Аймақтар • 18 Қараша, 2019

«Ел үміті» сенім ұялатты

398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің батыс аймағында бастау алған «Ел үміті» марафонының эстафетасын Алматы қаласы қабылдап алып, «Халық арена» спорт сарайында Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларының білім және ғылым, бизнес пен медицина, мәдениет пен спорт, экономика мен қоғамдық өмірдегі белсенді жастары Елбасы қолдауымен жүзеге асырылған бағдарламалар негізінде жеткен жетістіктерімен бөлісті. Қазақстанның әр өңірінде өткізіліп жатқан бұл марафон Елбасының «Ел үміті» бастамасының аясында ұйымдастырылып отыр.

«Ел үміті» сенім ұялатты

 

Жастар жылы аясында бойында білімі мен білігі қатар өрілген қыз-жігіттердің басын қосқан марафонның басты мақсаты – талантты балалар мен жас­тарды анықтап, оларға нақты қол­дау көрсету. Табысты болу, бәсекеге қабі­леттілік, патриотизм және білімге құш­тарлық идеяларын өзге жастарға үлгі етіп ұсыну. «Ел үміті» марафоны елі­міздің жастарын барынша қалың көп­шілікке таныстыруға тырысады, олар­дың ерекшелігін, дарындылығын, ғы­лыми және көшбасшылық әлеуетін үлгі ретінде насихаттап, барша жас отандас­тарын Отан үшін ерінбей еңбек етуге шақырады.

Оңтүстік аймақтағы үш облыс пен екі мегаполистің білім-білігі жоғары, талғамы мен талабы сай белсенді жас­тарынан құралған делегацияларды Алматы жастары құрметпен қарсы алды. Жас болса да, жетістікке жетіп үлгерген дарын­ды жастарға Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ықыласы да ала-бөтен болды.

«Ел жастарының ең көп шоғыр­ланған орталығы Алма­ты­да «Ел үміті» жобасы қаты­су­шыларын қарсы алу – біз үшін үлкен қуаныш. Сіздер, Қазақ­станның болашағы, ел үмі­тісіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз – еліміздің жетістігі. Бүгінгі марафонның Тұңғыш Президент күні­не арналып өткізіліп оты­руы да кездейсоқ емес. Өйт­ке­ні дарынды жастар мен көш­бас­шыларға қолдау көрсету, одан әрі дамыту Елбасымыз Н.Назарбаевтың назарынан ешқа­шан да тыс қалған емес. «Ел үміті» марафонының Елбасының қол­дауымен игі дәстүрге айналуы – осының жарқын дәлелі», деді қала әкімі Б.Сағынтаев.

Алматыда 700 мыңнан ас­там жас өмір сүреді. Яғни, қаланың әрбір үшінші тұр­ғыны – жастар. Оның 230 мың­нан астамы – студент. Олар Алматының 39 жоғары оқу орнында, 80 орта білім беретін колледжде оқиды. Биыл Алматыда жұмысшы жастарға арналып жалға берілетін 1050 пәтердің кілті табысталды. 2020 жылы мемлекеттің бұл бағдарламасына Алматы қаласы әкімдігі қосымша «Алматы жастары» атты өз бағдарламасын ұсынып, пәтер санын бірте-бірте тағы да 1000-ға көбейтуді көздеп отыр. Осылайша жыл сайын жастар үшін бөлінетін пәтер санын 2000-ға жеткізу жоспарланған. Жастарды жұмыспен қамту, олардың кәсіби қабілетін арттыру, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау – шаһар әкімдігінің басты мақсаты. Алматыға арман қуып келген жастардың үмітін үрлеп, келешегіне сеніммен қарауына өз тарапынан осылайша қолұшын созбақ. «Ел үміті» марафоны сол себепті де Алматы үшін стратегиялық жағынан маңызды жоба саналады.

Қазақстанның тұңғыш Пре­зи­ден­ті – Елбасы қорының атқа­рушы директоры Әсет Исекешевтің сөзі де дарынды жастарды демеуге бағытталды. Елбасы Н.Назарбаев халықтың бүгіні мен болаша­ғы­на қам­қор­лық жасауды өз саяса­ты­ның негізгі мәні деп санайтынын атап өтті. Президент Қ.Тоқаев та осы бағытта жемісті жұмысты жалғастырып келеді. «Ел өмірі» бастамасы аясында көптеген жаңа жоба қолға алынды. Құрметті жастар! Қазіргі жылдам өзгеріп жатқан заман мына сіздерден, жастардан, мықты болуды талап етеді. Барлық сала бойынша өзгеріс күн сайын жүріп жатыр. Біз сіздерді қолдаймыз. Бүгінгі марафон тек бірінші қадам, алда үлкен жұмыс тұр», деді Ә.Исекешев. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, алдағы он жылда бүгінгі мектептер мен университеттерде оқып жүрген жастардың жартысынан астамы әлі өмірге келмеген мамандықтар бойынша жұмыс істейді. Ал 2050 жылдарға қарай жаңа бағытта білім алып, тәжірибесі толысқан осы жастар игеретін кәсіптің денін жасанды интеллект алмастырады. Өте жылдам әрі қарқынды өзгеріп келе жатқан уақыт ағыны жастардың үздіксіз білім алуын, ерінбей еңбектенуін, сергек болуын қажет етіп отыр. Өмірге келген әр адамның бойында қабілет болады, тек оның көзін ашып, ұштай білуі маңызды.

Алматылық Кристина Бек­мырзаева былтыр ғана күрделі жөн­деу жүр­гізі­ліп, мүлде жаңа сипатқа ие болған Алма­ты­ның жерасты өткелдеріне, тұрғын үй қа­бырғаларына түрлі мазмұндағы суреттер салған авторлардың бірі. Оған Гер­манияда жұмыс істеуге ұсыныс түскен, бірақ «Отан оттан да ыстық», шы­ғар­ма­шылық әлеуетін туған жерінің гүлденуіне жұмсағанды жөн көреді. Ал Азамат Оразбек болса, мүмкіндігінің шектеулі болға­ны­на қарамастан, Қазақ­стан Республикасының чемпионы, пара­лим­пиа­даның бірнеше дүркін чемпионы. Өзі әуесқой әнші. Екі баланың әкесі. Та­лантын табыспен ұштастырған жас кә­сіпкер Нұрсұлтан Швейцария Менеджмент университетінде білім алып ке­ліп, туған жері Түр­кістан облы­сын­да лимон мен киви жемісін өсіруді қолға алса, Диас Голландиядан асыл тұ­қымды сиыр әкеліп, өңірді айран, қа­тық, йогуртпен қам­та­масыз етіп жүр. Серікбол Данышбаев Түркістан қала­сы­на ар­налған ақылды бағдаршам жасап шығарған. Кәсібін бастамай жатып «Егер осы іспен айналыссам, нәтижесі бола ма, жоқ па?», «Мұны кім алады?», «Қайда апарып өткіземін?» деп күдік-күмәнге көбірек берілетін замандастарын­ бұл жас­тардың қол жеткен табысы сөзсіз жігер­­лен­діреді. Ал бұл марафонда екі көзі шоқтай жанып, өз мамандығын табыс көзіне айналдыра алған жүздеген талантты жастың нақты жетістігінің сыры талай қыз-жігіттердің өзіне деген сенімін оятып, құлшынысын арттыра түсті. Бәрі де «Ел үміті» марафонының ес­телік статуэткасымен марапатталды.

Сондай-ақ жыл сайын ауыл балаларына арналған «Мың бала» атты турнир өткізу қолға алынады. Нәтижесінде турнирдің жеңімпаздары еліміздің үздік мектептерінде оқуын жал­ғас­тырады. Осы игілікті баста­ма­лар­дың бәріне Елбасы қоры қолдау көрсетеді.

Талантты әрі жігерлі жас­тар­дың се­ні­мін қалып­тас­ты­руда бұл марафонның орны айрықша. Мемлекет тірегі, ел үміті – осын­дай жастар. Өзінің жетістікке жету жолын өзгемен бөлісіп, өзіне өзі сеніп, батыл қадам жасауына, бойында бұғып жат­қан қабілетін жүзеге асыруға, өзімен өзі жүйелі жұмыс істеуге, жан-жақты әрі белсенді болуға ешкім де кедергі емес. Тек өз тағдырыңды өзің қолыңа ал. Ал­дыңа батыл мақсат қой. Қиындықтан қо­рықпа. Мемлекет әрқашан жастарды қолдайды.

 

АЛМАТЫ