылы көктемінде ханзадалардың барлығы Талас пен Кенжектің жайлауында жиналды, сөйтіп бір апта тойлатқан соң, сегізінші күні кеңес құрылтай өткізді. Әуелі Қайду сөйледі: – Біздің даңқты атамыз Шыңғыс қаған әлемді парасаттылығымен, ақылымен және қылыш пен оқтардың соқ­қы­сымен басып алып, тәртіпке келтірді, дайындап өз әулетіне тапсырды. Міне, біздің бәріміз әкелер жағынан бір-бірімізге туысқанбыз. Өзге ханзадалар болса, біздің аға-інілеріміз, олардың ортасында келіспеушіліктер мен алауыздық жоқ. Не үшін келіспеушіліктер мен алауыздықтар біздің ортамызда болуы керек?!» – деді.

 Құрылтайда шағатайлық Барақ пен үгедейлік Қайду арасында пікірталас болып, ақырында: «... Бүгінгі күннен бастап өткен оқиғаларды еске алмаймыз, жайлау мен қыстау үшін жұртты өз арамызда әділ бөлеміз» – деген шешімге келеді. Сол шешім бойынша «Мауереннаһрдың үштен екісі Бараққа, үштен бірі Қайду мен Менгу Темірге тие­сілі» деген келісімге келді. Осы­лайша, Талас құрылтайының нәти­жесінде Мауереннаһрда Қай­ду мемлекеті (1269-1301) құрыл­ды. Талас құрылтайында саяси мәселелермен қатар, эконо­ми­калық және салық саясатына қатысты бірқатар шешімдер қабылданды.

Бұл Құрылтайға дейін моңғол хандары мен ақсүйектерінің жаулап алынған жердегі тұрғын­дарға қатысты саясатында екі бағыт болып келді. Бірінші бағыт – жаулап алушылардың көшпелі тұрмысын сақтау; бағынышты халықтарды үнемі талан-таражға салу; егіншілік өңірлерді мал жайылымына айналдыру. Екінші бағыт – жергілікті үстем таппен жақындасу; отырықшылық, егін­шілікпен айналысатын елдер­дің дәстүрлеріне сүйену; талан-тараждарды тоқтатып, тұрақты са­лықтарды енгізу; хан билігі кү­шей­тілген мемлекет құру.

Жоғарыда қабылданған ше­шім екінші бағыттың үстем­дік­ке жеткендігін көрсетті. Осы­дан кейін моңғолдар жаулап алған аймақтарда әлеуметтік-эко­­но­микалық өмір қалпына кел­ті­ріле бастады. 1269 жылы Талас құрыл­тайы саяси жағынан алған­­да Моңғол империясының ыды­­рап, дербес мемлекеттерге бөлін­­генін заңдастырды. Соны­мен қатар тонаушылықтар мен бүлік­шілік­терді тоқтатып, жаулап алу зар­даптарын жоюға, бағы­ныш­ты халықтардың әлеуметтік-эконо­микалық дамуына жол ашты.

Талас құрылтайының тарихи маңызы орасан зор. Сол тарихи кезеңде ұлыстар арасында болған азамат соғысында жеңіске жеткен Құбылай хан астананы Қарақорым қаласынан біржола өзін қол­даған қытайлардың жеріне, яғни Ханбалыққа (қазіргі Пекин) көшіруді ұйғарады. Хан шешіміне қарсы көтерілген көш­пелі елді Үгедей ханның немере­сі Қайду хан бастап шыққан бола­тын. Бұл соғыста Қайду хан Тар­­бағатай тауы мен Еділ өзені арасындағы халыққа арқа сүйеген еді. Елдің астанасының орталық Қытайға көшірілуіне қарсылық көрсете алмағанымен, 1269 жылғы Талас өзенінің бойындағы Құрылтай көмегімен, Қайду хан Шығыс Түркістан жерінен Батыста жат­қан елдің аймақтарын қытай им­ператоры болған Құбылай би­лігінің ықпалынан алып шыға алды. Бұл саяси түрде дербестік болға­нымен, нақты дербестікке қол жеткізу жолындағы аянбай соғысу жолы болатын. Қайду хан қартайып егде тартқанға дейін ат үстінен түспей Құбылаймен және оның мұрагерлерімен ұзын саны 26 жыл соғысып, көшпенді елдің дербестігін сақтап қалды.

Талас құрылтайының шеші­мімен үш ұлыстың шекарасы айқындалды. Шыңғыс ханның ортақ мұрасы жолында бірлескен хандар бұдан былай қалаларға емес, таулар мен далаларға, жазық жерлерге қоныстанатын болып уағдаласты. Осылайша даңқы аспандап, ықпалы артқан Қайду Шу даласына хан ордасын тігеді.

Моғолстан мемлекеті Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хан­дығына енші беріп қана қойған жоқ, оған саяси қолдау көрсетіп, ресми түрде алғаш танып, мойын­даған ел болды.

Осылайша Талас құрылтайы арқылы Шыңғыс хан құрған ұлы империя ыдырап, оның орнына Еуразия кеңістігінде түрік-ислам өркениетін ту еткен жаңа, дербес үш мемлекет – Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Моғолстан бой көтерді.

Биыл 750 жыл толып отырған Талас құрылтайы Алтын Орда, Шағатай ұлысы және Моғолстан мемлекетінің тарихын жаңа тұр­ғыдан зерттеуге мұрындық бо­лады деп сенеміз. Тереңнен бас­тау алған ұлттық тарихымыз ар­қылы Ұлы далада әртүрлі кезең­дер­де өмір сүрген Түркі мем­ле­­кет­­терінің тікелей мұрагері – қа­зір­гі Қазақ елі екенін білуіміз қажет.

Әлеуметтану ілімінде «ұлт­тық жетімдік» деген сөз бар. Өткен тарихын білмеген халық­тың болашағы бұлыңғыр. Мың­жыл­дықтар мен ғасырлар қойнауын­дағы бай тарихымызды білу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Түйіндей айтсақ, халқымыз әр уа­қытта бай тарихтың иесі болған­дығы ақиқат.       

Махметғали САРЫБЕКОВ,

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Соңғы жаңалықтар

Таразда су тарифі көтеріледі

Аймақтар • Бүгін, 16:40

Ауыр атлеттер Катарға аттанады

Ауыр атлетика • Бүгін, 12:08

Жақсы ауданындағы жақсы істер

Аймақтар • Бүгін, 11:49

Көпбалалыларға көмек

Аймақтар • Бүгін, 11:41

Күлкі керуені № 22

Руханият • Бүгін, 09:45

Фариза ақынның ұстазы

Руханият • Бүгін, 07:41

Армениямен ынтымақтастық дамиды

Парламент • Бүгін, 07:37

Жастар сыйлығы тапсырылды

Қоғам • Бүгін, 07:33

Әлдибастау әулиесі

Руханият • Бүгін, 07:23

Тәу етер жалғыз киеміз

Қоғам • Бүгін, 07:18

Көзін тапқанға кәсіп көп

Қоғам • Бүгін, 07:13

Темір жолды жағалап топ бала жүр

Аймақтар • Бүгін, 07:08

Бірқатар кездесу өткізді

Президент • Бүгін, 07:04

Ұқсас жаңалықтар