Парламент • 19 Қараша, 2019

Жергілікті өзін өзі басқару бағдарламасы талқыланды

566 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде бюджеттің IV деңгейін енгізу нәтижесі талқыланды.

Жергілікті өзін өзі басқару бағдарламасы талқыланды

Отырыстың басында сөз алған Пар­ламент Мәжілісі Төрағасының орынбаса­ры Владимир Божко мемлекеттік бас­қа­рудың жетістігі ұйымдарды қолдауда екенін айта келе, осы бағдарламаның орындалуына тоқталды.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары 2013 жылы Парламентте жергілікті өзін өзі басқаруға қатысты заң қабыл­дан­ғанын атап өтті. Ал 2014 жылы аталған заңға сәйкес жергілікті ұйымдардың құзы­рына жеке, табыс, мүлік пен көлік са­лығы берілгенін хабарлады. В.Божко­ның айтуынша мұндай шаралар ауыл тұрғындарына жергілікті деңгейдегі мәсе­лелерді шешуде олардың пікірінің маңызды екенін түсінуге мүмкіндік бер­мек. Нәтижесінде облыстық және аудан­дық әкімдіктер мен қаржы саласы­ның мамандары ауыл әкімдігінің қызмет­керлеріне арнайы дәрістер өткізген.

 Төрт деңгейлі бюджет жүйесі енгізілді

Одан әрі депутаттар алдында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бұл тақырыпқа кеңінен тоқталып, мәлім­деме жасады. Оның айтуынша өзін өзі бас­­қарудың негізгі элементі – дербес бюд­­жет. «Жергілікті өзін өзі басқару бюд­­­жетін құрудың негізгі мақсаты – мә­се­­­лелерді шешуде өзін өзі басқару ор­ган­­­дарының дербестігін арттыру. Бұл рет­те қо­ғамдастықтың жиналыстары мен жиын­дары арқылы нақты аумақ тұрғын­дары­­ның мүдделері ескеріледі», деді министр.

Министрдің айтуына қарағанда, Ұлт жоспарының 98-қадамын орындау үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде дербес бюджет енгізілген.

– Бұрын бюджеттік жүйе үш деңгейде қарастырылатын. Яғни, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеті және аудандық бюджет қана болды. Ауылдық округтер сәйкесінше аудандық бюджеттен қаржыландырылатын. Енді 2018 жылдан бастап жаңа бюджеттің IV деңгейі енгізілді. Бұл – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті. Яғни, бюджет жүйесі төрт дең­гейлі болды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бас­тап бюджеттің IV деңгейі халық саны 2 мыңнан асатын 1055 ауылдық округ­те енгізілді. Бұл барлық ауылдық округтің 44%-ын құрайды. 2020 жылдан бастап қалған 1 338 ауылдық округке де енгізілу жоспарланған, – деді Р.Дәленов.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі жергілікті өзін өзі басқару бюд­жетін қалыптастыру үшін, ең алдымен кірістерді қалыптастыру, шығыстарды бөлу, сондай-ақ коммуналдық меншікті басқару керектігін еске салды.

 Орташа бюджет –  122,4 млн теңге

Реформаның басты ерекшелігі – жер­гілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тұрғындардың қатысуын кеңейту. Жер­гілікті өзін өзі басқару бюджетін енгізгенге дейін шығыстардың негізгі бөлігі аудандық бюджетпен анықталған. Яғни, дербестік болмаған. Бюджетті енгіз­геннен кейін қазынашылық шот пайда болмақ. Жергілікті салықтар мен транс­ферттер ауданның бюджетінен жергі­лікті өзін өзі басқару бюджетіне тікелей түседі. Осылайша, шығыстардың негізін қалыптастырады.

Министрдің айтуынша, салықтарды тікелей өз бюджетіне есептеу кіріс бө­лі­гінің ұлғаю факторы болған. «Шығыстар мен басымдықтар енді міндетті түрде халық тарапынан талқыланады. Бұл ха­лықтың жиыны сайлайтын жергілікті қоғамдастықтың жиналысы арқылы жү­зеге асырылады. 2018 жылдың қоры­тын­дысы бойынша ауылдық округтердің жалпы табысы 129,2 млрд теңгені құра­ды. Бұл ретте төрттен бірі немесе 32,2 млрд теңге – ауылдардың  өз табысы. Бір ауылдық округтің орташа бюджеті – 122,4 млн теңге. Бюджет көлемі 1 млрд теңгеден асатын округтер де бар», деді Р.Дәленов.

2019 жылдың 9 айының қорытын­дысы бойынша жергілікті өзін өзі бас­қару бойынша кіріс көлемі 23,5 млрд тең­гені құраған. Бұл өткен жылғы нәти­жемен салыстырғанда 15%-ға (3,1 млрд теңге) артық. Дегенмен министр та­быстың өсуінің нәтижесінде шығыс­тың да көлемі өскенін мәлімдеді. «2018 жылы шығыстар 125 млрд теңгені, 2019 жылы 162 млрд теңгені құрады, яғни шығыстар 30%-ға (37 млрд тең­ге) ұлғайған», деді Р.Дәленов. Осы орай­да 2018 жылы шығыстардың негізгі үлесі мектепке дейінгі білім беруге, әкі­м­шілік шығыстарға және абаттан­дыруға жұмсалғаны мәлім болды. Абаттандыруға жұмсалатын шығыстар 56%-ға (9,57 млрд теңге), ал мектепке дейінгі білім беруге жұмсалған қаржы көлемі 27%-ға (15,0 млрд теңге) өскен.

 Ауылдық округтер мамандарға мұқтаж

– Бюджеті бар 1055 ауылдық ок­руг­­тің штат саны 8 173 бірлікті құрайды. Сондай-ақ 460 бос орын бары анық­талды. Бұл ретте ауылдық округтердің үштен бір бөлігі (31%) заңгерлерге, ал 4%-ы бухгалтерлерге мұқтаж. Жалпы, ауылдық округтер үшін бекітілген лимит шегінде кадрлармен қамтамасыз ету жаман емес. Орта есеппен ауылдық әкімдер аппараттарының штат саны 5-тен 10-ға дейінгі бірлікті құрайды. Қазіргі уақытта олардың санын арттыру үшін халықтың жүктемесі мен санын ескере отырып, өңірлердің ішінде штат бірліктерін қайта бөлу жолымен облыс әкімдерімен жұмыс жүргізілуде, – деді  Р.Дәленов. Сондай-ақ ол бюджетпен жұмыс істеу үшін әкім аппараттарына сапалы интернет қажет екенін де атап өтті.

Баяндама соңында Ұлттық экономика министрі жаңа ұсыныстардың дайын­далып жатқан заң жобасында қарасты­рылатынын айта келе, «Жалпы, осы заң жобасы аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге бағытталады. Жергілікті өзін өзі басқару бюджетін енгізу ауылдық округтердің қаржылық негізін нығайтуға, бюджеттің қаражатын халықтың мүддесіне сай тиімді бөлуге, ауылдық жерлердегі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», деп сөзін түйіндеді.

 Халықтың бюджеттен хабары болуы тиіс

Ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Са­бильянов бюджеттің жаңа дең­гейін енгізу бойынша жекелеген мәсе­лелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша кейбір әкімдердің аппараты мен мәслихаттар бюджет жобасын жер­гілікті тұрғындарды тартпай-ақ қарай­ды екен. «Халық бюджеттің қалай қалып­тасатынын және қандай жергілікті мәселелерді шешуге жұмсалатынын білуі тиіс. Мәселен, жергілікті өзін өзі басқару органдарының қаржылай дербестігін арттыру үшін бюджеттің IV деңгейіне кезең-кезеңімен салық пен төлемдердің 7 түрі берілді, ал шығыстар 19 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бюджетті сапасыз жоспарлау ауылдық елді мекендердің дамуы­на теріс әсерін тигізеді. Сондықтан әкімдіктер бюджет жобасын және жергілікті маңызы бар мәселелерді қарау кезінде жергілікті қоғамдастықтарды тарта отырып, бюджетті сапалы жос­пар­лау қажет. Жергілікті өзін өзі басқа­рудың өз кірістерін ұлғайту үшін кәсіпкерлік субъектілерге жағдай жасап, жеңілдетілген кредит және субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау көрсету керек», деді комитет төрағасы.

 Бюджет жұмысына интернет қажет

– Өңірлердің ақпараты бойынша халық саны 2 мыңнан асатын ауыл, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттарында байланыс арналары бойынша өткізу қабілеті 512 Кбит/с-тен кем емес интернет орнатылған. Бірақ интернеттің бұл жылдамдығы ауылдық округтердің бюджетіне қызмет көрсету үшін жеткіліксіз. Сонымен қатар өңірлердің ақпаратына сәйкес 934 ауылдық округте жоғары жылдамдықты интернет жоқ. Кейбір ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары тіпті интернетпен қамтамасыз етілмеген. Мысалы, Павлодар облысында 21 ауылдық округ әкімінің аппаратында интернет жоқ. Ал Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының 6 ауылдық округінде интернет қосылмаған. Осыған байланыс­ты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бюджет қаражатын қарастырып, барлық ауылдық округтің аппараттарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауы қажет, – деді Нұртай Сабильянов. Сонымен бірге бюджеттің IV деңгейін одан әрі сапалы жаппай енгізу үшін қажетті жағдайлар жасап, елді мекендердің жергілікті проблемаларын шешу бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігін айтып өтті.

Жиын соңында мемлекеттік бағдар­ла­маның орындалу барысынан хабар­дар болған Мәжіліс депутаттары аталған саладағы мәселелердің өзекті екенін айтып, сұрақтарын қойды. Жауапты меке­мелердің өкілдері Мәжіліс депу­тат­тарының сауалдарына жауап беріп, қосымша деректер келтірді.